06 Наурыз, 2010

МАҢЫЗДЫ ТӨРТ ЗАҢ ҚАБЫЛДАНДЫ

741 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болды. Отырыстың күн тәртібі бой­ын­ша депутаттар бірінші кезекте “Қа­зақ­стан Республикасы мен Азия Даму банкі арасындағы Қарыз ту­ралы келісімді (Жай операциялар) (ОАӨЭЫ 1 көлік дәлізі [Жамбыл облысындағы учаске] [“Батыс Еу­ро­па – Батыс Қытай” халықаралық транзит дәлізі] Инвестициялық бағ­дарлама – 2-жоба) ратификациялау туралы” заң жобасын талқылады. Заң жобасына негіз болған келі­сім­нің мақсаты Жамбыл облысы аума­ғынан өтетін ұзындығы 79 шақы­рым дәліз бөлігін жаңғырту және жөндеу жұмыстарын, жол пай­да­ла­ну қызметінің 4 кешенін қаржы­лан­дыру үшін займ беру болып та­былады. Халықаралық құжатқа 2009 жылғы 3 желтоқсанда Астанада қол қойылған болатын. Бұл туралы Се­нат алдында баяндама жасаған Кө­лік және коммуникация министрі Ә.Құсайынов ОАӨЭЫ 1 көлік дәлізі [Жамбыл облысындағы учас­ке] [“Батыс Еуропа – Батыс Қы­тай” халықаралық транзит дәлізі] Инвестициялық бағдарлама – 2-жобасын жүзеге асыру еліміздің көлік әлеуетін дамытатынын атап өтті. Сондай-ақ халықаралық тран­зит дәлізінің қазақстандық бөлі­гін­дегі қозғалыс жиілігін елеулі арт­ты­ра­тынына және транзиттік жүк­тер­дің айналымын ұлғайтатынына тоқ­талды. Бірқатар талқылаудан кейін заң қабылданды. Депутаттардың кезекті талқы­сы­на түскен “Қазақстан Республика­сы­ның кейбір заңнамалық акті­леріне бюджет процесін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заң жобасы болды. Бұл жоба түпкі нәтижеге бағдарланған бюджеттік жоспарлауды одан әрі жетілдіру, мемлекеттік жоспарлау жүйесіне сәйкестендіру, сондай-ақ респуб­ли­калық және жергілікті деңгейдегі қар­жы бақылау жүйесінің тұтас­ты­ғын қамтамасыз ету мақсатында әзір­ленген болатын. Талқылау бары­сында сенаторлар бюджетаралық қатынастарды жетілдіру тұрғысында өз ойларын ортаға салды. Сенатор Светлана Жалмағамбетова жергілікті жерлердегі тексеру комиссия­лары­ның жұмысын жақсарту, бюджет­аралық қатынастарды жетілдіру туралы күрделі мәселелерді көтерді. Ішкі және сыртқы бақылаудың қағаз жүзінде қалып қоймауына назар аударған ол бюджет қаржысының игерілмеуі, қаржы-экономика сала­сындағы тәртіп бұзушылықтардың деңгейін анықтаудың негіздемесі жоқ екенін айтты. Бұл заң жобасымен Бюджет және Салық кодекстеріне, сондай-ақ “Әкімшілік рәсімдері туралы”, “Нормативтік құқықтық актілер туралы”, “Концессиялар туралы”, “Мем­лекеттік сатып алу туралы” және “Қазақстан Республикасын­да­ғы мемлекеттік және жергілікті өзін-өзі басқару туралы” заңдарға өзге­рістер мен толықтырулар енгізіледі. Атап айтқанда, Бюджет кодексіне мемлекеттік қаржы бақылау және жоспарлау жүйесі, мемлекеттік қызмет көрсетулер, бюджетаралық қатынастарды жетілдіру, бюджетті орындау және инвестициялық рәсімдерді жетілдіруге қатысты өзгерістер енгізілетін болды. Жан-жақты талқылаулардан кейін сенаторлар заңды қабылдау туралы шешімге тоқталды. Осыдан бұрын Парламент па­латалары арасындағы келіспеуші­лік­тер туындауына байланысты “Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы” және “Қазақстан Респуб­ли­касының кейбір заңнамалық акті­леріне атқарушылық іс жүргізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заң жобалары бойынша келісу комис­сиясы жұмыс істеген болатын. Бү­гін­гі отырыста келіспеушіліктерді ең­серу жөніндегі келісім комис­сия­сының ұсыныстарын сенатор Иран Әміров хабардар етті. Заң жобаларына енгізілетін өз­герістер бойынша келісім комис­сиясы елеулі жұмыстарды атқарып шықты. Негізгі заң жобасындағы – 14, қосымша заң жобасы бойынша 18 түзету бойынша ортақ пікірге қол жеткізілді. Екі заң да осы комиссияда келісілген ұсыныстар бойынша қабылданды. Сөйтіп, Сенаттың бұл оты­ры­сында төрт заң қабылданды. Жалпы отырыста сенаторлар өздерінің депутаттық сауалдарын да жолдады. Қуаныш Айтаханов әйгілі композитор Шәмші Қалдаяқовқа ескерткіш қою және мұражайын ашу туралы айтса, депутат Нұр­лы­ғайым Жолдасбаева Есеп коми­тетінің тексеруі қорытындылары бойынша анықталған қаржы тәр­ті­бін бұзу­шылықтарға және Батыс Қазақстан облысына сапар бары­сын­да көтеріл­ген мәселелерге тоқ­тал­ды. Сенатор Серік Ақылбай жа­рия еткен депу­таттық сауалда жол қауіпсіздігін ба­қылайтын полиция қызметкерлерінің еңбекақысын көтеру мәселесі көтерілді. Бұл мәселені депутат Юрий Кубайчук та қолдады. Шығыс Қазақстан облысындағы қыстың аса суық та қарлы болғаны, енді қар еруі салдарынан су тасқыны бо­луы қаупі және оның алдын алу ша­раларына әзірлік мәселесі депутат Тал­ғат Абайділдиннің сауалында көтерілді. Депутат екінші сауалында осы об­лыстағы әлеуметтік нысандар туралы көкейкесті мәселелерді қозғады. Парламент Сенатының баспасөз қызметі.