01 Ақпан, 2012

Жолайырық

403 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Жолайырық

Сәрсенбі, 1 ақпан 2012 7:27

Елiмiздiң ең беделдi мұнай компа­ниясының бiрiнде қызмет ететiн Досжан өмiрiнде бiрiншi рет мұхит асып, АҚШ-қа қырық күндiк тәжiрибе алмасуға барған сапарынан қайтып келе жатты. Нью-Йорктен мiнген “Боинг” ұшағы Еуропаның бір әуе­жайына тоқтап дамылдаған соң Алма­тыға тура жетiп қонбақшы.
Елудiң бел ортасын еңсерген жiгiт ағасы талайдың аңсаған арманына айналған Америка Құрама Штаттарына жолы  түсiп, әлемдегi еркiн өмiрдiң символы саналатын елдi қалауынша тамашалауға мүмкiндiк болды деп көңiл демдегенмен, ондағы айдан астам уақыт аяғына жеткiзбей, жалық­тырып-ақ жiберген едi. Тү-у қиянда қалған үй iшiмен телефон арқылы күнде бiр мезгiл хабарласып, дауыстарын естiп тұрғанымен, әйелiн, бала-шағасын, өзiнiң қызмет орнын, ұжымын, қала бердi туған қаласын қатты сағынып қалыпты. Әуе лайнерiне отырғызу рәсiмi бiткенше дегбiр таппады. Одан ұшақ көкке көтерiлгенде ғана өрекпiген сезiмi сая­бырсып, ендi екi жағына жайғасқан жолау­шыларға назар сала бастады.

Сәрсенбі, 1 ақпан 2012 7:27

Елiмiздiң ең беделдi мұнай компа­ниясының бiрiнде қызмет ететiн Досжан өмiрiнде бiрiншi рет мұхит асып, АҚШ-қа қырық күндiк тәжiрибе алмасуға барған сапарынан қайтып келе жатты. Нью-Йорктен мiнген “Боинг” ұшағы Еуропаның бір әуе­жайына тоқтап дамылдаған соң Алма­тыға тура жетiп қонбақшы.
Елудiң бел ортасын еңсерген жiгiт ағасы талайдың аңсаған арманына айналған Америка Құрама Штаттарына жолы  түсiп, әлемдегi еркiн өмiрдiң символы саналатын елдi қалауынша тамашалауға мүмкiндiк болды деп көңiл демдегенмен, ондағы айдан астам уақыт аяғына жеткiзбей, жалық­тырып-ақ жiберген едi. Тү-у қиянда қалған үй iшiмен телефон арқылы күнде бiр мезгiл хабарласып, дауыстарын естiп тұрғанымен, әйелiн, бала-шағасын, өзiнiң қызмет орнын, ұжымын, қала бердi туған қаласын қатты сағынып қалыпты. Әуе лайнерiне отырғызу рәсiмi бiткенше дегбiр таппады. Одан ұшақ көкке көтерiлгенде ғана өрекпiген сезiмi сая­бырсып, ендi екi жағына жайғасқан жолау­шыларға назар сала бастады.

