Үкімет • 16 Сәуір, 2019

Гүлшара Әбдіхалықова Алматы облысының «Әлеуметтік қорғау» картасымен танысты

982 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Алматы облысына Премьер-Министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіхалықова жұмыс сапарымен келді. Үкімет делегациясы құрамында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев, Білім және ғылым министрі Күләш Шамшидинова, Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов және Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері жөніндегі комитет төрағасы Мархабат Жайымбетов болды.

Гүлшара Әбдіхалықова Алматы облысының «Әлеуметтік қорғау» картасымен танысты
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Әлеуметтік қамқорлық» бастамасының аймақтағы орындалуымен танысу және әлеуметтік қолдау шараларының жүзеге асу жолдарын түсіндіру мақсатында жетісу жұртшылығымен кездескен Үкімет басшысының орынбасары Талдықорған қаласындағы Жұмыспен қамту орталығын аралады. Жұмыспен қамту орталығында аймақ тұрғындарына жұмысқа орналастыру, еңбек нарығын зерттеу, жұмыссыздарды қайта дарялап, оқыту сияқты негнізгі әлеуметтік қызметтің барлық түрі көрсетіледі. Орталықтың жұмысы толықтай цифрлы жүйеге көшкен.  Осы орталықпен танысу барысында Гүлшара Әбдіхалықованың назарына Алматы облысының «Әлеуметтік картасы» таныстырылды. 

Облыс әкімі Амандық Баталовтың айтуынша, аймақтағы әлеуметтік қолдауды қажет ететін тұрғындарды қолдауға 3 млрд теңге көлемінде қосымша қаржы бөлінген. Бұл қаражат «Әлеуметтік карта» бойынша жұмсалмақ. Әлеуметтік қамту негізінде  көпбалалы отбасыларды баспанамен қамту, осы санаттағы әулеттің балаларының жоғары білім алуына жағдай жасау, жұмыспен қамту сияқты шаралар жүзеге асырылуда. 

- Облыс орталығында көп балалы отбасылар үшін көп қабатты екі үйдің жобасын әзірлеу жұмысы басталды, коттедж қалашығынан да үй бөлу мүмкіндіктері қарастырылуда. Сондай-ақ, «7-20-25» бағдарламасы бойынша да құны 1 млн. теңге болатын тұрғын үй сертификаты беруді бастадық. Қазіргі құны сертификаттың жиынтық қоры 300 млн теңгеге жетті, - деді «Әлеуметтік картаны» таныстыру барысында облыс әкімі Амандық Баталов.

Ал аз қамтылған және көп балалы отбасыларының балаларына жоғары оқу орындарында білім алуы үшін бөлентін грант санын тағы да жүзге көбейту көзделуде. Бұл мақсатқа 44,3 млн теңге қаржы қарастырылған екен. Қазір де  облыс әкімінің арнайы гранты бойынша  246 студент түрлі оқу орындарында оқып жатыр. Аз қамтылған отбасылар балалары үшін мектепте ыстық тамақпен үлесі 100 процентке жетті. Бүгінде облыс аумағындағы мектептерде 32 мың бала  тегін ыстық тамақпен, мектеп формасымен, жазғы демалыс кезіндегі демалыс лагерімен қамтамасыз етіліпті. 

«Әлеуметтік карта» бойынша енді Талдықорған қаласында тұратын көпбалалы аналар қоғамдық көлікте тегін жүретін болды. Бұған дейін осындай тегін жол жүру мүмкіндігін облыс орталығындағы 42 мың мектеп оқушысы мен  студенттер пайдаланып келген болатын. Қазір облыс аумағында көгілдір отын көзіне қосылу қарқынды жүріп жатыр.  Табиғи газға қосу ісі бойынша да әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларына  жеңілдік қарастырылып отыр екен. Бұл мақсатқа қазынадан 500 млн теңге бөлінген.

Жалпы Үкімет мүшелерінің назарына ұсынылған Жетісудың «Әлеуметтік қорғау» картасы облыстағы  253 ауылдық округ тұрғындарының әлеуметтік жағдайын зерделеу негізінде жасалды. Қазір аудандар бойынша бұл тізім жетілдіріліп, «Е-Халық» ақпараттық жүйесіне қосылуда. Сондай-ақ, барлық ауданда көпбалалы және аз қамтылған отбасыларына «Бір терезе» қағидатымен қызмет көрсететін орталықтар ашылуда. 

Үкімет басшысының орынбасары Гүлшара Әбдіхалықова Талдықорған қаласындағы Халыққа қызмет көрсету орталығының жұмысымен танысып, ондағы әлеуметтік қорғау бағытында көрсетілетін қызмет сапасын бағалады. Сондай-ақ,  вице-преьмер қаладағы Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында тұрғындармен кездесіп, IT-технология бағытында білім беретін мектеп-лицейді аралады.  Жаңадан қолданысқа берілген тұрғын үйлерге қоныстанған көпбалалы отбасылардың шаңырағына бас сұққаннан кейін Гүлшара Әбдіхалықова «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде жетісулық көпбалы аналардың бір тобы мен аз қамтылған отбасы мүшелерін қабылдап, «Әлеуметтік қорғау» бағдарламасы бойынша толғандырған сұрақтарға жауап берді.


Алматы облысы