Саясат • 17 Сәуір, 2019

ҰЭМ Бизнестің жол картасы-2020 бағдарламасын іске асыруды жалғастырады

849 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов «Нұр Отан» партиясындағы есеп беру кезінде «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасын іске асыру барысы туралы баяндады.

ҰЭМ Бизнестің жол картасы-2020 бағдарламасын іске асыруды жалғастырады

Руслан Дәленов бағдарлама іске асырылған 4 жылдан бері республикалық бюджеттен 210 млрд.теңге бөлінгенін хабарлады. Бұл қаражат 13 мың ШОБ субъектісіне қаржы беруге, 10 мың жұмыс орнын құруға, 3,3 трлн.теңгеге өнім өндіруге мүмкіндік берді.

Министрлік дерегіне қарағанда, осы 4 жыл ішінде Бағдарлама аясында 13 231 жобаға 1,1 трлн.теңге кредит беріліп, 246,5 млрд.теңге көлемінде субсидия төленді. 2019 жылғы 1-тоқсанның қортындысы бойынша, 715 жобаға 37 млрд.теңге кредит бөлініп, ол бойынша 11,5 млрд.теңге субсидия мен кепілдік төленген.  

«Бағдарлама іске асырылған 4 жыл ішінде 7 466 жобаға 135 млрд. теңге субсидия, 4 148 жобаға 56 млрд. теңге кепілдік берілді», - деді министр.

Ол қабылданған шаралардың нәтиижесінде, ШОБ-тың экономикадағы маңызы артқанын атап өтті. Мәселен, 2015 жылы ЖІӨ-дегі ШОБ үлесі 24,9%, 2018 жылғы – 9 айда 28,9%. Осылайша, 2015 жылмен салыстырғанда, шағын және орта кәсіпкерлердің экономикаға қатысуы 4 тармақшаға өсті.

2019 жылғы 1 қаңтарда жұмыс істейтін шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 1,2 млн бірлікке жетті. Өткен жылғы осы кезеңмен салыстырғанда, бұл көрсеткіш 8,3%-ке өсті.

Еске салсақ, биыл Елбасының тапсырмасы бойынша, «қарапайым заттар экономикасын» дамыту бойынша қолжетімді кредит беру міндетін орындауға 600 млрд.теңге бөлінді. 65 экономикалық қызмет түрінің ішінен 365 тауар анықталды. Бұл кредиттерге «БЖК-2020» арқылы субсидия беріледі.

Банктер 12,8 млрд теңгенің 21 өтінімін мақұлдады. ЕДБ қарауында 69 млрд теңгенің 64 өтінімі жатыр. «Даму» қоры 7,5 млрд теңгенің 12 жобасын сусидиялау шартын бекітті

Сонымен қатар, бизнеске қаржы берудің қолжетімді болуын күшейту мақсатында бірқатар шаралар пысықталуда:

Бірінші. «Қарапайым заттар экономикасы» бойынша айналым қаражатына кредит беру үлесін 30%-тен 50%-ке дейін арттыру қарастырылуда.

Екінші. «Қарапайым заттар экономикасын» кепілдендіру құралдарын «БЖК-2020» арқылы енгізу пысықталуда.

Үшінші. «БЖК-2020» бойынша қаржыландыруды арттыру ұсынылуда.

ШОБ дамуын одан әрі ынталандыру үшін кәсіпкерлікті дамытуға қолайлы жағдай туғызуға бағытталған бизнес-ортаны дамытуға арналған заңнамалық түзетулердің 7-пакеті қабылданды.

«БЖК-2020»-ны 2025 жылға дейін ұзарту шеңберінде қаржылық қолдау құралдарын жетілдіруге бағытталған түзетулер әзірленді.  

«Бұл шаралар бизнесті мемлекеттік қолдау мен қаржыландыру шараларының қолжетімділігін, сондай-ақ оның ел экономикасына үлесін арттыруға мүмкіндік береді», деді Руслан Дәленов.