Кітап белгілі манасшы Медер Мергенбаевтың қалдырған қолжазбасы негізінде жинақталып, басып шығарылды. Көне қолжазба араб графикасымен жазылған еді. Аталған қолжазбада эпостың басқа нұсқаларында жоқ оқиғалар мен тілдік оралымдар бар. Бұған дейін ол тек қолжазба күйінде сақталған және ешбір жерде жарияланбаған. Тұсаукесер рәсімінде сөз алған Бішкек Гуманитарлық Университетінің ректоры Абдылда Мусаев бұл іргелі еңбектің Манастанудағы елеулі орны бар екенін айтты.
Жиында сөз алған Қырғыз Республикасы президентінің кеңесшісі Сұлтан Раев «Манас» эпосының маңызын түсіндіріп өтті.
«Бүгінгі іс-шараға Сооронбай Шәріпұлы Жээнбеков жеке разылығын білдірді. Өте үлкен қуанышпен қабыл алып, алғысын айтты. «Манас» эпосын жаһандану дәуірінде сақтау ең басты мәселелердің бірі. Өздеріңіз білесіздер қазір жер бетінде 38 үлкен эпос бар. Соның ішінде ең көлемдісі – «Манас». Біз Манасты инновациялық түсініктердің контекстінде қарастырумыз қажет» деген ой қозғады.
Халықаралық Түркі Академиясының президенті Дархан Қыдырәлі «Манас» эпосы бойынша өз жұмыстарын ары қарай да жалғаса беретінін мәлімдеді.
«Халықаралық Түркі Академиясы «Манас» эпосы бойынша өз жұмыстарын ары қарай да жалғастыра береді. Мамыр айының басында Алматы облысының орталығы Талды-Қорған қаласында қырғыз-қазақ зиялыларының форумы өтеді. Соның аясында «Ұлы даланың мәңгілік мирасы – Манас» халықаралық ғылыми симпозиум, Шоқан Уәлихановтың Сары-Өзектегі күмбезінің басында халықаралық қырғыз, қазақ манасшылардың «Манас фестивалі ұйымдастырылады» деді Д.Қыдырәлі.
Халықаралық Түркі академиясы эпостың осы вариантын алғаш рет ғылыми басылым ретінде және латын графикасы негізінде шығарып отыр. 1 томдық кітаптың көлемі – 650 бет. Бұл шығарма – латын әліпбиімен қырғыз тілінде шыққан алғашқы кітап. Осы уақытқа дейін жұртшылыққа таныс емес болып келген қолжазбаны 1993 жылы қыркүйек айында Бішкек Гуманитарлық университетінің сол кездегі ректоры, белгілі түрколог-ғалым Қадыралы Қоңқабаев сатып алып, 2018 жылы шілдеде Түркі академиясына табыстады. Содан кейін Қырғыз Республикасының Президенті Сооронбай Жээнбековтың қолдауымен және алғысөзімен баспаға әзірленді. Ғалымдарға текстологиялық жеңілдік жасау мақсатымен кітапта қолжазбаның түпнұсқасы факсимилемен бет саны көрсетіліп беріліп отырды.
Медер Мергенбаев – 1896 жылы дүниеге келген және Қырғызстандағы атақты манасшылардың бірі. Ол 1921 – 1928 жылдар аралығында елдегі Сагымбай Орозбаков, Саякбай Каралаев, Тоголок Молдо сынды эпосшылардан жырдың түрлі нұсқаларын жазып алған.
Сондай-ақ Халықаралық Түркі академиясы (TWESCO) Қ. Қарасаев атындағы Бішкек Гуманитарлық университетінде өзінің арнайы орталығының тұсауын кесті.
Іс-шараға Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі және Бішкек Гуманитарлық университетінің ректоры Абдылда Мусаев қатысты.
Орталық Халықаралық Түркі академиясы (TWESCO) шығарған кітаптармен жабдықталды. Интеллектуалды орталықтан университеттің ұстаздар қауымы мен студенттері түркология бойынша тың ақпараттар мен пайдалы мәліметтер алатын болады.
Сонымен қатар алдағы уақытта интеллектуалдық кабинет Халықаралық Түркі академиясы мен Қырғызстандағы студенттік және ғылыми ортаны байланыстыратын құрал қызметін де қоса атқармақ.
Бұған қоса 15 сәуір күні Халықаралық Түркі академиясы (TWESCO) мен Қ. Қарасаев атындағы Бішкек Гуманитарлық университеті арасында әріптестікті нығайту жөніндегі меморандумға да қол қойылды.