Бақыт Сұлтанов кезекті ретте азаматтарды қабылдады. Қабылдауға көпбалалы бір топ ана келді. Олар көтерген басты мәселелер тұрғын үй, атаулы әлеуметтік көмек алудағы қиындықтар, балаларды балабақшаларға және жазғы лагерьлерге орналастыруға қатысты болды. Мәселен, Ұлжан Мырзагелдиева төрт баланы тәрбиелеп жатқан жалғызбасты ана. Ол балабақшада жұмыс істейді. Қазіргі таңда мемлекеттік қызметкер ретінде жалға берілетін тұрғын үй кезегінде тұр. Кезетк ол 7183-ші орында. Алатын жалақысы 80 мың теңге жалғыз басты анаға қаржы жинап «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкінің» бағдарламаларын пайдалануына мүмкіндік бермейді.
Сондай-ақ, оның жанұясына АӘК төленбейтіндігі белгілі болды. Оның бірнеше себебі бар: атап айтқанда, бірінші тоқсанда жан басына шаққандағы орташа табыс «кедейлік шегінен» жоғары болған. Бір айда берілген премияның есебінен Ұлжан Мырзагелдиева АӘК ала алмай отыр. «Олар АӘК жаңа формат бойынша санады. Айырмашылық 5 мың теңгеге жуық», – деді қоғамдық даму істері басқармасының басшысы Данияр Есин әкімге. Бақыт Сұлтанов жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының өкілдеріне жағдайды тағы да бір мәрте қарап, АӘК есептерін қайта санауды тапсырды. Әкімнің жеке қабылдауына келген аналардың барлығын тұрғын үй мәселесі алаңдатады. Олар әкімнен мемлекеттік қордан тұрғын үйді бөлуді жеделдетуді сұрады.
«Тұрғын үй кезекке сай беріледі. Кезекті айналып өту мүмкін емес, олай болмайды да. Бірақ біз көпбалалы отбасылардың тұрғын үй мәселесін мүмкіндігінше жылдам шешуге тырысамыз. Тұрғын үй алудың түрлі нұсқалары бар. Өздеріңіз білетіндей, Елбасы көпбалалы отбасыларға жылына 2% жеңілдікпен несие беруді тапсырған. Бұл шаралар Үкіметтің жеңілдетілген ипотекалық несие ережелерін бекіткеннен кейін жүзеге асырылатын болады», – деді қала әкімі. Қазір Нұр-Сұлтанда 12 мыңға жуық көпбалалы отбасы бар. Олардың 2969-ы тұрғын үй кезегінде тұр. Әкімдікте тұрғын үйге мұқтаж адамдар тиісті құжаттарды ұсынып, тұрғын үй алу үшін ресми түрде кезекке тұру керектігін еске салды. Көпбалалы аналар көтерген тағы бір мәселе – тұрғылықты жері бойынша тіркелу, бұл сондай-ақ, АӘК алу үшін де қажет. Пәтер иелері көпбалалы отбасыларға тұрғын үйді жалға бергісі келмейтінін, сондықтан аналар пәтер жалдаған кезде балаларды пәтер иелерінен жасыруға мәжбүр екендігін айтты. Ал егер жалға берген күннің өзінде жалға алу құжатын рәсімдегісі келмейді. Олар мұндайға коммуналдық төлемақының көтерілмеуі үшін барады. Егер тіркеуді ресімдесе, коммуналдық төлем өседі. «Біз «резеңке пәтерлермен» күресуіміз керек, жалға берілетін бизнес заңды болуы керек.
Егер олар жалдамалы тұрғын үй арқылы табыс тапқысы келсе, бәрін ресми түрде жасауы тиіс. Мүмкін, бұл бағалардың белгілі бір деңгейде ұлғаюына алып келер, бірақ тәртіп болады», – деген әкім пәтерді жалға берушілерге әсер ету жолдарын әзірлеу үшін полиция бөлімінің өкілдерімен, басқа мүдделі ведомстволармен кездесу өткізуге тапсырма берді. Аналар әкімге АӘК алу қиындықтары туралы шағымданды: шынымен мақсатты көмекке мұқтаж бола тұра, олардың көпшілігі оны алу критерийлеріне сәйкес келмейді. Аналар заңнаманы жетілмеген деп санайды.
Бұл мәселе жергілікті биліктің құзыретіне кірмейтіндіктен, ұсыныстарды Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау министрлігіне беру туралы шешім қабылданды. Бұдан бөлек, көпбалалы отбасылардағы балаларға арналған жеңілдіктер туралы ақпарат берілді: балабақшаларға тегін бару, қоғамдық көлікте тегін жүру, жазғы лагерлерге бару. Қазір тегін жолдамалар аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға берілуде. Бірақ егер отбасы табысы аз деп есептелмесе де, бірден төрт баланы жазғы лагерге жіберу мүмкін емес. Бұл мәселе бірден шешілді. Бақыт Сұлтанов барлық көпбалалы отбасылардан шыққан балаларға лагерьлерге ақысыз жолдамалар беруді білім басқармасы басшысының орынбасары Дулат Жекебаевқа тапсырды. Осы жылдың ақпанынан бастап қала әкімі 300-ге жуық азаматты қабылдады, оның көбісі – көпбалалы аналар.