Экономика • 17 Сәуір, 2019

Экономиканың өсім қарқыны сақталуы тиіс

1313 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еліміздің 2019 жылдың бірінші тоқсанындағы әлеуметтік-экономикалық дамуы мен республикалық бюджеттің атқарылу қорытындылары қаралды.

Экономиканың  өсім қарқыны сақталуы тиіс

Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов биыл І тоқсанда экономиканың өсуі жалғасқанын айтып өтті. «Қаңтар-наурызда ішкі жалпы өнімнің өсуі 3,8% болды. Қаңтар-ақпанда бұл 3,5% құраған еді. Өсудің үдеуі өңдеу өнеркәсібінің, құрылыс пен инвестициялар өсуінің негізінде қамтамасыз етілді», деді ол.

«ІІ тоқсанда қол жеткізген қарқынды сақтау және жалғастыру маңызды. Оған мүмкіндік бар. Бі­рін­шіден, нақтыланған бюд­жет­ті қаржыландыру ашылуда. Бұл тұтынушылық және ин­вес­тициялық сұранысты күшей­теді. Екіншіден, құрылыс, инвес­ти­ция­лық жұмыстар, сондай-ақ АӨК саласындағы жұмыстар ке­зеңі ашылуда. Үшіншіден, ІІ тоқ­санда дәстүрлі түрде шағын және орта бизнес жанданады», деді Р.Дәленов.

Өз кезегінде Ұлттық банк төр­ағасы Ерболат Досаев 2019 жыл­ғы наурызда айлық инфляция 0,5% болғанын айтты. Жылдық инфляция 4,8% деңгейінде сақ­тал­ды. 15 сәуірде Ұлттық банк ба­залық мөлшерлемені 9% дең­гейінде төмендету туралы ше­шім қабылдады. Базалық мөл­шер­­леменің қазіргі деңгейі инфляция бойынша 2019 жылға арналған нысаналы бағдарға қол жеткізуге ықпал етеді. Ал валюта нарығындағы ахуал тұрақты.

Премьер-Министрдің бірінші орынбасары – Қаржы министрі Әлихан Смайылов І тоқсанда бюд­жеттің барлық деңгейінде кі­рістер жоспардан асыра орын­далып, оң өсу қарқынын көрсет­ке­нін жеткізді. Есепті кезеңде мемлекеттік бюджетке 2,9 трлн теңге түсім жиналды. 3 трлн тең­геге шығыстар атқарылды. Мем­лекеттік бюджеттің тапшылы­ғы 94 млрд теңгені құрады. Бұл жоспардан 162 млрд теңге­ге аз. Қолма-қол ақшаның ба­қылау шотында 285 млрд тең­ге­ қаражат қалыптасты», деді Ә.Смайылов. Мемлекеттік бюд­жеттің кірістері есепті ке­зең­нің жоспарына қарағанда 105,6%-ға, республикалық – 102,1%-ға, жергілікті бюджеттер – 116,6%-ға асыра орындалды. Республикалық бюджетке 1 567 млрд теңге кіріс түсті. Бұл жоспардан 33 млрд теңгеге, ал был­тырғы осы кезеңмен салыс­тырғанда 268 млрд теңгеге артық.

Ә.Смайылов сондай-ақ биыл­дан бастап шағын және орта биз­нес субъектілері үшін са­лық­­тық рақымшылық жасау ша­­раларының нәтижесінде 34 мыңнан астам салық төлеуші жалпы сомасы 7,6 млрд теңгеге не­гізгі борыштарын өтегенін айтты. Республикалық бюджет шы­ғыс­тары 2,7 трлн теңгені құраған, қаражаттың 47%-ы әлеуметтік салаға бағытталған.

Сонымен қатар «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімов бір­қа­тар проблемалық мәселелерге тоқталды. Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевтың, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Бақыт Сұлтановтың баяндамалары тыңдалды.

