Технология • 16 Сәуір, 2019

«ҚазАқпараттың» латын қарпімен хабар таратуы 2004 жылдан басталды

1178 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Сөз жоқ, латын әліпбиіне көшу – жай әліпбиді ауыстыра салу емес, ол біз үшін аса маңызды өркениетті шешім. Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында атап көрсетілгендей, «латыншаға көшудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі заманға технологиялық ортаның, коммуникацияның, сондай-ақ ХХІ ғасырдағы ғылыми және білім беру процесінің ерекшеліктеріне байланысты». Бұл шешім, сонымен бірге, қазақ тілінің өз ерекшелігіне сай дыбысталу жүйесін қалпына келтіру, табиғи таза қалпын сақтау, басы артық жат әріптерден арылу, тіліміздің үндестігіне сай дұрыс емле жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Қазақ тілінің халықаралық білім мен ақпарат кеңістігіне кірігуіне, түбі бір түрік дүниесімен рухани, мәдени, ғылыми, экономикалық қарым-қатынасты кеңейтуге жол ашады...

«ҚазАқпараттың» латын қарпімен хабар таратуы 2004 жылдан басталды
Өткен ғасырдың тоқ­­­­са­нын­шы жылдарының басынан мем­лекеттік тілдегі ақпарат құ­­рал­дары белсене қозғаған ма­­­ңыз­­ды тақырыптардың бі­рі – бүгіндері Елбасы Н.Назар­­­баев­­тың арнайы Жарлы­ғы­мен мақсатты түрде жүзеге аса бас­таған «қазақ тілі әліпбиін латын гра­фикасына ауыстыру» мәселесі болғанын да айтар едік. 

Бұл тақырыптағы ілкі мақала «Латын әліпбиінің болашағы зор» деген атпен 1991 жылғы 24 қаң­­­тар күні «Ана тілі» газетінде жарияланды. Онда мақала авторы, халықаралық «Қазақ ті­­лі» қоғамының президенті, ака­­­демик Әбдуәли Қайдар қа­зақ тілді кирилл жазуын латын әр­пімен алмастырудың ғы­лыми не­гіздерін алғаш рет дәйек­теді. Кейіннен бұл тақырып Ә.Қай­дардың Қазақстан Респуб­лика­сы­ның Президенті Н.Назар­баев­­тың атына жазылған «Кемел ел­ге, кемел әліпби керек» атты ашық хат түріндегі мақаласына ұла­сып («Ана тілі» газеті, 1993 жыл­ғы 30 желтоқсан), қазақ-латын әліпбиінің ілкі жобасы­ ал­ғаш рет жұртшылық назарына ұсынылды. Бұл жоба 1993 жылғы наурыздың 8-10-ы аралығында және тамыз айында Анкарада өткен алты мемлекеттің (Түркия, Қазақстан, Әзербайжан, Өз­­бек­стан, Қырғызстан және Түрік­менстан) түрік тілдеріне қолайлы да ортақ бола алатын латын әліп­биін талқылауға қатысты бас қо­суларда қабылданған 34 әріп­тің негізінде жасалған еді. Түр­­кияда өткен сол жиындар­дың нә­тижесінде, әр елден қатыс­қан көрнекті ғалымдар: «34 әріп­тен тұратын бұл әліпби түрік ха­­­­­лық­тарының бәріне ор­тақ, оны әр ұлт өзінің тілдік ерек­шелік­теріне орай қажетінше өзгерте алады», де­ген келісімге уағдаласып, оған Қазақстан атынан академик Ә.Қай­дардың өзі қол қойған-ды. Ака­демиктің Елбасының атына­ жазған сол мақала-хатының соңын­да берілген 27 әріптен тұ­ратын әліп­би де бар түрікке ортақ әріп­тер не­гізінде қазақ тіліндегі бар­лық ерекшеліктер ескеріле оты­рып жүйеленген таңбаларға саятын.

