Әлемдік тур санатына жататын айтулы жарыста «Астананың» сапында Жандос Бижігітов, Даниил Фоминых, Евгений Гидич, Артем Захаров, Юрий Натаров, Дмитрий Груздев және Мерхави Кудус сынды сайыпқырандар өнер көрсетеді.
«Түркияның Президент туры» 1965 жылдан бері үздіксіз ұйымдастырылып келеді. Әр жылдары бұл турнирді жергілікті спортшылар Рифат Қалискан, Эрдик Доған, Әли Құрылмаз, Мерт Мутлу және ирандық Гхадер Мизбани екі реттен ұтты. Бас жүлдені олжалағандар қатарында Қазақстанның да велошабандоздары бар. Атап айтсақ, 1995 жылы Андрей Кивилев, 2000 жылы Сергей Лавреиненко және 2012 жылы Александр Дьяченко дара шықты. Тағы бірнеше жерлесіміз жүлдегерлер санатынан көрінді. Ал былтырғы жарыс испаниялық Эдуард Прадестің жеңісімен аяқталса, екінші орынды «Астананың» серкесі Андрей Луценко иеленген болатын.