Аймақтар • 09 Сәуір, 2019

Шуақты өлкенің шаттығы

1068 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Дина Нұрпейісова атындағы академиялық қазақ халық аспаптар оркестрі РФ Омбы қаласына өнер сапарымен барды. ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан-Ресей стратегиялық әріптестігін қалыптастыру, өңіраралық ынтымақтастықты нығайту мақсатындағы тапсырмасына орай «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалалары аясында Жайық жағасынан бастау алған өнер керуені қазақ тарихында айрықша орын алатын Омбы шаһарына сапар шекті.

Шуақты өлкенің шаттығы

Атырау облысының әкімдігі, облыстық Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының  қолдауымен «Мөлдір» қазақ мәдени сібір орталығы» қоғамдық ұйымының шақыртуымен барған өнер ұжымы Омбыдағы алғашқы күнін қаланың тарихи жерлерімен танысудан бастады. Омбы филармониясының концерттік залында өткен «Шуақты өлкенің шаттығы» атты оркестрдің кешіне көрермен көп жиналды.

-Атырау-батырлар мен ақындардың елі, күй Отаны. Ежелден өнер дарып, құт қонған қасиетті өлкенің мәдени мұрасы бүгін де бәсін төмендеткен жоқ. Дина оркестрін Омбы жұрты кең пейілмен қарсылады. Концерттік бағдарламаны тамашалаған көрерменнің шынайы қошеметін сезініп, шабыттанып қайттық. «Мөлдір» қазақ мәдени сібір орталығының» осындай шараларға ұйытқы болып, екі ел арасындағы достық пен татулықтың нығаюына үлес қосып жүргендері қуантады, - дейді оркестр басшысы Сағынтай Көпжасаров.

Күй атасы Құрманғазының «Серперімен» басталған өнер кешінде академиялық оркестрдің орындауында қазақ және шетел композиторларының шығармалары сахнаның сәнін келтірді. Жеке орындаушылар Қайрат Кәкімов, Сардарбек Әбілов, Азамат Жұмағалиев, Болат Долдашев, Айбек Сапанов, Индира Түсіпқалиева, Бақытбек Сәрсенов, Берік Амантаев, Аманжан Басығараев, қобызшы Ақнар Шәріпбаевалардың өнерлері көрерменді тәнті етті.

60 жылдан астам тарихы бар өнер ұжымы әлемнің бірнеше мемлекеттерінде өнер сапарымен болып, қазақтың дәстүрлі әні мен күйін насихаттап жүр.

-Домбыра – қазақтың жаны. Дәстүрлі ән мен күй – халықтың бекзат болмысы. Дина Нұрпейісова атындағы академиялық қазақ халық аспаптар оркестрі осы ұлттық құндылықтарды дәріптеу мақсатында еңбек етуді қасиетті парызы санайды,- дейді Сағынтай Көпжасаров.

Дина оркестрінің концертін тамашалаған көрермен Бақыт Мұхажанова: «Бүгін өзім үшін жаңа кеңістік ашып тұрмын, - деп әсерімен бөлісті. –Академиялық оркестрдің өнері керемет көңіл-күй сыйлады. Шекарадан шет жерде жүрген бізге қазақтың дәстүрлі әні мен күйі сағынышымызды басатын, жүрегімізді қозғайтын қасиетімен ерекше».

Осы шараның өтуіне ұйытқы болған «Мөлдір» қазақ мәдени сібір орталығының» жетекшісі Алтынай Жүнісованың айтуынша, бүгінде Омбы қаласында 100 мыңнан астам қазақ тұрады. Ресейдегі отандастардың ата салтын ардақтап, ұлттық құндылықтарды ұлықтауы бағытында «Мөлдір» қоғамдық ұйымы 30 жылға жуық уақыт еңбектеніп келеді. Орталық құрамында  «Мөлдір» фольклорлық-этнографиялық ансамблі мен «Әйгерім» би ұжымы бар. Атыраудан арнайы барған ұжымды ыстық ықыласпен қарсылаған мәдени орталық дәстүрлі өнерді дәріптеудің жарқын үлгісін көрсетті.