Мәселені қорытындылаған Премьер-Министр 2019 жыл­ғы 10 сәуірде Елбасы Н.Ә.На­зар­баев­тың төрағалығымен өткен Қауіп­сіздік кеңесінің отырысында қаралған мәселелерге назар аударды. «Қаңтар-наурызда ІЖӨ 3,8%-ға өсті. Құрылыс, сау­да, тау-кен өнеркәсібі, көлік саласы экономиканың басты өсу қозғаушылары болды», деді А.Мамин. Негізгі көрсеткіштер бойынша І тоқсанда Шығыс Қазақ­стан, Қостанай, Атырау, Пав­лодар және Қызылорда облыс­тары жақсы нәтижелерге жет­ті. «Жыл қорытындысы бойын­ша оң көрсеткіштерді қам­та­масыз ету үшін негізгі капи­тал­ға, құрылысқа және басқа да секторларға салынатын инвес­ти­цияларды одан әрі өсіру жұ­мыстарын күшейту керек. Осы­ған орай, орталық және жер­гілікті атқа­рушы органдар бюджет қара­жатын уақтылы әрі то­лық игеру жөнінде шаралар қа­былдауы қажет», деді Үкімет басшысы.

Сондай-ақ А.Мамин әлем­дік экономика өсімінің бәсең­деуі­не орай халықаралық сарап­шы­лардың даму көрсеткішінің 2018 жылы 3,6%-дан 2019 жылы 3,3%-ға дейін төмендеуі туралы болжам жасауы жағдайында экономиканың инклюзивті және сапалы дамуына көңіл бөлу қажеттігін атап көрсетті. «Ин­вес­тициялық саясатта тікелей шет­елдік инвестицияларды тарту­ басымдық болуы тиіс», деді ол осы мәселеге орай. Биыл 18 сәуір­де шетелдік инвестиция­ларды тарту бойынша жаңа тә­сілдерді ұйымдастыру туралы мемлекеттік органдардың бас­шылары және жергілікті ат­қару­шы орган өкілдерінің қаты­суы­мен кеңес өтетінін еске салды.

Сондай-ақ Үкімет отырысында шикізаттық емес экспортты ілгерілету мәселелері және Ұлт­тық экспорттық стратегияны іске асыру барысы қаралды. Ұлттық экономика министрі Р.Дәленов хабарлағандай, еліміздің ІЖӨ-дегі экспорттың үлесі 40,1% құ­рады. Бұл ретте ІЖӨ 0,5%-ға өсуі экспортпен қамтамасыз еті­леді.

«2018 жылы қазақстандық тауар­лардың және көрсетілетін қызметтердің экспорты $68,3 млрд құрап, 2017 жылмен салыс­тыр­ғанда 24,2%-ға өсті. Бұл бірін­­ші кезекте мұнай бағасының өсуі­мен байланысты, деді Р.Дә­ле­­нов. Министрдің айтуынша, шикі­заттық емес экспортқа металлургия өнеркәсібі тауарлары зор үлес қосты. Бұл – құбырлар, ме­талл конструкциялары, илемдер, қорытпалар, металдар және т.б.

Өз кезегінде Индустрия жә­не инфрақұрылымдық даму ми­нистрі Р.Скляр 2018 жылы Қа­зақстанның шикізаттық емес экс­пор­тында оң динамика байқалып отырғанын атап өтті. «Химия өнеркәсібі 2,6%-ға, минералды өнімдер 14,6%-ға, машина жасау 11%-ға, азық-түлік өнімдері 7,6%-ға өсті», деді Роман Скляр. Бүгінгі таңда Қазақстан 120 елге 800 тауар түрін шығарады. Өңдеу өнеркәсібінің негізгі экспорттық тауарлары – ферроқорытпалар, өңделмеген мырыш, тазартылған мыс, уран, мұнай газдары, трансформаторлар және аккумуляторлар. 2018 жылы дайын өнім экспорты 16%-ға артты. Биыл да шикізаттық емес экспорт өсімі күтіліп отыр.

Ауыл шаруашылығы министрі Са­пархан Омаров АӨК-ті дамыту бағ­дар­ламасында өңделген ауыл шаруашылығы өнім­дерінің экспортын 2021 жылы 2,4 млрд долларға жеткізу жоспар­ланғанын айтты. Биыл экспорт көлемі 1,27 млрд долларға же­тетін болады. «Өткен жылдың қоры­тындысы бойынша 1,125 млрд доллар сомасына 3,5 млн тонна өңделген ауыл шаруа­шы­лығы өнімі экспортталды. Бұл ретте, 275 өңделген ауыл ша­руашылығы өнімінің тауарлық тобынан өткен жылы бірінші рет өңделген өнімдердің 17 жаңа түрі экспортталды», деді С.Омаров.