Сол кездерден Елбасының ерекше назары ауған, әсіресе соң­­ғы жылдардағы сөздері мен жолдауларында тілге тиек болып, өзінің қолайлы, орайлы сә­­тін күтіп жүрген бұл мәселе – ақырында өткен жылдың 26 қа­заны күні Қазақстан Респуб­ликасы Президентінің «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» Жарлығымен тамаша қоры­тындыланды. Халқымыздың қуат­­ты қолдауына ие болып, қа­­­­лың жұртшылық тарапынан ке­ңінен талқыланған латын әліп­­­­­­­биінің алғашқы нұсқасына өз­геріс енгізу туралы биылғы жыл­дың 18 ақпаны күні қосымша жаңа редакцияның қабылдануы да латын графикасына негіздел­ген қазақ тілі әліпбиінің болаша­ғы жарқын, ғалымдар мен мамандар тарапынан баршаның көңі­лінен шығатын түбегейлі нұсқа жүйелену үстінде екенін көр­сетеді. 

Осы ретте «Қазақ ақпарат агент­тігі» Ұлттық компания­сы (қазіргі «ҚазАқпарат» халық­ара­лық ақпарат агенттігі) қазақ редакциясының 2004 жылдың сәуір айының өзінде мемлекеттік тілдегі жаңалықтарды елімізде тұңғыш рет латын әрпімен таратуды жүзеге асырғанын атап айтқым келеді. Бұл идея­ның әуел­де өмірге келуіне – ата­жұрт­­­тың әр хабарына сусап, ын­ты­ғып отырған шет елдердегі қан­дас­тарымызға Қазақстан жаңа­лықтарын қалай жеткізсек екен деген жанашырлық мүдде түрт­кі болған-ды. Сырттағы қа­­­­зақ­тардың көбі, әсіресе Қы­тайдағы қалың қазақ төте араб жа­зуын, ал Еуропа, Түркиядағы қан­дастарымыз латыншаны­ пай­даланатындықтан, біз қол­­­­да­­нып жүрген кирилл әрпін танымайды. Іргедегі Өзбекстан да бірден ла­тыншаға көшіп кеткендіктен, ол елдегі қазақтың кейінгі толқыны өз-өзінен латын әрпінде сауат­ аша бастады. Демек, шеттегі қан­­дастарымыз үшін Қазақстан хабар­ларын агенттік сайты ар­қылы латын әрпінде жеткізіп тұру тиімді болатыны анық. Осы мақсатпен агенттіктің ком­­пью­­терлік технология ма­ман­дарына қазақ тіліндегі жаңалық­тарды автоматты түрде тікелей латыншаға ауыстыратын бағдар­лама жа­сау­ға тапсырыс беріліп, ол сынақ­тан өтіп, кем-кетік жерлері түзе­тілгеннен кейін, 2004 жылғы сәуір­­дің 16-сынан бастап, латынша сайтымыз толыққанды іске қосы­лып кеткен еді. 

Енді қай латыншаны­ таңда­дық дегенге келсек, біз бұл ретте жо­ғарыда тілге тиек етілген, әуе­­лі «Ана тілі», кейіннен «Egemen Qazaqstan» газеттерінде жарияланып, Елбасы назарына ұсынылған ака­демик Ә.Қайдардың жобасын, бір-екі әрпіне ғана өзгеріс енгізе отырып, негізге алғанды жөн көр­дік. Сол кезде Түркияда осы әліпбимен Жамбылдың жырла­ры басылған екен, оқығанға ауыр­лық тудыра қоймайтыны аң­­ға­рылды. Және сол нұсқаның жеңілдігін бүгінге дейін «Қаз­Ақпарат» сайтында латын­ша шы­ғып тұратын сайттан да байқау қиынға соқпайды. Агент­тіктің бұл латыншасы қазір­гі кезде мамандар арасында «Қаз­Ақ­па­­раттық нұсқа» деген атпен белгілі. (ҚазАқпараттың бұл латыншасын Елбасы Жарлығымен бекітілген жаңа әліпбимен ауыс­тыру – қазақ тілін латын гра­фи­ка­сына көшірудің емлелік ере­желері ғалымдар мен мамандар тарапынан толық жасалып біт­кеннен кейін ғана жүзеге асыру көзделіп отыр). 

«ҚазАқпараттың» латынша­­ сайты дүниеге келісімен бұл бас­тама көпшіліктің зор қол­дауына ие болды. Ол қазақ тілді сайт оқырмандары санын күрт арт­тырды. Ақпарат құралдары айтулы жаңалықты: «ҚазАқпарат» мемлекеттік тілдегі хабарларды интернет желісінде латын жазуымен шығаруды қолға алды», «ҚазАқпарат» хабарларын латын әрпімен тарата бастады», «Қаз­Ақпарат» сірескен сеңді бұзды» деген тақырыптармен сүйіншілеп жатты. Басылым беттерінде бұл бастама – «шеттегі 5 миллионға жуық қазаққа жасалған зор құр­мет», «мемлекеттік тіл аясын ке­ңейтуге мол үлес қосатын жо­­­­­­­­­ба», «келешек – латын әліп­биін­де, интернет жүйесінде қа­зақ ті­ліндегі хабарлардың әлем­ге ортақ әріппен таралуы, сөз жоқ, сырт­тағы қазақтар үшін үлкен жәрдем», «бұл әлем қазақ­тары ғана емес, ортақ тіл мен ортақ түсініктегі түрік тілдес бауыр­ла­ры­мыз үшін де қажетті бас­та­ма, латын әліпбиі олардың қазақшаны үйренуіне де молынан жәрдем берері анық», деп жоғары бағалап жатты. 

Сондай-ақ бұл жобаны аса зор қуанышпен қабылдап, бірден жүрек­жарды лебізін білдірген адамның бірі – шеттегі қазақтар арасындағы көрнекті тұлға, талай жыл Еуропадағы «Азаттық» радиосы қазақ бөлімінің басшысы қызметін атқарған қаламгер Хасан Өралтай ақсақал болған еді. Ол кісі сонау Германияның Мюнхен қаласынан ҚазАқпарат агенттігі қазақ редакциясының жетекшісіне, яғни осы жолдар­­­дың авторына электронды пош­­та арқылы латыншамен жі­бер­­ген хатында: «Үлкен істі бас­­тап отырсыздар, сырттағы орыс қарпін танымайтын ел Қа­зақстанның жаңалығын біле алмай қиналушы еді, ғанибет болды. Латын қарпі болашақта дүйім түрік жұрттарының бір­лі­гіне, ынтымақтастығына қызмет етуі тиіс. Сол жолдағы қадам­да­рыңызға сәттілік тілеймін», деп ал­ғысын білдірді. 

Біз де өз атымыздан ол кісінің жедел пікір жолдағанына рахмет айтып, жауап хат жаздық. Бір қызық жайт, біз бұл хатымызды әуелі өзіміз қолданып жүрген ки­­­рилл әрпімен жіберген едік. Ер­­теңіне Хасекеңнен хабар келіп тұр. «Жіберген хаттарыңызды еш аша алмадым, әріптер танылмай­ды», депті. Сол хатымызды де­реу ла­­тыншаға айналдырып, қайта жіберген едік, іле-шала «енді оқыл­ды» деген хабар жетті. Ар­тын­ша біздің тарапымыздан өзі жөнінде айтылған пікірлерге ри­­за­­шылығын білдірген жауап келді 

– Хатыңызды алып қуандым. Ел­ден келген, қазақтық сана-сенім аңқыған дүниелер мені ыл­ғи да қуантады. Рахмет! – деп­ бас­тапты хатын Хасекең... – Ла­тын әрпімен хабар таратуға кірісулеріңіз, иншалла, игілік­ті істің бастамасы және күнделік­ті, апталық газеттер мен журналдар­ға да үлгі болар деп үміттенеміз. Ла­тын әрпімен шыққан кітап­тарды да көрерміз. Өзіңіз де жақ­­сы білетіндей, бұл латын әр­­пі орыстануға қарсы жақсы қор­­ған және ұлттық ақша, тағы бас­­қалар сияқты Ресей жақтағы ше­­кара күзетшісі, – деп ағынан жарылды. 

 Хасен ақсақал бұдан кейін де бізбен тығыз қарым-қатынаста бо­лып, өзінің мақалаларын жібе­ріп тұрды. Қазақстанның ақ­­парат құралдарында ҚазАқ­па­­­раттың латынша сайты жөнінде жылы лебіздерін білдіріп жүрді. Мәселен, 2007 жылы «Egemen Qazaqstan» газетінде шыққан ма­қаласында ол зейнетке шық­қаннан кейін де үйреншікті әде­ті­мен әлемдегі барлық басты ақ­парат агенттіктерін қадағалап отыратынын айта келіп, былай деді: «Ағылшын тіліндегі басты ақ­парат агенттіктерді қысқаша шолып өткеннен кейін, Түркияға ауысамын. Оны бітіргеннен кейін Қазақстанға өтемін. Сон­да бірінші қарайтыным – «ҚазАқ­парат­­тың» латынша сайты. Сол арқылы атамекенде болып жат­қан қыруар жаңалықтарды көп ұзатпастан, жедел түрде бі­ліп отырамын. Туған ел тынысынан жан-жақты хабар алудан кемістік көрмеймін. Ел болып өмір сүрудің түйіні – ана тілі екені даусыз» («Egemen Qazaqstan». 2007.11.06).

Қазақ ақпарат агенттігінің 2004 жылдан басталған латын әр­піндегі сайт ашу бастамасын, көп ұзамай-ақ еліміздің басқа да ақпарат құралдары қол­дап әкеткені мәлім. Бүгіндері біршама сайттардың латынша қосымшаларымен шығып отыр­ғаны, соның дәлелі. Бұл бір жағы­нан, оқырман тарапынан осы әліп­бимен ақпарат алу сұранысы әуел­ден бар екенін байқатса да керек. 

Яки, Елбасының «Қазақ ті­лі­ әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» Жарлығы да қазіргі за­мандағы әлемдік даму үдеріс­терінің талабына сай дер­ кезін­де қолға алынған, елімізді ке­мел болашаққа қол созуға ұмтыл­дыратын жарқын бағдарлама. Сол Жарлыққа сәйкес, қазіргі кезде қазақ әліпбиінің латын таңбасындағы бірыңғай стандартты нұсқасын түбегейлі жү­йе­­леу, жаңа емле ережелерін қа­­лып­тастыру, латын әліпбиіне үй­ре­тетін мамандар мен мектеп оқу­лықтарын дайындауға кірісу жұмыс­тары кезең-кезеңімен қол­ға алы­нып, атқарылып жатыр. Елі­мізде 2025 жылға қарай іс қа­ғаз­дары, мерзімді басылымдар, оқу құралдары, бәрін де латын әліп­биімен басып шығара бастау жүзеге аспақ. 

Ал Қазақ ақпарат агенттігі және оның бастамасына үн қосқан басқа да ақпарат құралдарының мемлекеттік тілдің қолданылу аясын арттыру, әлем қазақтарына атажұрт тынысынан жан-жақты хабардар ету мақсатын көздей, әлденеше жылдар бұрын латынша сайттар ашқанын – бү­гінгі күндері еліміздің саяси, қоғам­дық өміріндегі тарихи оқи­ғаға айналып отырған «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» Елбасы Жарлығына дейінгі дайындықтың бір парасы ретінде қабылдар едік. 

Жарылқап БЕЙСЕНБАЙҰЛЫ, 

публицист, зерттеуші, 

«Қазақ ақпарат агенттігі» ұлттық  компаниясы қазақ редакциясының 1997-2011 жылдардағы  бас сарашысы