Алдымен қазақы бауырмалдығымен қасындағылармен есендесудi ойлады. Сол қапталдағысына көз тастап едi, көршiсi ағылшын нәсiлдес егде әйелдiң жарты бетiн жапқан күңгiрт көзiлдiрiгiнiң арғы жағын­дағы жанар шуағын көре алмады және қай тiлде сәлемдесетiнiн бiлмей, сөзден тосы­лың­қырады. Оң қабатындағы қоңсысы уыздай өндiр, мөлдiреп тұрған бұла түрi азиат тектес, әлi ұстара тимеген түбіт мұрты, от шашқандай мойыл көздерi, қоңыр барқын жүзi тура қазақтың баласындай көрiндi. Осы сәтте: Америкада “Болашақ” бағдарла­масымен оқитын жеткішектің бiрi де болуы мүмкiн-ау», деген ой санасын қағып өтті оның. Сол-ақ екен сүйкiмдi бозбаланың мұнтаздай үстi-басына ұрлана зер салып, өзiне iштартып отырды да, сәлден соң қазақша сөз қатты.
– Сәлеметсiң бе, қарағым! Елге қайтып бара жатырсың ба?
– Es! Es! Каzаkhsтаn! – деп күлiмсiреп жауапты ағылшынша қайтарды сапарлас жiгiт.
– Қазақстанның қай қаласында тұрасың? Алматыда ма? – дедi Досжан тағы да Алма-Ата, – деп жолсерiгiнiң орысша, ағылшын­ша араластырып тiлi кiбiртiктегенiнен қа­зақ­шаға мүлдем жоқ екенiн тез аңғара қойған ол ендi тiкесiне көштi.
– Spikig Englishс and Pussan? –
– Es! Es! Spikid Endlishc!
Екеуiнiң ендiгi әңгiмесi ары қарай ағылшынша жалғасты. Досжан ағылшын тiлiн бiр кiсiдей-ақ бiлетiн-дi. Қазақ-аме­рикан бiрлескен кәсiпорнында жұмыс iсте­ге­нiне жиырма жылға жақындады. Жоғары оқу оқығанда негiзгi маман­дығын меңгеруге қоса, түбiнде бiр керегi болар деп ағылшын тiлiн де үйренуге ден қойып едi. Сол талабы қызметiнде ақыры кәдеге асты. Америка­лықтар Қазақстан­ның мұнайын игеруге көз тiккенде Досжан соларға нағыз “iздегенге сұраған” болып шыға келген.
Мiне, ендi, Қазақстанға бiрге ұшып келе жатқан америкалық азаматпен ағылшынша көсiлiп тұрып сөйлесiп отыр. Ол өмiр көрген үлкендiгiн пайдаланып, әуе жо­лындағы се­рiгiнiң шерiн армансыз ақтарт­қызды. Сырына қанғанда толқыды. Қияндағы Қазақ­станға сапар шегуiнiң мәнiсiн бiлгенде жүрегi сыздады.
Шетелдiк көршiсiнен сондағы ұққаны мынау едi.
Америкалық азаматтың есiмi Алан. Әкесiнiң ныспысы Абаз. Былтыр талқаны тау­сылыпты. Екi жыл бұрын анасы дүниеден озыпты. Әкесi бұл өмiрден баз кешерде баласымен бақұлдасыпты. Аланды АҚШ-тан емес, Алматыға зайыбымен арнайы барып, сондағы нәрестелер үйiнен асырап алғанын айтады.
– Балам, – дейдi сырқаты меңдеген әкесi, – мен төлқұжатымда америкалық деп жазылғаныммен, негiзi қазақ деген ұлттан­мын. Ұлы Отан соғысының үшiншi жылында майданға шақырылып, бiр топ жастарды бiр ай дайындықтан өткiзiп, Норвегиядан бiр-ақ шығарды. Содан сол жақта тұтқынға түсiп, бiздi одақтас Американың әскерi құтқарды. Қамаудан босаған бiздiң алдымызда екi жол тұрды. Бiрiншiсi – туған елге қайтып, өз Отанымызда бiзге сатқын деген айып тағылып, қуғын-сүргiннiң құрбанына айналып, ба­сымызға зобалаң түсiп, тағы да азапқа тұты­луымыз мүмкiн. Екiншiсi – қаншама елдiң әскерiн лагерьдегi тұтқындықтан құтқарған америкалықтардың қайда барсаңдар да ерiк өздерiңде деп бiздi өз бетiмiзбен қоя бергенiн пайдаланып, шетелдiң бiрiнде қалу едi. Мен алғашында Австрияны қаладым. Кейiн Аляскаға қоныс аудардым. Бастан небiр қиындықты өткерiп, АҚШ-та тұрақтадым. Етiмнiң тiрiлiгi арқасында азын-аулақ бизне­сiмдi қалыптастырдым. Жергiлiктi үндiстiң қызына үйлендiм. Бiрақ арамызда перзент болмады. Құдайға шүкiр, көзiмiз ашық, туған жерге алаңдап жүрдім. Кеңес Одағы тарап, оның бодауында болған елдер азаттық алғанын естiгенде шешең екеумiз қатты қуандық. Ағайын-туғанды iздегiм келдi. Артынша райымнан қайттым. Әке-шешем мен соғысқа аттанғанда екi ағамның шайқаста оққа ұшқан күйiгiнен қайтыс болғанынан хабардар болатынмын. Ал жұрағатым маған iшi жыли қояр ма? Оларға сұрау салуға жүрек­сіндім. Туған жерiм Қазығұрт деген таудың төңiрегiнде едi. Баруға сөз естіп қалатындай, кінәлі адамдай батпадым.
