Руханият • 13 Сәуір, 2019

Белгілі журналист Бекболат Әдетов дүниеден озды

1697 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақ журналистикасының ардақты ақсақалы, «Егемен Қазақстан» газетінің ардагері, талай буынды тәрбиелеп шығарған қарымды қаламгер, жампоз журналист Бекболат Әдетов бүгін дүниеден озды.

Белгілі журналист Бекболат Әдетов дүниеден озды

Бекболат ағамыздың әдебиетке, жазу-сызуға есін білген кезінен бастап әуес болғаны құпия емес. Осы құштарлық оны Алматыдағы қазақтың маңдайына біткен сол кездегі жалғыз университетіне алып келді. Ол – ҚазГУ-дiң журналистика факультетін бітірген соң Алматы облыстық «Жетісу», Торғай облыстық «Торғай таңы» (қазіргі Қостанай облысы), республикалық «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газеттерінде жемісті қызмет атқара жүріп, ел өміріндегі көкейкесті мәселелерді, өзекжарды жайттарды өз уақытында көтере білген шебер тілді журналист.

Сондай-ақ Бекболат Әдетов – толайым публицистикалық туындыларынан бөлек, «Бәйшешек», «Алтынай», «Жердегі жұлдыздар», «Іңкәр көңіл» атты көркем шығармалардан тұратын төрт кітаптың авторы, 8 романды қазақ тілінде сөйлеткен тамаша аудармашы.

Журналист-жазушы Бекболат Әдетов «Егемен Қазақстан» газеті ұжымындағы ең беделді де белсенді қызметкер болды. Ол адал да қажырлы еңбегі мен көл-көсір білімінің арқасында әріптестерінің арасында құрметке бөленген-ді. Қазақстанның Құрметті журналисі Б.Әдетов Алматы облысы, Талғар ауданының құрметті азаматы атанды. 

Былтыр сексеннің сеңгіріне шыққан Бекболат ағамыздың ел газетінің тариxында алар орны ерекше еді. 

Жаны жайсаң, болмысы бөлек, парасатты, сабырлы, салиқалы, қашанда жастарға қамқор болып жүретін ақжүрек Ағамыздың иманы жолдас болып, жаны жаннаттың төрінде шалқысын.

Туған-туыстарына, жақындары мен шәкірттеріне қайғырып көңіл айтамыз.