Спорт • 09 Сәуір, 2019

Бапкер Керей Қойшыбектің құрметіне арналған жарыс өтті

1004 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Самбодан ерлер мен әйелдер арасында және жауынгерлік самбодан Қазақстан чемпионаты өз мәресіне жетті. Айтулы жарыс даңқты бапкер Керей Қойшыбектің құрметіне арналды.

Бапкер Керей Қойшыбектің құрметіне арналған жарыс өтті

«Самбо күресінің академигі» атанған айтулы азамат табаны күректей 18 жыл бойы Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері болды. 1992-2010 жылдар аралығында біздің  жігіттер тек әлем чемпионаттарында ғана 10 алтын және 50-ге жуық күміс пен қола медальді олжалады. Ал одан бөлек, әлем кубогы, Азия біріншілігі және басқа да аса ірі халықаралық додалар бар. Бұл жарыстарда да Қойшыбектің шәкірттері оза шапты. Сонымен қатар, білікті бапкер еліміздің жастар құрамасын 10 жыл жаттықтырды. Осы  кезеңдердегі табыстардың барлығын тізбелейтін болсақ, отандық спортымыздың өркендеуіне Керағаңның сіңірген еңбегі орасан зор екеніне анық көз жеткіземіз.

Міне, осы абзал азаматтың құрметіне Семейде дүркірген жарыс өтті. Осы жарысты тамашалау үшін айтулы өңірдің басшылары мен осы спорт түрінің басы-қасында жүрген азаматтардан бастап, Керағаңның шәкірттері көптеп келді. 

Сонымен қатар, Керей Қойшыбектің Семейдегі шәкірттері абсолюттік салмақта белдесу ұйымдастырып, түйе балуанды анықты. Бұл тартыста жергілікті апайтөс Руслан Жарқынбаев жеңімпаз атанды. Ақтық айқаста ол қызылордалық Ғалымжан Әбдірахмановтан айласын асырды. Ал қола медальді Шымкенттен келген спортшы Нұрболат Майлыбаев иеленді.