06 Наурыз, 2010

БІЛЕКТІ ҚЫЗДАР БӘСЕКЕСІ

745 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Осы жерде айта кететін нәрсе, Қазақстан әуесқой бокс феде­рация­сы­ның тізгінін Тимур Құлыбаев ұс­та­ғалы бері бокстан өтетін жа­рыстарға елімізде бұрынғыға қа­рағанда көп мән беріліп келеді. Еліміздің жастары елішілік тур­нир­лер мен жарыстарға, халықаралық бә­секелерге көптеп қатысып жатса, қыздар боксы өткен жылдарға қарағанда екінші тынысын алып, жаңа деңгейге шықты. Бұл жөнінде бізге чемпионат басталар алдында берген сұхбатында ұлттық феде­ра­­цияның әйелдер боксы және төрешілер корпусымен жұмыс жө­нін­дегі үйлестірушісі Берік Мыр­жықпаев та қадап айтқан болатын. Оның айтуынша, қазіргі күні елі­мізде боксты дамыту, соның ішінде әйелдер жарыстарын көптеп өткізуге федерация тарапынан барлық жағдай жасалуда. Мәселен, спорт мекемесінің боксты жан-жақты дамытып, былғары қолғап иелері мен төрешілердің материал­дық жағдайын жақсартып, бокс зал­дарын салып, олардың заман талабына сай жабдықталуына баса назар аударылуда. Осы орайда Берік Мыржықпаевтың сөзімен толық келісуге болатынын ескерт­кі­міз келеді. Бүгінде Бейжің Олим­пиадасынан кейін отандық боксты дамытуға барлық жағдай­дың жасалып жатқанын әйелдер және қыздар арасындағы ұлттық құра­ма­ның түрлі бәсірелі бәсекелерге қатысып, қатарына жаңа талант­тарды жинап отырғанынан да көруге болады. Жақында сыр елінде аяқталған ел чемпионаты осы жағын көзі қарақты жан­кү­йер­лерге тағы көрсетіп берді. Мұндағы болған биылғы біріншіліктің ерек­шелігі, чемпионатқа қатысушылар са­ны жылдағыдан екі есе көп болса, екіншіден, ол ұлттық құрама са­пына іріктеу үшін өткі­зіл­ген­діктен сыр елінде төрт күн бойы керілген шаршы алаңға кілең мықтылардың бәрі шықты. Тағы бір атап өтетін нәрсе, ұлттық феде­ра­цияның жарыстарды төре­шіл­ер­дің әділдік танытуы үшін жағдай жасап жатқанына байланысты біріншілікке тек іріктеуден өткен әділқазылар ғана төрешілік жасады. Енді чемпионатта күш сы­нас­қан боксшылар мен оның қо­ры­тын­дысына келер болсақ, осы жолғы бәсекеде өз салмақ дәре­же­ле­рінде теңдессіз саналып жүрген мына қыздардың бәрі чемпион атанды. Олар – Назым Қызайбай ( 46 кг.), Гүлжан Әкімова (54 кг., екеуі де Алматы қаласынан), Ок­сана Королева (57 кг., Қарағанды облысы), Гүлжайна Өб­ния­зова (60 кг., Ақтөбе облысы), Саида Хасенова (64 кг. Алматы қаласы), Дариға Шәкімова (75 кг., СҚО), Жанна Ибаділова (81 кг., Алматы қаласы), 81 килодан жоғары салмақта Солтүстік Қазақстан об­лы­сының өкілі Ләззат Күнгейбаева. Сонымен бірге, мұнда әлем чем­пио­наттарының екі қола медалін жеңіп алған астаналық 48 кило салмақтағы Назым Боранбаева мен Елена Кольцова ( 69 кг., Қостанай облысы) алтыннан алқа тағынды. Ел чемпионатынан кейін ұлттық құраманың аға бапкері Вадим Прися­жнюктің берген мәліметт­е­ріне қарағанда, жоғарыда аталған боксшылардың бәрі құрама сапына алынып, осы жылдың мамыр айын­да Астанада әйелдер арасында тұңғыш рет өтетін Азия чемпио­на­тына қатысатын болады. Одан кейін олар Барбадоста жалауын көтеретін әлем чемпионатына ірік­те­лінеді. Осы бәсекеде Лондон Олим­пиадасына берілетін алғашқы жолдамалар сарапқа салынады. Сонымен бірге биылғы күзде әйелдер боксы Олимпиада секілді Азия ойындарының бағдар­ла­ма­сы­на енгендіктен ұлттық құрама Қы­тай­дың Гуанчжоу қаласында өтетін ой­ындарға жолдама беретін жа­рыстарға қатысады. Дастан КЕНЖАЛИН.