24 Шілде, 2012

Адал жолдың азабы

377 рет
көрсетілді
22 мин
оқу үшін

Адал жолдың азабы

Сейсенбі, 24 шілде 2012 7:40

Материалдармен танысып, мән-жайға қаныққаннан кейін хат иесіне: «Болар іс болып, бояуы сіңген екен. Кейін бәрі орнына келіпті ғой, өше бастаған қоламтаны енді көсеп қайтесіз», дедім. Ол ойланып қалды. Сәлден соң ғана: «Мен біреуде кегім кетті деп өшігіп жүрген адам емеспін. Аққа Құдай жақ, бәрі орнына келгені рас. Маған қара күйе жақпақ болғандардың әрекеттерінен ештеңе шыққан жоқ. Бірақ, адал атым қымбат. Мұндай қиянат қайталанбауы үшін, басқалар сабақ алсын деген ниетпен қозғап отырмын. Бұл менің жеке басыма ғана қатысты мәселе емес, керек десеңіз, елдің қауіпсіздігімен астасып жатқан жай», деді.
Несі бар. Орынды сөз. Мен онымен келістім.

Сейсенбі, 24 шілде 2012 7:40

Материалдармен танысып, мән-жайға қаныққаннан кейін хат иесіне: «Болар іс болып, бояуы сіңген екен. Кейін бәрі орнына келіпті ғой, өше бастаған қоламтаны енді көсеп қайтесіз», дедім. Ол ойланып қалды. Сәлден соң ғана: «Мен біреуде кегім кетті деп өшігіп жүрген адам емеспін. Аққа Құдай жақ, бәрі орнына келгені рас. Маған қара күйе жақпақ болғандардың әрекеттерінен ештеңе шыққан жоқ. Бірақ, адал атым қымбат. Мұндай қиянат қайталанбауы үшін, басқалар сабақ алсын деген ниетпен қозғап отырмын. Бұл менің жеке басыма ғана қатысты мәселе емес, керек десеңіз, елдің қауіпсіздігімен астасып жатқан жай», деді.
Несі бар. Орынды сөз. Мен онымен келістім.

Енді негізгі әңгімеге көшейін. Хат иесі деп отырғаным – Елеусіз Шағыр­бай­ұлы Айтбаев. Жасы алпысты алқымдап қалған азамат. Екі бірдей жоғары білімі бар. 1976 жылы Қазақ политехникалық институтынан инженер-құрылысшы ма­­мандығын алып шықса, 2002 жылы Тұрар Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық универси­тетін «Мемлекеттік және муниципалдық басқару» мамандығы бойынша тәмамда­ған. Біраз істің тізгінін ұстаған, қызмет баспалдақтарымен өсіп отырған. Соның бәрін тізбей-ақ, Елеусіз Айтбаевтың 1979-2008 жылдар аралы­ғында Шымкент облысы Жетісай аудан­дық комсомол комите­ті­нің бірінші хатшысы, республика Ауыл шаруашылығы министрлігінің №3 «Жеті­сайауылқұ­ры­лыс» тресі біріккен кәсіподақ комитетінің төрағасы, Жетісай қалалық атқару коми­те­тінің төрағасы, Мақтаарал ауданы әкі­мі­нің орынбасары, Қазақстан Рес­публи­касы Табиғи монополияларды рет­теу және кәсіпкерлікті қорғау, шағын бизнесті қолдау жөніндегі агенттігінің бөлім бас­тығы, Солтүстік Қазақстан облысы бойынша еңбекпен қамту және әлеу­мет­тік бағдарламаларды үйлестіру департа­мен­ті бастығының бірінші орынбасары қыз­меттерін атқарғанын айтсақ та, оның билік тармақтарында еңбек ете жүріп едәуір тәжірибе жинақтаған маман еке­ніне көз жеткіземіз. 2008 жылдың 28 шіл­де­сінде Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау минис­тр­лігінің Көш-қон комитеті төрағасының бұйрығы бойынша ауысу тәртібімен Ақмола облыс­тық көші-қон департамен­тінің директоры болып тағайындалғанда да оның осы қасиеттері ескерілген шы­ғар-ау. Алайда ол бұл орында көп отыра алған жоқ. Арада төрт ай өтпей жатып қызметінен босатылды. Осы арада Е.Айтбаев айналасы үш-төрт айдың ішінде не бүлдіріп тастады екен деген сауалдың ойқастап шыға келуі заңды. Бұл жөнінде комитет төрағасы қол қойған бұйрықта «мемлекеттік қызмет­шінің өзіне жүктел­ген міндеттерді орын­дамағаны және тиі­сінше орындамағаны үшін» делінген. Бі­рақ Е.Айтбаев бұл тұжы­рыммен келіс­пей­­ді, бәрі ойдан шығарыл­ған, жала дейді.

