Аймақтар • 08 Сәуір, 2019

Электронды билет алып, Египетке барады

915 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Атырауда жолақы төлеудің электронды жүйесі енгізілгелі көп уақыт өткен жоқ, соған қарамастан жаңа жүйені пайдаланушылар қатары артып келеді. Қалалық әкімдік пен «SMART-ЖКХ» ЖШС электронды төлем карталарын пайдаланушылар арасында ұтыс ойынын өткізді. Мақсат – жолаушылар тасымалындағы жаңашылдықты қолдау және насихаттау.

Электронды билет алып, Египетке барады

Аталған серіктестіктің басшысы Әділбек Таңқиев: «Осындай шаралар арқылы электронды билетті қолданудың артықшылықтарын көрсетуді ойладық. Бұл қанатқақты жоба қоғамдық көліктің экономикалық тиімділігін жоғарылатады және көрсетілетін қызметтердің сапасын қадағалауға мүмкіндік береді», - дейді.

«SmartQala» картасының иелері ұтыс ойынына қызығушылықпен қатысты. Тұрмыстық техникалармен қатар төлем  картасын толтыруға арналған сертификаттар ұтысқа шығарылды. Ал бас жүлде – Египет еліне жолдаманы қала тұрғыны Шынаргүл Смадиярова жеңіп алды.

Тұрғындарға мерекелік көңіл-күй сыйлаған шараға жергілікті өнерпаздармен бірге белгілі әнші Алтынай Жорабаева қатысты.

Аймақта смарт-картаның құны – 300 теңге. Облыс орталығындағы Авангард, Нұрсая, Балықшы ықшамаудандарына қатынайтын автобустар электронды билеттендіру жүйесіне енгізілген. Қала басшылығы болашақта бұл қатарды тағы да толықтырмақ ниетте.


АТЫРАУ