Әлем • 15 Сәуір, 2019

Ливия азамат соғысының алдында тұр

1614 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Африканың солтүстігіндегі жағдай тыныш емес. Ливияда кезекті қан-жоса қырғын басталып жатыр. Бір тарапта Триполидағы Ұлттық келісім үкіметі тұр. Оны БҰҰ, Батыс елдері мойындаған. Екін­ші жақта елдің шығысын басқарып отырған Парламент пен армия басшысы Халифа Хафтар. Жалпы 2011 жылы Ливияны 42 жыл басқарған Муаммар Каддафи режімі құлаған соң бұл елде толық тыныштық орнаған жоқ. Алайда, жаңа азамат соғысына не түрткі болды?

Ливия азамат соғысының алдында тұр

Бұған дейін екі жақ та талай рет келісімге келуге тырысқан. Тіп­­ті Францияда, басқа елдерде кез­десіп, келіссөз жүргізген. Бі­­рақ екі қошқардың басы бір қазан­ға сыймайды екен. Ливияны бір орталықтан, бір үкіметтен бас­қаруға бір-бірін көндіре алмады. Сөйтіп сәуірдің басында Ли­вияның шығысын, мұнайлы аудандарын басқарып отырған фельдмаршал Хафтар ел астанасы Триполиды алуға бел шеше кірісті. Ал сол Триполи қа­­­­ласында жай­ғасқан үкіметтің бас­шысы Файез әл-Саррадж да қа­рап қал­ған жоқ. Қолындағы бар ре­сурс­тарды біріктіріп, бас көтерген фельд­мар­­­шалға қарсы қоймақ. Рес­ми армия Хафтардың иелігінде болса да, оған бағынғысы келмейтін жер­гілікті бербер тайпалары, дала ко­мандирлері жеткілікті екен.

Сіз кімсіз, Хафтар мырза? Өзі онсыз да басы бірікпей, бірне­ше аймаққа бөлініп, ДАИШ терро­рист­ерімен күрес енді аяқталғанда, бүлік шығарған Халифа Хафтар деген кім? Ол кезінде Муаммар Кад­дафидің жақын серігі еді. 1987 жылы Ливия мен Чад соғысқанда, қол бастаған Хафтар тұтқынға тү­седі. Сәтсіздікке ұшыраған офи­церден Каддафи бас тартады. Бас­шы­сының бұл қылығына ашуланып, Хафтар оппозиция тарапына өтіп кетеді. Алайда, Каддафиге қар­сы төңкеріс те, қарсылық та сәт­сіз бол­ған соң АҚШ-қа көшеді. Ал 2011 жылы Каддафидің басына қа­ра бұлт үйірілгенде, Ливияда көте­рі­ліске шыққан жұртқа басшы болады. Бұл енді Францияның қолдан жасаған жоспары дейді.

Каддафи көз жұмып, елі талан-таражға түскенде, Халифа Хафтар саяси аренадан көрінбей кетеді. Де­­­генмен көп өтпей билікке исламшыл саяси топ келгеніне көңілі тол­май, жұртты жаңа үкіметке қарсы шығуға шақырады. Оның халық арасында беделін көтерген «Ливия мақтанышы» әскери операциясы еді. Оның мақсаты – діни радикал топтарға қарсы күрес болатын. Себебі жаппай тәртіпсіздікті пайдаланып, Ливияда ДАИШ және бас­қа да топтар кең етек жай­ды.­ Осы уақыт ішінде Бенгази на­­ғыз қиранды қалаға айналды. Бірақ хаостан шаршаған азаматтар сол кездегі генералдың ісін қол­дады. Ол радикалдардан мұнай ке­ніш­терін тартып алып, жеңіске жетті. Осы жеңісі үшін 2016 жылы Хафтарды қолдайтын Парламент Ливияда алғаш рет оған фельдмаршал атағын берді. Кезінде бұл елді 42 жыл басқарған Каддафи полковник шенімен шектелген еді.