Қалай десек те, Е.Айтбаев пен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау минис­тр­лігі Көш-қон комитеті басшыларының арасында бір келіспеушіліктің болғаны анық. Бұл неден басталды? Хат иесінің айтуынша, ол жаңа қызметін айналым­дағы құжат­тармен танысудан бастайды. Осылай жұ­мыстың атқарылу сапасының төмен еке­ніне, берілген тапсырмалардың уақытылы орындалмайтынына көз жет­кізеді. Депар­таменттің кейбір қызметкер­леріне жібер­ген кемшіліктері үшін алға­шында ауызша ескертулер жасайды. Көші-қон комитеті төрағасының 09.06.08 ж. №26-ө бұйры­ғына сәйкес осыған дейін «Ақмола облысы бойынша көші-қон бас­қармасы» аталып келген мемлекеттік меке­мені «Ақмола облысы бойынша көші-қон департаменті» деп өзгертеді, жаңа мөр, мөртабан жасатады, басқа да ұйымдастыру шараларын қолға алады.
Соған қарамастан, кейбір қызмет­кер­лер бұрынғы әдеттеріне басып басшының сын-ескертпелеріне құлақ аспайды, ескі құжат­тарды пайдалануларын жалғастыра береді. Ол ол ма, кейбіреуі мекеме мөрі­нің заңсыз құжаттарға қойылуына жол береді. Осыған байланысты департамент басшысы түрлі мәселелермен келген орал­мандарды күн сайын өзі қабылдап, мамандарға нақты тапсырмалар беріп отырады. Мұндай тәр­тіпке дағдыланбаған департамент қызмет­керлері жауапкер­ші­лік, икемділік таныта қоймайды. Оның арты белгілі ғой, жұмыс­та жіберген кемшіліктері үшін бірнеше маманнан түсініктемелер алынып, ескертулер жасалады. Жаңа басшының осындай орынды талабы, қолданған шаралары ең алдымен бұрынғы бастығының тұсында ойына не келсе соны істеп, еркін жүруге үйреніп қалған департамент бастығының орынбасары Е.Исеновке ұнамайды. Енді Е.Айт­баев мамандарға және өзінің орынбасары Е.Исеновке тапсырманы жазбаша беріп, олардың орындалуын қатаң қадағалайды, кемшіліктерін көзге шұқып көрсетіп, алда­ғы уақытта оларды болдырмауды талап етеді. Қандай кемшілік десеңіз, олардан аяқ алып жүре алмайсыз. Мысалы, Өзбек­станнан келді деген «оралман» Насиба Мылтықбаеваның туу туралы куәлігі жал­ған болып шығады. Мұндағылар бұрын Өзбекстанмен шекаралас аудандарда басшы қызметтер атқарған Е.Айт­баевтың өзбек тіліне жетік екенін қайдан білсін, бұрынғы әдеттерімен біреу­лердің сыртынан шала-шарпы толтырыл­ған құ­жат­тарды тықпалай береді. Н.Мыл­тықбаева төлқұжа­ты бойынша Өзбекстан Республикасынан тіркеуден шықпаған. Соған қарамастан, көші-қон полициясы оның тұрақты мекені Щучинск қаласы, Толкунов көшесіндегі 20-үй деп көр­сет­кен. Бұл да түк емес, ең бастысы – кво­та­ға қосу туралы өтінішке Н.Мылтықбае­ваның өзі қол қоймаған. Сол сияқты, Айгүл Мейір­ханова деген азамат­ша­ның тууы туралы куәлігінің бланкісі Ташкент облысы әділет басқармасыныкі де, Бұхара облысының Ромитан ауданы ау­ма­ғындағы Газли қала­сы­ның мөрімен рас­талған. Ал шын мәнінде Газли шаһары әкім­шілік бөлінісі бойынша Ромитан ауданына қа­ра­майды. Демек, ұсынылып оты­рыл­ған құ­жат жалған. Мә­риям Асанова­ның, Ұл­бол­сын Сәденованың туу туралы куәлік­терінде де осындай өрескел қателік­тер көзге ұрып тұр.
