07 Ақпан, 2012

Балаларымыз неге бабаларымызға ұқсағысы келмейді?

431 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

 

Таңертеңгілік үйден шығып бара жатсам, аулада екі бала ерегесіп тұр. Біреуі мектепке биыл бар­ған көршінің баласы. Қастарына барып ара­да­ғы кикілжіңнің жайын сұрадым. Қызықты қара­ңыз, сөйтсем, төбелестің мән-жайы былай болған. Көр­шінің баласы ана балаға: «Мен Жумоң болайын, сен Тецо бол!» депті, оған анау: «Жоқ, сен Тецо бол, мен Жумоң болайын!» деп көнбейді екен (Бұл «Қазақстан» телеарнасында қайта-қайта бе­­­ріл­ген корейдің тарихи сериалының кейіпкерлері).

Сөйтіп, сүйегі қурап қалған, тіпті бұл өмірде болған-болмағаны белгісіз айдаладағы біреу үшін есі кіріп қалған қазақтың екі кішкентай ботақаны жыларман болып ерегесіп тұр. Қабанбай болам деп емес, Бөгенбай болам деп емес, Наурызбай, Кенесары болам деп емес…, тым болмаса ертек­­­тегі Ертөстік болам деп емес, Жумоң болам деп мөлтектейді. Тіпті қазақ батырларының аттарын да білмейді. Сұрасам, бастарын шайқайды.
Ұрпақ алдындағы парыздың өтелмегені деген осы шығар. Тебінгісі терге шіріген ер Махам­­­бет­­­тің ұрпағы енді атқа мінуді де өзгелерден үйреніп, солардың тақымына қарап тамсанбақ, солардың қылыш сілтесіне қарап құмарын қандырмақ…
Өкінішке қарай, біздің танауымен көк тіреген «аса білімді» режиссер көкелеріміз мұндай «арзан-қол» фильм түсірмейді. Мұндай жадағай сериалдарды менсінбейді де. Олар, фестивальдарда сый­лық алып атағын шығаратын фильмдер түсірмек. Сол білгіштердің біреуі: «Қазір заманға сай сериал­дар түсірілуі керек, тарихи дүниелерді өткізе алмайсың» дейді (көбінің пікірі сондай.) Сонда деймін-ау, жаңағыдай өзге жұрттардың сериалын жұрттар қазіргі заман деп көріп жүр деп ойлай ма?!
Жумоң болам деп жылап тұрған әлгі баланың атасы өз руының мықтыларын түгендеп, шежіре жазып жүрген адам. Сол рудың астында аты барларына таныс-тамырын салып жүріп, жоғарыдан қаражат бөлдірсе, ұрпақтарының бақуатты деген­де­ріне де ақша жинатып, ас бергізіп, ата-баба­сы­ның кім болғанын ұрпағына «ұғындырып» кетпек…
Дұрыс-ақ дейік, бірақ сол кісінің немересі Жумоң болам деп зар еңіреп тұрған жоқ па! Жаз­ған кітабын немересі түгілі, баласы оқымай­ды. Жан ауыратын дүние. Осы кітапты оқып, ата-бабасына еліктейді дегенге сол кісінің өзін сендіріп көр алдымен. Мейлі ғой, әркім өзі біледі дейін десең, тек сол мүсінді ашу рәсіміне байланысты өткізілетін облыс, аудан көлеміндегі тойларға жұм­салған қаражатқа «Ханзада Жумоңның» қақ жартысын түсіруге болатынына бәсіміз бар. Уақыт талабы осыны күтіп тұр! Неге олай етпеске!
Амалың қанша! Олай ете алмаймыз. Себебі, қарын тою керек, қалта толу керек, атақ-абырой, бедел жиналу керек… той тойлануы керек… Қал­­ғаны күйіп кетсін! Бәрі бүгін үшін және тек жеке басымыз үшін… Өтеді де кетеді, «ит басына іркіт төгілген» талай тойдың жұрты жатыр қаңырап.
Адамның бала кезінде алған тәрбиесінің бүкіл өмірінде өте маңызды рөл атқаратынын кім біл­мей­ді. Оны бұрынғы қазақ: «Балапан ұядан нені көрсе, ұшқанда соны алады», депті. Біз оларға ұя­дан не көрсетіп жатырмыз?! Олар енді кім болып, қалай жүрсе де, кімге ұқсағысы келсе де өкпелеуге қақымыз жоқ. Тек әрбіріміздің мойнымызда ұрпақ алдында өтеуге тиісті батпан парыздарымыз ғана бар.
Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ.