Қазақстан • 17 Сәуір, 2019

Алқа билер қарымы қайткенде алымды болады?

1345 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Халық алқа билер институты өмірге енгенде үлкен өзгерісті күтті. Алғашқыда ол өзгеріс болғандығын да жасырмаймыз. Содан бері 12 жылдан астам уақыт өтті. Енді бүгінде әділдік іздеген жұрт алқа билердің қатысуымен өтетін сотқа жаппай жүгінеді деп айта аламыз ба? Жалпы сапа артып, олар қарайтын істер саны көбейді ме?

Алқа билер қарымы қайткенде алымды болады?

Елімізде осыншама жыл бойы алқа билердің қатысуымен өте­тін сот қызмет етіп келсе де, оның өмірде бар екендігі дәстүрлі сотымыздай жете се­зіле қоймағандығы белгілі. Тіпті алқа билер соты бар ма, жоқ па, оны анық біл­мейтіндер де кездеседі.

Қалай десек те, алқа би­лер­­дің қа­тысуымен өтетін сот­тың пәрменді үні көп естіле қой­майтындығына ешкімнің таласы жоқ. Өйткені оның сот ісін қарау аясы тарылып кеткен. Әйтпесе, аяғын шалыс басып не­месе басы дауға қалып, шара­сыздықтан әділдік таба алмай жүрген жан көп. Дәстүрлі сот шешімдеріне де риза болмай жүргендер қаншама. Солардың басын қосса, алқа билердің қа­ты­­суымен өтетін сотқа кезек те ұзарар еді. Алайда олай болмай тұр.

Әрине, алқа билерді қатыс­тырумен іс қараудың тиімділігі бар. Былтырғы жылы Павлодар облысының Майқайың ауылында 76 жастағы қарт пен 78 жастағы әжейдің азаптап өл­тірілгені жұртқа мәлім. Оларға 66 жерден пышақ сұғылған екен. Содан полиция бұл қыл­­мыс­ты жасаған 27 жастағы Д.Дүйсенов деп, оны ұстайды. Оның ісін алқа билердің қаты­суы­мен Павлодардың маманданды­рылған ауданаралық соты қа­райды. Тергеушілердің дәлелдеп берген ісіне сәйкес, прокурор айыпталушыны 21 жылға бас бостандығынан айыруды сұрай­ды. Бірақ істі талқылай келгенде Д.Дүйсеновтің бұл қылмысқа еш қатысы болмағандығы анық­­талды. Бар болғаны ол мар­­­­­құм­дардың банктік картасын тауып алған. Сосын онда ақ­ша бар ма, жоқ па деп бан­ко­матқа барған. Болды. Ал қыл­­мысты мойындату үшін поли­ция қызметкерлері оны ұрып-соққан. Басына полиэтилен пакет кигізіп тұншықтырған, әб­ден азаптаған. Содан ол шыдай алмай, «өлтірген мен» деп мойындауға мәжбүр болған. Бірақ алқа билер мұның бәрі жалған екеніне нақты көз жет­кізіп, оны ақтаған.

Міне, осылайша алқа билер­дің қатысуымен өтетін сотты енгізуге алдымен қандай себеп болғандығы да жасырын бол­май отыр. Өйткені ақ пен қараны айыруға халық өкіл­дері қатысуының мәні зор. Сондықтан халық арасынан таң­дап алынған он екі адам кез келген ауыр істің шешімін өздері ай­туға тиіс болды. Өйт­кені олар, халық көзімен қарар болсақ, тек әділ­дікті ғана айтады. Бірақ алқа билер заңгер болмағандықтан, оларға көбіне қаралатын істің заң­дылық жағынан бағыт беретін, көрсететін бір кәсіптік судья болатындығы да мәлім. Ал оның алқа билерге өз ұстанымын ұсынатындығы да белгілі. Мәселен, кезінде БАҚ-та жазылғандай, кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімді айыптаған қарағандылық істің шуы көп болды. Онда кеңесу бөлмесінде кәсіптік судья алқа билерге жасөспірімді айыпты деп тануды талап еткен. Бірақ шындықты өз құлағымен естіп отырған алқа билер сотталушыны кінәлі деп танудан бас тартқан. Ал судья айтқанынан танбай, алқа билерді таратып жіберген де, жаңасын жасақ­тауға қаулы шығарған. Тіпті жабық сот отырысындағы мәлі­меттердің таралуына кінәлі деп алқа билер мүшелеріне айып салынған. Мұндай үрдіс тек бір судьяға емес, тұтас жүйеге кір келтіретіні белгілі.

 Ендеше ең алдымен, алқа билер қатысуымен өтетін сотқа халықтың сенімі нығаюы керек. Қоғам шынайылықты, әділдікті талап етеді. Сондықтан да кез кел­ген соттың шешімі әділ бо­луға тиіс. Сонда халық өздері­нің үнемі наразылығын тудыратын сыбайлас жемқорлық көрінісі сот шешіміне көлеңкесін түсірді демейді. Бұл орайда кәсіптік сот төрелігі жүйесін реформалаудан өзге, халық өкілдерінің сот төрелігін тікелей орнатуға атсалысуына жол ашу керек. 10-12 адамнан құралатын алқа билердің бәріне бірдей пара беріп, сатып алу мүмкін емес. Бұл қатардағы азаматтардың сот әділдігіне көздерін жеткі­зеді. Тіпті айыпталушы сотталса да тең құқылы сотпен сот­талғанына сенімді болады. Алайда көптеген істер ал­қа билердің қатысуымен қара­ла­тын сотқа түспей қалады.

Сондықтан ба, Жоғарғы соттың төрағасы Жақып Асанов айтқандай, «алқа билердің қа­тысуымен өтетін сот ауқымы та­рылып барады». Тек 2018 жылы олардың қатысуымен бар болғаны 44 қылмыстық іс қарал­­ған екен. Бұл неліктен деп жұрт аң-таң. Сөйтсек оның себе­бін бас судья: «Бұл алдымен заңдылық жағдайына қатысты себептерге байланысты болып отыр. Қазір алқа билер 13 құрам бойынша іс қарайды. Ал Ұлттық жоспардың 21-қадамына сәйкес міндет – алқа билер қарайтын аяны кеңейту. Осыған орай біз, аса ауыр қылмыстардың көбін алқа билер қарауына беруді көздейміз. Қазір біз 27 құрамды ұсынып отырмыз, сонда іс қарау бірден үш есеге өспек», деп түсіндіреді.

Кейбір сарапшылар елімізде алқа билер соты жоқ екендігін, тек алқа билер қатысушы болып табылатын сот бар екенін айтады. Олай болса, онда біздегі алқа билер соты классикалық үлгісі емес. Өйткені біздің еліміздегі алқа билер қатысуымен жүр­­гізілетін сот үлгісі кәсіптік судья мен халық өкілдерінен құ­рал­ған аралас алқа болып табылады. Ал классикалық алқа билер сотында олар кәсіптік судьяның қатысуынсыз кеңесу бөлмесінде өздері ғана дұрыс деп тапқан шешімді шығарады. Кәсіптік судья алқа билер заңды жетік білмейді деген пайыммен, сотталушы туралы оларға теріс түсінік те беруі мүмкін. Сон­дықтан заңгерлердің көбі «судья алқа билермен бірге кеңесу бөл­месінде бірге болмауы керек» немесе «кінәлі не кінәсіздік туралы шешімді алқа билердің өздері шығаруы тиіс» дейді. Сол сияқты мұндай пікірді адво­каттардың бірқатары қолдай­ды екен. Ал неліктен мұндай мәселе орын алады десек, кә­сіп­тік соттарға қарағанда, ал­қа билердің қатысуымен қарал­­ған істе ақтау үкімі басым түседі. Сондықтан біздің сот төре­лі­гінде «Қылмыстық іс қоз­ғалған болса – айып бар» деген қалыптасып қалған қағида басым тұратын секілді. Алайда мұндай проблемалар алқа би­дің классикалық моделі қалып­тасқан Ұлыбритания, АҚШ немесе біздің көршіміз Ресейдің өзінде кездеспейді. АҚШ-тың көптеген штаттарында алқа билер шығарған шешімді қайта жою мүмкін емес.

Осыдан бірнеше жыл бұрын АҚШ-тың Массачусетс штатына қарасты Вустер қаласының алқа билер соты америкалық Мэйот­тар отбасының асырап­ алған қазақстандық балалар­ға зорлық әрекет жасағанын анықтаған болатын. Қазақ­стан­дық балаларды бауы­рына басқан Мэйоттар отбасына қатысты сот үкімі де шықты. 50 жас­­­­­­­тағы Джозеф Мэйоттқа «асырап алған 17 жастағы қа­зақ­­с­тан­дық қызды зорлады, ұрып-соқты, балаларға теріс әсер қал­дыратын фильмдер та­ратты» деген айып та­ғылса, оның әйелі 49 жастағы Линда Мэйотт «асыранды ұлын зорлап, ұрып-соққаны үшін» кінәлі деп танылды. Демек, өзін сүттен ақ, судан тазамын деп есептеген тараптардың алқа билердің қатысуымен өтетін сотқа көбірек ұмтылуы үшін, аралас соттан арылудың да артықшылығы бар ма дейміз. Әйтпесе, елімізде жылына орта есеппен он мың­даған қылмыстық істер қара­лып жатқанда, алқа билер қа­тысуымен 40-45 іс қаралуы теңізге тамған тамшыдай ғана.

Ал Қазақстан Республика­сының 2010 жылдан 2020 жыл­ға дейінгі Құқықтық тұжы­рым­да­­­­ма саясаты алқа билердің қа­тысуымен өтетін соттарда қа­ра­латын қылмыстық істер санатын кеңейтуді көздейді. Сөй­тіп алдағы кезеңде алқа билер қарауына аса ауыр қыл­мыстардың көбі беріліп, қазіргі қаралатын 11құрамның орнына, барлығы 45 құрамға жетпек. Дегенмен, алқа билер соты нақты заңдылық қағидаларға негізделуі керек. Өйткені бұл қылмыстық сот өндірісінің демо­кратиялық не­гізін, сот төрелігінің ашықтығын арттырып, қоғамның сотқа деген сенімін нығайтуға және одан әрі оларды дамытуға аса қажет. Алайда қазір алқа билердің қатысуымен Қылмыстық кодекстің аса ауыр қыл­мыстық 99 құрамы бойынша 13 құрам ғана қаралады. Сондықтан Жоғарғы соттың жанынан құ­рал­ған жұмыс тобының тал­қылауы бойынша, аса ауыр қылмыстардың 32 құрамын алқа билер қарауына ұсынбақ. Сөйтіп әзірге алқа би­­лердің қатысуымен өтетін сот қа­рауы 19 құрамға ғана кеңеймек.