Қос мерейтойға қабат келген, яғни Еуразиялық бастамамен бірге Еуразиялық экономикалық одақтың құрылуының бес жылдығына орайластырылған жиында Елбасы Н.Назарбаевтың және Ресей Президенті В.Путиннің құттықтауы жарияланды. Құттықтауларды Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Дархан Кәлетаев пен Ресей Федерациясы Президенті Басқармасының Шетелдермен аймақаралық және мәдени байланыстар жөніндегі бастығы Владимир Чернов оқып берді.
Құттықтау хатта Елбасы: «Мен 1994 жылы Мәскеу мемлекеттік университетінің қабырғасында алғаш рет интеграциялық жобаны құру идеясын жария еттім. Сол сәтте мұндай бірлестікті қуатты экономикалық одақ ретінде таныдым, ол экономиканың дамуы үшін тұрақты жағдай жасауға және азаматтардың әл-ауқаты үшін жаңа мүмкіндіктер жасауға ықпал етеді. Бүгін бұл идея шындыққа айналды. Биыл Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа қол қойылған сәттен бастап бес жыл және Еуразиялық интеграция идеясына 25 жыл», деп атап өткен. Сондай-ақ Н.Назарбаев жақын болашақта ЕАЭО-ны әлемдік экономикалық жүйеде Еуропа мен өсіп келе жатқан Азия арасындағы сенімді көпір ретінде көретінін жеткізген. Оның айтуынша, экономикалық интеграция бойынша күш-жігер әртараптандыру мен экономиканы өсудің, бәсекеге қабілеттілікті нығайтудың, бизнес-ахуалды жақсартудың және біздің мемлекеттеріміздің инвестициялық тартымдылығын арттырудың негізгі көзіне айналуға қабілетті. Құттықтау хаттағы сөзінің соңын Елбасы: «Конференция барысында әзірленген ұсыныстар мен бастамалар біздің мемлекеттер арасындағы диалогты дамыту игілігіне қызмет ететініне сенімдімін», деп конференция қатысушыларына табыс тілеген.
Конференция үш сессиядан тұрды. «Нұрсұлтан Назарбаевтың еуразиялық бастамасы: идеялар және іске асыру жолдары» атты алғашқы сессияда екі елдің ынтымақтастығын арттыру бағытындағы сәлемдемелер мен құттықтаулар жолданды. Жоғарыда аталған құттықтауларды екі елдің лауазымды тұлғалары, университет өкілдері, жауапты ведомство басшылары жалғады. Ал «Еуразиялық экономикалық одақ: XXI ғасырдың сын-қатерлері, тиімділік факторлары және халықаралық мәртебені арттыру» атты панельдік сессиясында қос мемлекет сарапшылары баяндама жасады. Айталық, «Астана» халықаралық ғылыми кешені Еуропалық және американдық зерттеулер орталығының басшысы Мұрат Лаумулин ЕАЭО аясында еуразиялық интеграцияның қайшылықтары мен мүмкіндіктері тақырыбын тарқатса, Ресей Сыртқы істер министрлігі мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының проректоры Евгений Кожокин Еуразиялық бастаманың өткені, бүгіні мен болашағын баяндады.
Аталған панелдік сессиялардың аясында қатысушылар ХХІ ғасырдың сын-қатерлері алдында ЕАЭО-ның тиімділігі мен халықаралық мәртебесін арттыру, халықаралық кеңістіктің заманауи жүйесіндегі Үлкен Еуразияның рөлі, Еуразиялық кеңістіктегі экономикалық интеграцияның перспективалық бағыттары сынды мәселелер бойынша пікір алмасты.
Сонымен қатар конференция барысында Ресей Федерациясы Қоғамдық палатасы мен Қазақстан Азаматтық альянсы арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға салтанатты қол қою рәсімі болып өтті.
Айта кетейік, Еуразиялық экономикалық одақ, Қазақстан мен Ресей парламенттері, президенттер әкімшіліктері, сыртқы саясат ведомстволарының басшылары, Қазақстан астанасында орналасқан шетел дипломатиялық миссияларының басшылары, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің жетекші сарапшылары мен қоғам қайраткерлерін қосқанда шараға 300-ге жуық адам қатысты.