Аймақтар • 08 Сәуір, 2019

Жас сарбаздың рухына көкпар ұйымдастырылды

993 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Атырауда Шалқар Ақымғалиевтың рухына арналып көкпар ұйымдастырылды.

Жас сарбаздың рухына көкпар ұйымдастырылды

21 наурыз күні Жайық өзенінен секірген қызды құтқарамын деп өзі ажал құшқан атыраулық полиция сержанты 1 сәуірде 25 жасқа толатын еді. Өкінішке қарай, өр өзеннің асау ағыны өрімдей жасты құрсауынан шығармады. «Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғамбаевтың тапсырмасымен Шалқар өмірден өткен күннен бастап оның есімі мен ерлігін есте қалдыру шаралары полицияның барлық бөліністерінде жүзеге асып жатыр. Өңірлердегі полиция департаменттерінде жас сарбаздың батырлығына арналған тәрбие сағаттары өтуде» -деп хабарлады Министрліктің баспасөз қызметі.  Бейбіт күннің батыры, сондай-ақ, мемлекеттік наградаға ұсынылды.

Ал Атырауда «НұрАтырау Құрылыс» ЖШС жас сарбаздың рухына арнап көкпар жарысын өткізді. Арнайы алаңға киіз үйлер тігіліп, жиналған жамағат дұға оқыды. Шараға Шалқар Ақымғалиевтың анасы Ләззат Мәженқызы, әріптесі, қайғылы оқиға болған түні жанында болған Рүстембек Сүндүтов, ел азаматтары мен қала тұрғындары қатысты.

- Атырауда ұлттық спорт түрлері жақсы дамып келеді. Соның ішінде көкпарға қызығушылық танытатындар көп. Шалқардың рухына арналған жарысқа  30-дан астам шабандоз қатысты. Оның ерлігі ұмытылмайды,-дейді облыстық Ұлттық спорт түрлері федерациясының жетекшісі Асланбек Жанбалаев.