Тараз қаласында бүгінде жасы ғасырдан асқан 6 әже бар. Оның ішінде Күлшат Атамқұлова – 108, Айгүл Маханова – 106, Шырынкүл Оразымбетова – 105, Келеке Еспердиева – 105, Бейсекүл Жарылқапова – 105 және Алтынкүл Татаева 102 жасқа жетіп отыр. Елі аман, жұрты тыныш, ұл-қыздарынан шөбере-шөпшек сүйіп отырған әжелер елдегі қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған тыныш заман осылайша жалғаса берсе екен деп тілейді.
Жамбыл облысының әкімі Қанат Бозымбаев 8 наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында Тараз қаласы, Көшек батыр көшесінде тұратын 102 жастағы Алтынкүл Татаева әженің шаңырағына арнайы барып, әз ананың хал-жағдайын сұрап, емен-жарқын әңгіме шертті. “Ұлық болсаң кішік бол”, деген осы. Ғасыр жасаған кейуана да алдына келіп, амандығын білген әкімге рахметін айтып, ақ батасын беріп, облыс басшысының қолынан алған сыйлыққа балаша мәз болып қалды.
Облыс өмірінде алғаш рет қолға алынып отырған осы жақсы дәстүр бойынша жүзден асқан А.Татаевадан басқа әжелердің отбастарына облыс әкімінің орынбасарлары К.Көкірекбаев, Б.Иманәлиев, М.Төлепберген арнайы барып, бағалы сыйлықтармен құттықтап шықты.
Аналар мен қыз-келіншектерге деген облыс әкімдігінің құрметі мұнымен шектелген жоқ. Елбасы Н.Назарбаевтың Жарлығымен алтын және күміс медальдарға ие болған көп балалы аналардың да мерейін өсіріп, өздеріне тиесілі медальдарын салтанатты жағдайда табыс етті. Облыстағы Социалистік Еңбек Ері, Ұлы Отан соғысының ардагерлері, жесірлері мен мүгедектері де назардан тыс қалған жоқ.
Жамбыл облысы.
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ.