Саясат • 12 Сәуір, 2019

Еуразиялық интеграция бастамасына – 25 жыл

1560 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Еуразиялық интеграция бастамасына 25 жыл толуына орай халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Ауқымды шараны Тұңғыш Президент – Елбасы Қоры және Елбасы Кітапханасы, М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетімен бірлесіп ұйымдастырды. Айта кету керек, ұйымдастырушыларға Қазақстан мен Ресей президенттерінің әкімшіліктері, екі елдің Сыртқы істер министрліктері, еліміздің Мәдениет және спорт министрлігі мен елорда әкімдігі қолдау көрсеткен.

Еуразиялық интеграция бастамасына – 25 жыл

Қос мерейтойға қабат келген, яғни Еуразиялық бастамамен бірге Еуразиялық экономикалық одақтың құрылуының бес жылдығына орайластырылған жиында Елбасы Н.Назарбаевтың және Ресей Президенті В.Путиннің құттықтауы жарияланды. Құттықтауларды Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Дархан Кәлетаев пен Ресей Федерациясы Президенті Басқармасының Шетелдер­мен аймақаралық және мәдени байланыстар жөніндегі бастығы Владимир Чернов оқып берді. 

Құттықтау хатта Елбасы: «Мен 1994 жылы Мәскеу мемлекеттік универ­ситетінің қабырғасында алғаш рет ин­те­грациялық жобаны құру идеясын жа­рия еттім. Сол сәтте мұндай бір­­­­лес­­­тік­ті қуатты экономикалық одақ ре­­­тінде таныдым, ол экономиканың дамуы үшін тұрақты жағдай жасауға және азаматтардың әл-ауқаты үшін жаңа мүмкіндіктер жасауға ықпал ете­ді. Бүгін бұл идея шындыққа айналды. Биыл Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа қол қойылған сәт­тен бастап бес жыл және Еуразиялық ин­­теграция идеясына 25 жыл», деп атап өткен. Сондай-ақ Н.Назарбаев жа­қын болашақта ЕАЭО-ны әлемдік экономикалық жүйеде Еуропа мен өсіп келе жатқан Азия арасындағы сенімді көпір ретінде көретінін жеткізген. Оның айтуынша, экономикалық интеграция бо­йынша күш-жігер әртараптандыру мен экономиканы өсудің, бәсекеге қа­білеттілікті нығайтудың, бизнес-ахуал­ды жақсартудың және біздің мем­лекеттеріміздің инвестициялық тар­тым­дылығын арттырудың негізгі көзіне айналуға қабілетті. Құттықтау хаттағы сөзінің соңын Елбасы: «Конфе­ренция барысында әзірленген ұсыныстар мен бастамалар біздің мемлекеттер арасындағы диалогты дамыту игілігіне қызмет ететініне сенімдімін», деп конференция қатысушыларына табыс тілеген.

Ал В.Путин құттықтау сөзінде Еуразиялық кеңістік елдері өткен ға­­­­­­сырдың ширегінде тең құқықты мем­лекеттерді біріктіру идеясынан табысты әрекет ететін экономикалық одаққа жол тартқанын тілге тиек еткен. «Еуразиялық интеграция жобасы өзінің тиімділігін толығымен дәлелдеді. Шекаралық және өңіраралық ынтымақтастықты қарқынды дамыту, сондай-ақ түрлі салалардағы жобаларды бірлесіп дамыту жалғасын тауып келеді. Бұдан бөлек, Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі интеграциялық процестер Ресей мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастар мен одақтастықты нығайтуға қосымша мүмкіндік береді», делінген Ресей Президентінің құттықтау хатында.

Конференция үш сессиядан тұрды. «Нұрсұлтан Назарбаевтың еуразиялық бастамасы: идеялар және іске асыру жолдары» атты алғашқы сессияда екі елдің ынтымақтастығын арттыру бағытындағы сәлемдемелер мен құт­тықтаулар жолданды. Жоғарыда атал­ған құттықтауларды екі елдің лауазымды тұлғалары, университет өкілдері, жауапты ведомство басшы­лары жалғады. Ал «Еуразиялық экономикалық одақ: XXI ғасырдың сын-қатерлері, тиімділік факторлары және халықаралық мәртебені арттыру» атты панельдік сессиясында қос мемлекет сарапшылары баяндама жасады. Айталық, «Астана» халықаралық ғылыми кешені Еуропалық және американдық зерттеулер орталығының басшысы Мұрат Лаумулин ЕАЭО аясында еуразиялық интеграцияның қай­шылықтары мен мүмкіндіктері тақы­рыбын тарқатса, Ресей Сыртқы істер ми­нистрлігі мем­­лекеттік халықаралық қат­ынастар инс­титутының проректоры Евгений Кожокин Еуразиялық бас­тама­ның өткені, бүгіні мен болашағын баяндады. 

Аталған панелдік сессиялардың ая­сында қатысушылар ХХІ ғасырдың сын-қатерлері алдында ЕАЭО-ның тиім­ділігі мен халықаралық мәртебесін арт­тыру, халықаралық кеңістіктің заманауи­ жүйесіндегі Үлкен Еуразияның рөлі, Еуразиялық кеңістіктегі экономикалық ин­теграцияның перспективалық бағыт­тары сынды мәселелер бойынша пікір алмасты. 

Сонымен қатар конференция барысында Ресей Федерациясы Қоғамдық палатасы мен Қазақстан Азаматтық альянсы арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға салтанатты қол қою рәсімі болып өтті.

Айта кетейік, Еуразиялық эконо­­ми­калық одақ, Қазақстан мен Ре­сей парламенттері, президенттер әкім­шіліктері, сыртқы саясат ведом­ство­ларының басшылары, Қазақстан аста­насында орналасқан шетел дипломатия­лық миссияларының басшылары, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің жетекші сарапшылары мен қоғам қайраткерлерін қосқанда шараға 300-ге жуық адам қатысты.