Қоғам • 19 Сәуір, 2019

Студенттер республикалық олимпиадада бақ сынауда

1348 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Еліміздің әр өңірінен жиналған жастар Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде ағылшын, неміс тілдері бойынша республикалық студенттік олимпиада бақ сынап жатыр. Бір ерекшелігі, қатысушылар – тілдік емес мамандықтардың 1-2 курс студенттері.

Студенттер республикалық олимпиадада бақ сынауда

Атаулы шара Жастар жылының аясында ұйымдастырылды. Бақ сынаушылар әр аймақтағы жоғары оқу орындарында іріктеуден өтіп келген. Сондықтан болашақ аудармашы немесе шет тілінің маманы болмаса да, заман талабына сай ғаламдық тілдерді меңгеруге талпынып жүрген талапкерлер өте қабілетті. Ұйымдастырушы, аға оқытушы Қарлығаш Жәлелқызы осы жылы 98 студент қатысып отырғанын айтты. «Республиканың әр түкпірінен жеткен жалынды жастардың басын қосатын олимпиаданы филология факультетінің шетел тілдер кафедрасы бес жылдан бері жыл сайын ұйымдастырып келеді. Қатысушылардың 32-сі неміс тілінде, 62-сі ағылшын тілінде бақ сынауда», дейді. Оның айтуынша, Назарбаев университетінен екі оқытушы, «Inter press» халықаралық тіл орталығынан келген әдіскер үздіктерді анықтауда тәуелсіз сарапшы болмақ. Ал шараны ұйымдастыруға АҚШ, Германия мен Британия елшіліктері қолдау көрсеткен.

Олимпиада екі турдан тұрады. Бірінші кезеңде қатысушылар тілдің B1/B2 деңгейінен тыңдалым, лексика-грамматика және оқылым бойынша тест тапсырса, екінші турда «Бүгінгі жас – ертеңгі болашақ» (Today’s Youth – Tomorrow’s Future) тақырыбында жоба қорғайды. Тестілеуге 2 сағат бөлінсе, екінші кезеңдегі әр презентацияға 5 минут уақыт берілген.

Олимпиадаға қатысушы Ерсұлтан Омар Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің «Сәулет-құрылыс» факультетінде оқиды. «Осыған дейін облыстық оқушылар арасында өткен тілдік олимпиадаға қатыстым. Республикалық деңгейдегі байқауға алғаш келіп  тұрмын. Бірінші тур бұрыннан таныс тестілеуден тұрады. Мен үшін екінші кезең қызық болып тұр. Өйткені онда тілді қалай меңгергенің ғана емес, идеяң, ойың және оларды жеткізу қабілетің сынға түседі», дейді Ерсұлтан. Ол қарсыластарының мықты екенін сезсе де, жеңістен үмітті.

Олимпиада қорытындысы бүгін, яғни 19 сәуір күні кешкі сағат 18.00-де белгілі болады.