Аймақтар • 12 Сәуір, 2019

Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы диагнозы расталмады

1207 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері Айна Мұхамбетова Жанақорған ауданы, Екпінді ауылында Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруы бойынша алғашқы күдікті науқас тіркелгендігін, оған зертханалық сараптама жүргізілгенін айтты.

Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы диагнозы расталмады

Қазіргі уақытта Жаңақорған ауданының тұрғыны облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылған. Науқасқа Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы бойынша жүргізілген зертханалық сараптама теріс нәтиже берді. Оған алдын ала қойылған диагноз алынып тасталды.

«Қазіргі таңда науқастың жағдайы орташа, емін алып жатыр. Егер де науқастан ықтималдық жағдай болса, 3 рет сараптама алынады. Егер үш сараптаманың екеуі теріс нәтиже берсе, онда біз КҚГҚ-ға күдіктіні алып тастаймыз. Бұл жағдайда науқаста сараптаманың алғашқы екі нәтижесі теріс нәтиже берді. Қазір науқасқа ЖРВИ мен 3 дәрежелі темір тапшылығы анемиясы диагнозы қойылды. Егер үшінші талдау теріс нәтиже берсе, онда науқас 6 ай бойы бақылауға алынады»,-деді А. Мұхамбетова.

Облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымова биылғы жылы ауа райы қолайлы болғандықтан кенелердің ерте белсенділігі тіркелгендігін айтады.

«2019 жылға көктемгі эпидмаусымда ауа-райының қолайлылығына байланысты кенелердің белсенділігінің артуы байқалуда. Облыс бойынша 13-ші аптада тұрғындар арасында 33 адам (2018 жылы 14 жағдай) кене шағумен медициналық көмекке жүгініп, кене шағу саны өткен жылмен салыстырғанда 2,3 есеге артып отыр. Сонымен қатар есепті мерзімде облыс бойынша 6646 кене зертханалық зерттеуге жиналып, Шиелі, Жанақорған аудандарынан серопозитивті (КҚГҚ-ның вирусы бар) кенелер анықталды. Бұл көрсеткіштер облыс бойынша эпидемиологиялық ахуалдың күрделенгендігін көрсетуде», -дейді ол.

Өткен жылы жүргізілген зоопаразитологиялық барлау және зерттеу жұмыстарының нәтижесі бойынша 2019 жылға қолайсыз елді мекендер саны 127-ден 123-ке азайған екен. Оның ішінде КҚГҚ-нан қолайсыз 49 елді мекен сауықтырылып, жаңадан 45 елді мекен қолайсыз аймақтар қатарына есепке алынған. Облыста жыл сайын жергілікті және Республикалық эпидқордан қаражат бөлініп, кенеге қарсы дәрілеу жұмыстары жүргізіледі.