Ана рухына тағзым
Дүйсенбі, 12 наурыз 2012 7:55
Аялы алақан, жан жылытар сөз, ертеңге есік ашар жол нұсқаушы ана ақылына не жетсін! Біздің анамыз қайтсем де ұл-қызымды адал азамат, ертеңгі елдің тірегі болатын адам етем деп жанталасып жүріп, өмірінің дәм-тұзы таусылғанын өзі де сезбей қалыпты.
Дүйсенбі, 12 наурыз 2012 7:55
Аялы алақан, жан жылытар сөз, ертеңге есік ашар жол нұсқаушы ана ақылына не жетсін! Біздің анамыз қайтсем де ұл-қызымды адал азамат, ертеңгі елдің тірегі болатын адам етем деп жанталасып жүріп, өмірінің дәм-тұзы таусылғанын өзі де сезбей қалыпты.
Міне, содан бері 10 жылдың жүзі өтті. Анамның жүзін көріп, ақылмен ойлана отырып айтқан әрбір сөзін енді естуге зар болып жүрміз. Оның орнын толтырар ешкім жоқ. Сол бір қиын сәтте жанымызды қоярға жер таппай, ендігі өміріміз не болмақ деп отырғанда Көкпектідегі Қ.Раев атындағы балалар үйіне тап болдық. Содан бері қарынымызды аштырмай, киімімізді бүтіндеп, мейірімділік танытып, ана орнына ана, әке орнына әке бола білген балалар үйіндегі тәрбиеші ұстаздарымызға айтар алғысымыз шексіз. Мұнда жанары жасқа, жүрегі мұңға толы жеткіншекті келгеннен-ақ жылы жүздерімен қарсы алып, өз туған балаларындай қабылдаған апа-ағаларымыз сан ұлттың балаларын тәрбиелеуде. Уақыт өте келе басқа салған іске көндігіп, көңіліміз сабыр тапты. Жаны жайсаң адамдардың тәлімінің арқасында бәріміз бір үйдің баласындай бір-бірімізге қамқор болдық. Сол бауырларымыздың ішінде ата-анасының кім екенін, қайда екенін де білмейтіндері қаншама?! Балаларын бұл дүниеге әкеліп, далаға тастаған ата-аналарды Құдай өзі кешірмес. Есейгелі өз өмірімізді, болашағымызды өзіміз ойлау керек екендігін біздер жақсы білеміз. Содан да жетімдер үйін жаңадан ашқан балаларды көргенде жанымыз ашиды. Иә, ата-анасы тағдырдың жазуымен дүниеден қайтқан балалардың басқа қамқоршысы болмаса, амалы жоқ, жетімдер үйін паналары сөзсіз. Ал жеңіл ойлап, арзан күлкі мен арам пиғылдың нәтижесінде дүние есігін ашып, бірақ әке мен анаға қажетсіз болып қалған сәбидің тағдырына жүрегің қан жылайды. Біз өмірден өткен анамызды аңсап, оралмайтынын білсек те әрбір таңымызды аңсаумен, сағынышпен атырамыз, ал ата-анасы тірі, ойына кегенін істеп, баласын есінен шығарған ананы сағына күтіп терезеге телмірген баланы көргенде көзіңе жас келеді. Тегін, дінін, ділін білмейтін, ана мейірімін сезінбеген бала есейе келе тағдырына наразы болады. Тіпті кейбірі сол ренішін ашу-ызаға айналдырып, қатыгез боп өссе, кімге өкпелерсің. Әй, жас ана ертең сәбиіңнің өмірі жарқын, болашағы айқын болсын десең балаңа шамаңның келгенінше жылу бер. Балаң ешкімге жәутеңдемесін десең әр қадамыңды аңдап бас дегім келеді. Балаңа сенен басқа жылу беретін адам жоқ. Рас, мемлекет оларды өз қамқорлығына алған.
Дегенмен, ананы ешкім де алмастыра алмайды. Қайран анам, сені балаларың сағына еске алады, қайтейік, амал нешік. Сен дүниеден өткенде 5 айлық болып шырылдап жатқан Бақтизаң бүгінде елге танылып, білімді, ақылды қыз болып өсіп келеді. Әйтсе де, біз өзімізді бақытты сезіне алмаймыз. Иә, біз бақытты болу үшін сен жанымызда болуың керек. Бізге тек сенің жылуың жетпейді, балаларың қанша қуанса да арғы жағында бір мұң ұялап тұрады, ол мұң өмір бақи жазылмайды. Ендігі Алладан сұрарым, бауырларыма амандық, дендеріне саулық бере гөр деп тілеймін. Маған олардың амандығынан басқа еш нәрсенің қажеті жоқ.
Айгүл ЗӘКЕНОВА.