Сонымен қатар өңделген АӨК өнімдерін дәстүрлі нарықтарға экспорттау көлемінің өскені байқалады, атап айтқанда экспорт Өзбекстанға – 32,4%-ға, Ре­сейге – 7%-ға, Қырғызстанға – 11%-ға, Тәжікстанға – 9,7%-ға, Мол­доваға 40,1%-ға артқан, сондай-ақ жаңа нарық саналатын Қытайға 57,5%-ға, Нидерландқа 130%-ға өскен.

Сыртқы істер министрі Б.Атам­­құлов мемлекеттік орган­дар­мен мін­деттерді ажырату бойынша ортақ түсіністік әзірленге­нін, соған сәйкес СІМ-нің сырт­қы деңгейдегі үйлестіруші ре­тін­дегі рөлі бекітілгенін атап айтты.

Өнеркәсіптік бұйымдар мен ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын ғана емес, құрылыс, логистика, туризм, ғарыш, қар­жы, медицина және білім са­лаларындағы қызметтерді қам­ти­тын тауарлық қатысуды бе­кі­ту және кеңейту мақсатында шека­ралас елдермен сауданы кеңей­туге ерекше назар аударылады», деді Сыртқы істер министрі.

Премьер-Министрдің орын­басары Жеңіс Қасымбек шикі­зат­тық емес экспорт көле­мін да­мыту және арттыру Үкі­мет жұ­мысының негізгі бағыт­тары­ның бірі екенін айтты. Стра­тегияға сәйкес 2022 жылға қарай шикізаттық емес тауарлар мен қызметтер экспортын 32 млрд долларға дейін жеткізу мін­деті тұр. Жыл сайын шикізат­тық емес тауарлар мен қызмет­тер экспорты 2,2 млрд доллар­ға артуы тиіс. Бүгінде барлық құралдар бар, бюджетте алдағы 3-4 жылға қар­жы­ландыру қарастырылған. Бір ай ішінде Жол карталары әзір­ленеді. Мем­лекеттік орган­дар­дың нақты шара­лары, оны іске асыру мер­зімі, жауапты орындау­шылар бекітілетін болады.

Мәселені қорытындылаған Премьер-Министр А.Мамин ЕАЭО аясында серіктес елдер­мен, Қытаймен және басқа да мем­лекеттермен сауда айналымын ұлғайтудың басты шар­ты отандық тауарлар мен көр­сетілетін қызметтердің бәсе­ке­ге қабілеттілігін арттыру еке­нін атап өтті. Экспорттық әлеует­ті одан әрі дамыту үшін қа­зақстандық индустрия және экспорт орталығы құрылды. Биз­нес­ті мемлекеттік қолдаудың қар­жылай құралдары өндірістен бастап экспортқа дейін бір жерде шоғырланады. «Трансшекаралық инфрақұрылымның сапасы мен қол­жетімділігін арттыру жұ­мыстарын күшейту қажет. Бұл аса маңызды, себебі көршілес сау­да серіктестеріміздің экономи­каларының өсу болжамдары тұрақты», деді Премьер-Министр.

Отандық ауыл шаруашылығы экспортын ілгерілетуге де көңіл бөлінді. «Біздің өнімдеріміз басқа елдерде танымал болуы тиіс, әрі ор­тақ экспорттық брендті құру арқылы экспортты дамыту қажет», деген Үкімет басшысы, тауарларды сыртқы нарыққа қар­қынды түрде шығару қажет еке­ніне назар аударды. Бұл үшін қазақстандық өндірушілер өн­діретін тауарлардың сапасын­ жоғарылатып, экспортқа шыға­ры­латын елдердің талаптарына және регламенттеріне толық сәй­кестігін қамтамасыз етуі қажет.

«Заманауи зертханалық базаны құру керек. Бұл бизнестің өз тауарлары мен көрсетілетін қызметтеріне тиісті сертификаттар алуына көмектеседі», деген Үкімет басшысы, экспортқа бағдарланған тауарларды халық­аралық электронды сауда алаң­дары арқылы сату мәселесін пы­сықтау қажет екенін айтты.