Он жылдан бері әлемде кең тарап келе жатқан «PechaKucha» алғаш рет Токиода 2003 жылы ұйымдастырылған. Кейін Сан-Франциско, Амстердам, Мельбурнде жалғасын тапқан. Лондонда өткен «PechaKucha»-ға екі мың адам қатысқан. Ал елімізде аталған форматтағы басқосу 4 жылдан бері өткізіліп келеді екен. Осы уақытта өзінің белгілі бір аудиториясын да қалыптастырып үлгеріпті.
Министрлік қолдаған осы жолғы шараға 100-ге жуық тыңдаушы келді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, әдетте 400-500 адамнан жиналады, тіпті кей кездері бір кино залы толатын көрінеді. Осы жолғы аз жиналуының себебін олар келушілердің үнемі өтіп отыратын күніне үйреніп қалуымен түсіндірді. Қазақстан кәсіподақтар федерациясы оқу орталығының директоры, бас қаладағы «PechaKucha»-ның ұйымдастырушысы Нұрлан Досым бұл жиынды ұйымдастыруда 20 санының айрықша мәні бар екенін жеткізді. Мәселен, елордадағы «PechaKucha» әр айдың 20-да 20 сағат 20 минутта басталады. «Жапондар үшін 20 секунд алтын уақыт секілді. Өйткені олар осы уақыт ішінде бір есепті шығарып, ол біткенде жылдам келесісіне өтіп отырады. «PechaKucha»-да да спикерге 20 слайдтан тұратын презентациясының әр парақшасын түсіндіруге небәрі 20 секунд беріледі. Одан кейін келесі бет ашылып кетеді», дейді ұйымдастырушы Н.Досым. Оның айтуынша, әр спикерге берілген уақыт шектеулі болғанымен, баяндамасы біткеннен кейін сұрақтарға жауап беріп, тыңдаушылармен еркін диалогқа түсе алады. «Біз бұл шараны тек адамдар үшін жасаймыз. Көңілді немесе демалатын жер іздеген жастар түнгі клубқа, болмаса құмар ойындарға бармай, ыстық кофе, түрлі тәттілерден дәм тата отырып осындай ойлы орта қалыптастырғанын қалаймыз. Барлығы – тыңдаушыларға тегін. Олар бос уақытын тиімді өткізсе, жетістікке жеткен жандардың ойын, жаңа идеяларын тыңдаса, бір-бірімен әңгімелесіп, сырласса, дос, идеялас, серіктес адам тапса деп ұйымдастырамыз», дейді Н.Досым.