Аймақтар • 10 Сәуір, 2019

Өткен жылы 90 сыбайлас жемқорлық тәуекелінің беті қайтарылған

973 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бұл туралы халықты әлеуметтік қорғау саласындағы жемқорлық тәуекелдерінің қорытындысы бойынша өткен брифингте айтылды. Өткен жылы 41 сыртқы талдау жүргізілген, одан 487 тәуекелдер анықталып, олардың алдын алу және жою үшін мемлекеттік органдар мен ұйымдарға 157 ұсыныс жасалған.

Өткен жылы 90 сыбайлас жемқорлық тәуекелінің беті қайтарылған

Қостанай облысы бойынша Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу басқармасының басшысы Рүстем Болаттың айтуынша, әлеуметтік сала азаматтардың құқығын қорғаудағы маңызды бағыттардың бірі болғандықтан сыбайлас жемқорлыққа шалдыққыш келеді.

«Мысалы, мүгедектікті немесе еңбекке жарамсыздықты анықтау және бекіту мемлекеттік қызметі, еңбек, әлеуметтік қорғау және қоныс аудару  секілді жұмыстарда стандарттар мен салалық ережелермен «беттестіру» әдісімен куәландіру қарастырылған. Осындай тікелей байланыс арқылы шағымданушыларға «орнында келісу» мүмкіншілігін туғызады және халықтың әлжуаз тобына басымдық көрсету әсері де болуы ықтимал. Бұл жағдайда мемлекеттік органдар қызметі  туралы азаматтардың нашар пікірін қалыптастырады» дейді Рүстем Болат.

Бұл салада 34 мемлекеттік қызмет түрі көрсетіледі. Жалпы талдау екі бағытта жүргізіледі. Алдымен құқықтық актілердегі дискрециялық нормаларды анықтау және екіншісі басқарушы қызметтегі сыбайлас жемқорлық факторлары бойынша нормативтік және ұйымдастыру болып табылады. Осы талданған жұмыстар бойынша 90-ға жуық сыбайлас жемқорлық тәуекелдері анықталып, оларды жоюға бағытталған 36 ұсыныс енгізілді.

Ал облыс бойынша өткен жылы барлық салада сыбайлас жемқорлығы үшін 46 адамның ісі сотқа беріліп, жазаланған. Бұл бұрғаны жылға қарағанда 16,4 процентке аз. Олардың 25-і орталық мемлекеттік органдардан, жергілікті атқару органдарынан 5 адам, басқа мемлекеттік құрылымдардан – 11 және басқалар –5 адам.