Хафтар құтқарушы ма, әлде жоюшы ма? Ливияның бір бөлігінде қарудың күшімен тәртіп орнатқан осы кісіні кейбір азаматтар елді құт­қарушы, қазіргі тәртіпсіздікті тыя­тын қолы жуан жалғыз адам деп есеп­тейді. Ал оның қарсыластары Ха­лифа Хафтар билікке келсе, екінші Каддафи атанатын нағыз авторитар санайды. Қазірдің өзін­де фельдмаршал ел астанасы Три­полидың маңындағы Гарьян қала­сын қарсылықсыз басып алды, бас әуежайды шабуылдады. Осы қақ­тығыстан 60-қа жуық кісі көз жұмған. Соғыстан аман қалу үшін 2800 азамат Триполи қаласын тас­тап шықты. Бұл азаматтық соғысқа араласпау үшін АҚШ-тың әскері ел­ден кете бастады. Үндістан да өзінің бітімгерлік күштерін Ту­­нис­ке көшірді. Шетелдік ар­мия­лардың бұлайша Ливиядан басын ала қашуы ертең нағыз қан-жоса соғысқа жағ­­­дай жасауы мүм­кін. Оны өзге Аф­рика елдерінің тә­жірибесі сан рет дәлелдеді.

Бір елдегі қос билік. Сонымен бүгін Ливияда қос үкімет орнады. Файез әл-Саррадж басқаратын Триполидағы үкіметті Түркия, Қа­тар және Батыс елдері қолдайды. Ал оған қарсы күресіп жатқан Ха­лифа Хафтарға Сауд Арабиясы, Мы­сыр, Араб әмірліктері дем бе­ріп отыр. Ресей қос тараппен де жақсы. Халифа Хафтар жас ке­зінде Ливияның атынан келіп, Мәс­кеуде әскери білім алған, орыс тілін меңгерген. Енді фельдмаршал­ды қару-жарақпен, кәсіби сарбаздармен қамтамасыз етіп отырған сияқты. Мәскеу Хафтарды қол­дау үшін Вагнер деп аталатын­ жеке әскери компанияның 300 жа­­уын­­­герін жіберді деген ақпарат бар.­ Яғни, Ресей барлық мүмкіндікті қол­­дан­­ғысы келеді. Мәселен, ертең ал­да-жалда Хафтар билікке келе қал­са, Ливиядағы террористер, бос­қын­дар арқылы Еуропаға ықпал жасауы мүмкін. Сол үшін Ресейдің Қор­ға­ныс министрі Сергей Шойгу фельд­маршалмен бірнеше рет кездесіп үлгеріпті.

Триполи – соңғы нысана. Ендігі негізгі күрес Ливия астанасы Три­поли үшін жүрмек. Бірақ бұл тек­тетірес мыңдаған адам өмірін жалмап кететін қырғынға айналуы мүм­кін. Көпшілік елдер осыған алаңдап отыр. Екінші жағынан, Халифа Хафтардың қазіргі жағдайы жақсы. Ол мұнайлы аудандарды иемденіп, әскер ұстап отыр. Дегенмен, Три­поли түбінде жеңілсе, оның саяси, әскери хәлі тым нашарлап кетуі де ғажап емес. Оған қоса, Хафтарға бағынғысы келмейтін, соғыстан шаршаған қатардағы жұрт та, дала командирлерді де жетерлік. Яғни, әскербасы дәл қазір үлкен тәуекелге бел буып отыр.

Сөз соңында. Ұлттық армияның басшысы Хафтармен таныс дипломаттар ол өзін араб әлемінің, Ливияның құтқарушысы санайды дейді. Ол солай ма, әлде керісінше Ливияның түбіне жететін тұлға ма, әзірге белгісіз. Бірақ фельдмаршал астанаға жорығын Ливиядағы биылғы сайлау және елдегі жағ­дайды реттеуге арналған ұлттық кон­ференцияның алдында бастады. Бас­қаша айтқанда, Хафтар дипломатия, келіссөзден гөрі қарудың кү­шіне көбірек сенеді. Егер басқа мемлекеттердің жүрген жолына қарасақ, әсіресе, Африка, Латын Аме­рикасындағы, осындай санадағы офи­церлердің кесірінен мыңдаған жан азаматтық соғыстарда мерт болған. Кейбір елдер адамзат тарихынан сабақ алмайтын сияқты.