Е.Айтбаев қарамағындағылардан жі­бе­ріліп жатқан кемшіліктердің себептерін сұрамай ма. Бірақ мардымды жауап ала алмайды. Осындай бірен-саран ғана кем­шілік болса бір сәрі ғой, жаңа басшы мәселеге терең бойлаған сайын неше түрлі былық-шылыққа тап болады. Кей­бір азаматтардың туу туралы куәлік­те­рінің көшірмесінде мөрі жоқ, әшейін қағаз, құжаттардың толтырылуында көп­те­ген сәйкессіздіктер кез­деседі. Ал ма­ман­дардың берген жауаптарында ешқан­дай қисын жоқ. Өзбекстаннан келді деген Ш.Худжоназаров, О.Сахатов сияқты «орал­мандардың» құжаттарының бар­лығы жалған және өздерінің немесе отбасы мүшелерінің Қазақстанға ешқашан келмегені анықталды.
«Осы кезде мен кейбір қызметкер­ле­р­дің өз жұмыстарын адал атқармайтын­дарына, жұмыстағы міндеттерін асыра пайдаланатындарына көз жеткіздім. Мысалға құжат­тарды қарап отырып департамент бастығ­ы­ның орынбасары мен бас бухгалтер өзім осы жұмысқа ауысып келгеннен кейін, 2008 жылдың тамыз айының басында оралмандардың тиісті ақшаларын маған ескертпестен қазына­лық банк арқылы аударғанын білдім. Олардан сол үшін түсініктемелер алдым. Моңғолиядан көшіп келген Мошке Толқынның отбасының құ­жаттары дұрыс толтырылмаған. Алғашқы шешімде отбасы мүшелері 8 адам деп көрсетілсе, мен ескерту жасағаннан кейін олардың саны 5 адам болып шыға келді. Олардың ойла­ғандары іске асқанда, мемле­кеттің шамамен 430 мың теңге қаржысы ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кететін еді. Осы кезде Ақмола облысы бойынша ішкі істер департаментінен аталмыш өңірден оралмандар ретінде қаржылай жәрдемақы алғандығын растайтын Өзбек­стан Рес­пуб­ликасының 34 азаматының аттары көрсетілген сұрау-хат келді №10/4-1163, 27.11.08 ж. Хатта жалған «оралман­дардың» үстерінен қылмыстық іс қозғал­ғандығы айтылған. Олардың тізімін базадан қарастырғанымызда облыстық көші-қон басқармасынан 26 миллион теңгеден астам ақша алғандары анықталды. Бірақ ол ақша оралмандардың қолына тиді ме болмаса жолдан біреулер қағып кетті ме, ішкі істер департаментіндегілер істі негізсіз жауып тастағандықтан бұл жағы анықталмай қалды. Кейін тексеріс барысында анық көз жеткізілген жай – олардың ешқайсысы Ақ­мо­ла облысына шын мәнінде көшіп келмеген және есепке тұрмаған», дейді Е.Айтбаев.
Осы арада мемлекет қаржысына қол сұғушылық фактілеріне ең алдымен бұл іске жол берген жергілікті көші-қон қыз­меткерлері, солармен жұмысы байланысты тиісті лауазым иелері жауапты екенін басын аша айтып алу шарт. Әрине, осындай келеңсіздіктерге көз жеткізген Елеу­сіз Ша­ғырбайұлы қарап отырмайды, өз тарапынан тиісті шаралар қолдана бас­тайды. Сапасыз және күмәнді құжат­тарға қол қой­май кері қайтарып отырады, жұмыс тәрті­бінің жоғары болуын талап етеді. Батырға да жан керек деген емес пе, оралмандарға бөлінген бюджеттің қар­жысын жалған құжаттармен қымқы­рудың қиындап бара жатқанын түсінген қарсы топ жауапкер­шілік­тен құтылу, өздерінің жұмыс барысында жіберген заң бұзушылық әрекет­терінің ізін жасыру үшін қорғаныстың ең тиімді тәсілі – шабуыл дегендей, неше­түрлі қитұрқы қи­мыл­дарға көшеді, жаңа бастықтан құты­лу­дың жолдарын қарас­тыра бастайды, оның үстінен Көші-қон комитеті төраға­сының атына арыз түсіреді. Ақыры сол арыздың негізінде Е.Айтбаев қызметінен босатылады.