Қайтейiн, маңдайға жазған тағдыр бұл. Кiмге өкпе артарсың. Бiрақ Қазақстанды ойлай беретiн болдым. Санамнан бiр шықсашы тегi. Қанша оқталсам да, амал жоқ, ендi қайтып туған елге бiржола орала алмайтынымды түсiнiп, жегi құрттай уайым жедiм. Не керек, ақырында кiндiк қаным тамған жерден өз ұлтымның бiр баласын бауырға басуды әйелiммен келiсiп шештiм. Тым болмаса тарихи отаныма деген мау­қымды сол арқылы жұбатуды қаладым. Сөйтiп, шешең екеумiз 1991 жылдың кү­зінде Алматыға жол тартып, сондағы сәби­лер үйiнен сенi бiр жасыңда әкелгенбiз. Әрине, тиiстi құжаттарды әзiрлеу де оңайға соқпады, екi арада сан мәрте қатынадық. Сенi Америкаға алып келген сол кездегi  тұрағымыз Аляскадан осы қазiргi Хьюстон қаласына қоныс аударғанбыз.
Мiне, мен де анаңның қасына баруға жақындадым. Өзiмнiң атамекенсiз алыста өскеннiң не тақсырет екенiн бiлемiн. Ендi маған жат жердің топырағы бұйырғалы тұр. Сенi де ұлым, жеке өз өмiрiмнiң мәнiсiн күйттеген қарақан басымның қамын қа­растырған кiнәмнен туған жерiңнен бөл­шектеп әкетiп едiм. Менiң мұным өзiм үшiн дұрыс болған шығар. Ал, сенiң тағдырыңа қалай болғанын бiр Алла бiледі. Бүгiн өткендi қайтып жасай алмасымыз анық. Бәрiн де Жасаған иемнiң құдiретi уақ­ытында реттейтiнiне сенемiн. Тартар талқаным таусылар алдында кiндiк қаның тамған жерiң екеумiзге де ортақтығын, атажұртыңның қайда, кiм екендiгiн жиырма жыл iште берiштей сақтап келдiм. Ақиқатты тыныш дүниеге өзiммен бiрге арқа­лап кетiп күнәһар болмауға тырысып, ақыры осылай тоқтам жасадым, балам.
Менi шығарып салғаннан ке­йiн туған елiңе барып көр. Туысқандарыңды iздеп тап. Сенi алған балалар үйiнiң мекен-жайын беремiн. Бәлкiм, ұнаса атаме­кенiңде қаларсың. Барып-келiп жүрем десең де өзiң бiлесiң. Оң-солыңды танитын жасқа жеттiң. Бәрiн де өзiң шеш. Қазақстан бұрын Ресей­дiң бодауында едi, қазiр азат ел. Әлемге есiгi ашық тәуелсiз жұрт. Сен сол Қазақ­станның, ме­­нiң де, өзiңнiң де кiн­дiк қанымыз тамған жердiң пер­зентiсiң. Сен қазақ деген ұлттың ұлысың. Тарихи ота­ныңды ұмыт­па, балам. Мен де­мiм бiтер сәтте ертең мойынға қарыз болмасын деп қан­­шама жыл жүрек түкпiрiнде сақтаған ақиқатты ақтарып отырмын өзiңе. Ендi­гiсi өз еркiңде” депті әкесі жас жігітке.
…Әуе лайнерi Алматыға келiп қонды. Досжан ұшақтан түсерде Аланнан қаладағы ендiгi бағытын сұрады. Ол алдымен АҚШ-тың Қазақстандағы елшiлiгiне баратынын, одан қонақ үйге жайғасатынын, содан кейiн аудармашы жалдап, әкесiнiң берген мәлi­метi бойынша Алматыда өзi дүниеге келген перзентхананы, әрi қарай өзi тапсырылған нәрестелер үйiн iздеп табатынын айтты.
Досжан Алматыдан Атырауға ұшуы керек. Амал жоқ, әуежайда қалуына тура келдi. Қанша дегенмен, он алты сағат бiр-бiрiне иық тiресiп отырып сырласып келген көршiсiне бауыр басып қалыпты. Жас жолдасын қимады. Ұшақта танысқан серiгiн әуежай алдынан жүретiн жеңiл көлiкке дейiн шығарып салды.
– Гуд бай, мистер Досжан ага! – дедi қоштасарда ол.
– Сау бол, қарағым. Мақсатыңа жетуiңдi тiлеймiн! – деп ол қол бұлғап қала бердi.
Америкалық жiгiт мiнген такси қасынан ызғып ала жөнелгенде, жүрегі шым еткендей болды. Автокөлiк көп машинаның арасына сiңiп, көзден таса болғанша қарап тұрған Досжан: “Қазақстаннан 6 мыңнан астам баланы шетелдiктердiң асырап алға­нын бiр газеттен оқығаным бар едi. Соның iшiнде бiр ғана АҚШ-қа 3 мыңдай қазақ­стандық бүлдiршiн әкетiлгенi туралы да есiмде қалыпты. Мына Алан да солардың бiрi болғаны ғой сонда. Атажұртынан кiндiгi ажырап қалған бейкүнә бөбектер мен бүлдiршiндердiң арасынан есейгенде есi кiрiп, туған елiн iздеп келушiлер жалғыз өзiмен тұйықталмаса екен. Кiм болса да түбiнде бәрiбiр қанына тартпай қоймайды деген сөз дәйiм шындыққа айнала берсе игi” деп ойлады.
“Алан туысқандарын табар ма екен? Кiм бiлiптi, бәрiнен де бұрын туған жерiне табаны тидi. Ар жағын көре жатар. Шетелде өскен, алпауыт елде оқып, өркениеттi тәлiм алған, көзi ашық, етi тiрi екенi көрiнiп тұр, адаспас. Құдайым жолы жақсылыққа, қуанышқа оңғарылсын!” деп тағы да iштей күбiрлеген Досжан состиып тұрып қалған қалпы қалың ойдан әрең серпiлiп, әуежай ғимаратына қарай беттедi.
Жеңiс БАҺАДҮР.