Әлем • 18 Сәуір, 2019

Салық әкімшіліктері ынтымақтастығының бірінші форумы

1010 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін Учжэнь қаласында (Чжэцзян провинциясы, Қытай) Салық әкімшіліктері ынтымақтастығының бірінші форумы салтанатты түрде ашылды. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитетінің Баспасөз қызметі хабарлады.

Салық әкімшіліктері ынтымақтастығының бірінші форумы

Іс-шараға 50 елдің салық әкімшілігінен 300-ден астам делегат, 4 халықаралық және аймақтық ұйым, 6 ғылыми академия, сондай-ақ бизнес-қоғамдастық өкілдері қатысты. Жиынды Қытай Мемлекеттік салық әкімшілігі «Бір белдеу – бір жол» бастамасы шеңберінде ұйымдастыр отыр.

Қазақстан делегациясын Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Марат Сұлтанғазиев басқарады. Конференцияға қатысушылар Кеңестің басшылар құрамын сайлады. Кеңестің төрағасы болып Қытай Мемлекеттік салық әкімшілігінің министрі Ван Цзюнь мырза, ал оның орынбасары болып Марат Сұлтанғазиев сайланды. 

Өз сөзінде Марат Сұлтанғазиев Конференция қатысушыларының Қазақстан Республикасына деген сенімін жоғары бағалап, алға қойылған міндеттерді жүзеге асыру үшін бар күшін салатындығына сендірді.

Форум делегаттары осы бастаманы жүзеге асырудың бастапқы нүктесі болатын Салықтық әкімшіліктендіру саласындағы ынтымақтастық механизмі туралы меморандумға қол қойды.

Конференция барысында тараптар 5 негізгі тақырып бойынша пікір алмасуды жоспарлап отыр. Атап айтқанда: салық әкімшіліктерінің әлеуетін арттыру, заң үстемдігі, салықтық сенімділіктің деңгейін арттыру, салық заңнамасын жетілдіру және салық әкімшіліктерін цифрландыру.

Қатысушылар тәжірибені, білім мен ресурстарды экономиканың үздіксіз және тұрақты дамуын қамтамасыз ететін достық салықтық ортаны құруға бағыттауды көздейді.