Саясат • 10 Сәуір, 2019

Саяси науқан жауапкершілікті талап етеді

1592 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Кезектен тыс сайлау туралы шешім қабылдау, Президент айтқандай, өте маңызды әрі қажет қадам. Саяси науқанды жауапкершілікпен өткізу жайы Атыраудағы партия филиалдары мен қоғамдық ұйым өкілдерінің басқосуында айтылды.

Саяси науқан жауапкершілікті талап етеді

«Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрлыбек Ожаев: «Бұл маңызды шара партиялардың саяси белсенділігін талап етеді. Әр партия жоспарлы түрде өздерінің конференциялары мен съездерін өткізеді, сондай-ақ, сайлауды ұйымдастыру, үміткерлерді ұсыну, тіркеу секілді жекелеген кезеңдер бар. Сайлаушыларға дауыс беруге толық жағдай жасалуы керек» деді.

Қазақстанның Коммунистік халықтық партиясы облыстық филиалының бірінші хатшысы Ерболат Дәулетқазиев 26 сәуірде партия съезі болатынынан хабардар етті. «Қазіргі уақытта еліміздегі ұлттар мен ұлыс өкілдері бір атаның баласындай тату-тәтті өмір сүріп, берекелі тұрмыс құрып отыр. Осының барлығы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың дана басшылығы, көреген саясаты мен стратегиясының арқасында жүзеге асып келді. Бірінші Президентіміздің осы игі істерін одан әрі жалғастырып отырған  Қасым-Жомарт Кемелұлының таяу арада Президент сайлауын өткізуге шешім қабылдауы қазіргі таңдағы кезек күттірмес қадам болғанын түсініп отырмыз. Яғни, ең маңыздысы – еліміздегі саяси және әлеуметтік тұрақтылықты сақтап қалу»,-деді Е.Дәулетқазиев.

Жиынға «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының облыстағы филиалы төрағасының орынбасары Өркен Қапанов, Атырау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының басшысы Гүлмира Шәкірова, «Атырау облыстық Кәсіподақтар орталығы» аумақтық бірлестігі төрағасы Ізтұрған Баймұханов пен облыстық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Қатимолла Ризуанов қатысып, ой-пікірлерін айтты.