Елеусіз Шағырбайұлы істің осылай насырға шабатынын білмеді емес, білді. Оның алдын алуға, жағдайды ушықтыр­мауға тырысты. Сөйтіп, осы саладағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы шығу, ҚР «Ха­­лықтың көші-қоны туралы» (13.12. 1997 ж. №204) Заңы мен ҚР Үкіметінің «Квота бойынша оралмандарға тұрғы­лық­ты же­ріне көшіп келу шығындары, үй мүлкін көшіру (оның ішінде малдарын), үй-жай сатып алу үшін қаржыларын бөлу және бір реттік жәрдемақы төлеу Ережесін бекіту туралы» (6.01.2006 ж. №15) қаулысының мүлтіксіз орындалуын қатаң талап ету, «делдалдар» мен арам пиғылды мамандар­дың өтірік құжаттар дайындап, оралман­дарға тиісті бюджет қаржысын жымқыру­ларына тосқауыл қою парызым деп сана­ған ол бар жағдайды өзінің тікелей басты­ғына хабарламақ болады.
Ол: «2008 жылдың 1 желтоқсаны күні Көші-қон комитеті төрағасының орынбасары Нұрахмет Сақтағановтың қабыл­да­уына келіп (төраға ауырып, қызмет орнында болмады), жұмыс жағдайында орын алып отырған келеңсіздіктер жайлы, кейбір ма­мандардың комиссияның қа­рауына күмән туғызатын құжаттар ұсы­на­тындығын, оның ішінде жалған құжат­тар­дың көптеп кездесетінін айтып, заңсыз әрекеттерді тоқтатуға жәрдем беруін сұ­радым, олардың бірсыпырасын комитет­тің жауапты қыз­мет­керлеріне көрсеттім, дейді. Бірақ олар: «Көрмес түйені де көрмес», дегендей, елең еткен жоқ. Қайта комитет төрағасы мен оның орынбасары Н.Сақтағанов департаментте істейтін арыз жазушыларды барынша қорғаштап, маған дейін осы қызметті атқарған директор секілді құжаттарға қо­лымды қоюым керектігін (құжаттар кү­мәнді бола тұра, қылмысқа итермелейті­ніне қарамастан) айтып, маған қызмет бабында қысым көрсете бастады. Олардың қысымына қа­рамастан, елімізге, оның ішінде Ақмола облысына көшіп келмеген «оралмандар­дың» отбасыларына тізім бойынша бюд­жеттің қаржысын бөлуден бас тарттым».
Ол арада үш күн өткеннен кейін 2008 жылдың 9 желтоқсанында Н.Сақтағанов ар­қы­лы Көші-қон комитетіне Астанаға шақы­ру алғанын, комитет басшыларының орал­мандардың құжаттарын тексерумен көп айналыспауды, ескертулерді көбейт­пей департамент мамандарының ұсынған қа­ғаз­да­рына қол қоя беруді сұрағанын, өзіне дейін болған директор жұмысын солай атқарға­нын және оның комитет басшылары алдында жақсы есепте болғанын жет­кізгенін, оған өзінің мен заң бұзу­шылыққа бара алмаймын, қызметімді заң аясында, ел үкіметінің біздің жұмысқа қатысты қаулыларының талаптарына сай атқара­мын, жалған «оралмандар» арқылы бюд­жеттің қаржысын бөлгізбеймін, бұл сала­дағы сыбайластық қылмыс жайлы Солтүс­тік Қазақстан облысында қызмет атқарған­нан хабардар еке­нін, оның арты жақсы­лыққа алып бармайтынын ес­керткенін, комитет басшысы өз талаптарын орында­маған жағдайда қыз­меттен босайсың, тіпті статьямен қуыла­сың деп қатуланғанын айтады.
Е.Айтбаевтың Солтүстік Қазақстан облысында орын алған келеңсіздікті алға тартып, безектеуінің жаны бар. Бұл кезде осы облысқа келген 700 оралман от­ба­сының жәрдемақы алысымен ізім-ғайым жоғалып кеткенін бүкіл ел білетін. Осындай қулық-сұмдықты комитеттегілер естімеді, білмеді дей алмайсың. Білді. Бірақ жоғарыда келті­рілген мысалдарға қарағанда, олардың қыл­мыстың алдын алу, миллиондаған теңге (миллиардқа да шығып кетуі мүмкін) мемлекет қаржы­сының өз мақсатына жұм­салуы үшін тиісті шаралар қолданбағаны айдан анық. Қалай десек те, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Көш-қон комитеті басшыларының орал­ман­дарға бөлінген қаржының талан-тара­ж­ға түсіп жатқаны жайлы әңгіме өршіп тұр­ған кезде, жергілікті жерден және белгісіз біреуден емес, осы іспен көптен айналысып келе жатқан жауапты адамнан, департамент басшысынан түскен хабарға назар аудармаулары, жылы жауып қоя салулары түсініксіз. Әлде, олар жау жағадан алғанда, бөрі етектен тартты деп намыс­танды ма екен? Әй, қайдам? Мен бұл арада комитет басшылары жемқорлармен жең ұшынан жалғасып, қыруар ақшаны қалталарына бас­ты дегенді айтқалы отырған жоқпын. Бұл мәселемен, қажет болса, құқық қорғау органдары айналы­суға тиіс. Өкінішке қарай, Е.Айтбаевтың айтуына қарағанда, олар бұған баспай отыр. Оны Ақмола облыстық ішкі істер басқармасының тайға таңба басқандай анықталған жағдайды жылы жауып қоя салғанынан да аңғаруға болады.
Жоғарыда кейіпкеріміздің іске кіріс­пей жатып қызметінен босатылғанын айт­тық. Осыдан кейін комитет төрағасының бұй­ры­ғын заңсыз деп санаған Е.Айтбаев өзін негізсіз қудалаудан қорғауды сұрап Астана қаласы Алматы аудандық сотына шағым түсіреді. Сот бұл талап арызды азаматтық іс ретінде қарап, 2009 жылдың 23 қаң­тарында Е.Айтбаевты бұрынғы ат­қарған лауазымды қызметіне қайта тағай­ындау туралы шешім шығарады және Көші-қон комитетін Е.Айтбаевқа 2008 жылдың 10 желтоқсаны 2009 жылдың 23 қаңтары аралығында лажсыз бос жүргені үшін 142 мың теңге төлеуге міндеттейді. Сот шешім қабылдағаннан кейін ол тез арада орын­далуға тиіс. Бірақ басқа қызметке ауысып кеткен бастығының орнын уақытша басып қалған Н.Сақтағанов қалалық сотқа, Жоғарғы Сотқа шағым­данатынын айтып, Е.Айтбаевты жұмысқа қайта қабылдаудан үзілді-кесілді бас тартады. Осылай әуре-сарсаңмен біраз уақыт өтіп, бұл мәселе комитет төрағасы болып Қабылсаят Әбішев тағайындалғаннан кейін ғана шешіледі. Қ.Әбішев 2009 жы­л­дың 11 наурыз күні №13-ж бұйрық шы­ғарып, Е.Айтбаевты бұрынғы қызметіне тағайындайды. Е.Айтбаев әділдік іздеп соттың табалдырығын тоздырып жүрген­де комитет Е.Исеновті Ақмола облы­сының көші-қон департамен­тінің директоры етіп тағайындап қойған еді. Комитет басшылары осы мәселені оң­тайлы шешудің орнына Е.Айтбаев жұмы­сына кірісер-кіріспесте, 13 наурыз күні коми­тет­тің екі қызметкерін оның үстінен 11 наурыз күні түскен арызды тексеруге жібереді. «Жұмысқа кіріспей жатып нені тексеретіндерін түсінбей аң-таң болдым. Кейін түсіндім, бұл маған жұмыс істетпеу мақсатында ұйымдастырылып отырылған қудалаудың басы екен. Бұл тексерудің барлығы бұрыннан ойластырылып, комитет басшылары тарапынан сценарийі түзі­ліп қойылғаннан кейін, менің шындықты дәлелдеп жатуымның ешқандай қисыны келмейтіні, ол дәлелдеуді тексерушілер­дің құлаққа да ілмейтіні белгілі болды. Содан Е.Исенов бастаған топ айқайлап-шулап жүріп тексерушілерге хаттама түзгізді. Жиналыста ойларына келген­дерін айтып бақ­ты» деп еске алады сол күнді Е.Айтбаев.
Ұзын сөздің қысқасы, осыдан кейін Е.Айтбаев комитет басшы­ларының «көме­гі­­­мен» жұмысынан тағы да қол үзуге мәж­бүр болды. Ол өзінің кінәсіз екенін мың мәрте дәлелдесе де қарсы­лас­тарының тоқ­та­майтынын сезді. Оқиғаның одан әрі өр­буі Е.Айтбаевтың бұл күдігін де расқа айналдырды. Әділдік іздеймін, өзіме жүктел­ген міндетті адал атқарамын, мемлекет қаржысының өз мақсатына жұмса­луын қамтамасыз етемін деп сау басына сақина тілеп алған Е.Айтбаевты қайт­кенде де тізе бүктіруге, Ақмола облыстық көші-қон департаментінің есігінің қай жақта екенін ұмыттыруға бел буған қарсы топ енді оның өзінің үстінен қылмыстық іс қозғатады. «Ақмола облыстық қаржы полициясы тергеу басқармасының басты­ғы Ерік Есенов және Жанат Ақмолдин қоқан-лоқы, қорқы­ту-үркіту арқылы мені ҚР Қылмыстық кодексінің 307-бабының 2-тар­мағы бойынша жауапқа тартпақшы болды. Заңсыз әрекет­терге барып менің жеке басымды куәландыратын құжатым­ды себебін түсін­дір­местен тартып алды. Осындай әрекет­тері үш жыл бойы жал­ғасты. Іс болса Ақмола облыстық қаржы полициясы, Ақмола облыстық және Көкшетау қалалық прокуратуралары арасында айналып, бірі­нен біріне ауысып отырды. Маған не үшін айып тағатын­дарын, құжаттарын көрсету­лерін ауызша да, жазбаша да өтін­геніме қарамастан, талап-тілегімді ұдайы аяқсыз қалдырып отырды Мен істі сотқа өткі­зулерін сұ­радым, оған да құлақ аспады. Соңында әбден шаршағаннан кейін мен тергеушіге бұлай жалғаса беретін болса департа­мент­ті сотқа беретінімді айттым. Ме­нің ісіммен төрт тергеуші (Ж.Ақмол­­дин, Е.Рахматуллин, Н.Шоханов, Қ.Избанов) бірінен соң бірі кезекпен айналысты. Ақы­ры олар заңсыз әрекеттерінен ештеңе шық­паған соң, қылмыстық істі тоқтатуға мәж­бүр болды», дейді хат иесі. Бұл жөнінде Е.Айтбаевтың қолында екі құжат бар. Біріншісіне Көкшетау қаласының прокуроры Б.Бөлегенов, екіншісіне Қа­зақстан Республикасы Бас прокура­турасының құ­қық­­тық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті төр­ағасының бірін­ші орынбасары С.Нұр­лы­бай қол қойған. Екі құжатта да Е.Айт­баевтың ешқандай қыл­мыс жаса­ма­ғаны айтылады.
Әңгімені соза берсек, осыдан кейін де Е.Айтбаевты жазықсыз қудалағандарға, жа­ла жапқандарға қатысты сауалдар егіз қозыдай өре берейін деп тұр. Бірақ оларға біз төреші болмайық деп ұйғардық. Өмір­дің шындығы сол – біреуге жасалған қия­нат қайта айналып соғады, соққанда оң­дыр­май соғады, кім болсаң да сазайыңды береді, тәубеңе келтіреді. Бір ойшыл: «Жаладан да қорқынышты қару бар, ол – ақиқат», деген екен. Иә, жаланың жолы жі­ңішке, ақиқат жеңеді. Бұл жолы да ақиқат жеңді!

Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ,
«Егемен Қазақстан».