16 Наурыз, 2012

Жай-күйің қалай, Орда орманы?

739 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Жай-күйің қалай, Орда орманы?

Жұма, 16 наурыз 2012 6:58

Нарын құмының етегінде орна­лас­­­қан Орда орманында болып па едіңіз? Осы ормандағы көкке бой созған қарағайларды аралай жүріп, ішпей-жемей мас қылатын керімсал ауасын жұтып көріп пе едіңіз? Ғалымдар мен Нарын құмына жолдары түскен жұрт­­­шылық өкілдері табиғаттың осындай қайталанбас құбылысына таң қалумен келеді. Қараңызшы, айналаның бәрі шеті мен шегі жоқ сусыған қызыл құм. Сол құмның қақ ортасында жасыл алқап алыстан менмұндалайды. Нағыз оазис, шұрат дегеніңіз осы шы­­­ғар. Құмның ортасында орман қалай пайда болған? Әрине, тектен тек емес.

 

Жұма, 16 наурыз 2012 6:58

Нарын құмының етегінде орна­лас­­­қан Орда орманында болып па едіңіз? Осы ормандағы көкке бой созған қарағайларды аралай жүріп, ішпей-жемей мас қылатын керімсал ауасын жұтып көріп пе едіңіз? Ғалымдар мен Нарын құмына жолдары түскен жұрт­­­шылық өкілдері табиғаттың осындай қайталанбас құбылысына таң қалумен келеді. Қараңызшы, айналаның бәрі шеті мен шегі жоқ сусыған қызыл құм. Сол құмның қақ ортасында жасыл алқап алыстан менмұндалайды. Нағыз оазис, шұрат дегеніңіз осы шы­­­ғар. Құмның ортасында орман қалай пайда болған? Әрине, тектен тек емес.

– Нарын құмына ағаш отырғызу, қолдан орман өсіру Жәңгір ханның тұсынан бастау алады. Осы арқылы мұнда өсімдік әлемінің алуан түрлілігі қалыптасты. Тарихи деректер Жәңгір­дің ұсынысы бойынша 1832 жылы Ре­­­сейдің Саратов қаласынан емен, қа­­­рағай және қайың көшеттері Нарынға жеткізіліп отырғызылғанын айғақтай­ды. Бүгінгі Орда орманы көз тартар әсемдігімен әйгілі ХІХ ғасырдың ескерткіші, – дейді Бөкей ордасы та­ри­­хи-мұражай кешені директорының орынбасары Назымгүл Оразгелдиева.

Жер асты су қоры мен ылғалдың жеткілікті болуы орман отырғызуға ең қажетті фактор болып табылады. Нарын құмы бойындағы Әймекен ойпатын Жәңгір хан орман өсіруге ың­­­ғайлы деп табады. Солтүстік Каспий жағалауындағы шағылдардың ішінде жартылай шөлейт аймақта орналасқан Нарын құмының жағрафиялық жағдайы жануарлар мен өсімдік әлемінің өсіп-өнуіне барынша қолайлы болған. Жәңгір хан осы артықшылықты бірден аңғарып, оны өзі басқаратын хандық тұрғында­­­ры­­ның игілігіне шебер пайдалана білген. Ол өзі хандық құрған кезеңде орман алқаптарына мал жаймау, тал-терек­тер­ді отамау жөнінде арнайы жарлық­тар шығарған екен. Сондай-ақ, ол орман кондукторларын белгілеген. Әри­не хан жарлығы екі болмаған. Сол кез­­­дегі хан ордасына мал кіргізілмеген.

ХХ ғасыр басында Нарын орман шаруашылығының жанынан Жасқұс тәжірибе стансасы ашылып, мұнда ағаш көшетін өсіретін питомниктер жұ­мыс істей бастайды. Сол жылы Орда орманшылар мектебі де тұсауын кеседі. Осы арқылы мамандарды жер­­гі­лікті жерде дайындауға мүмкіндік туады. Соның арқасында Нарын құ­­­мында қарағай, қайың, ақ терек, үй­ең­­­кі секілді кірпияз, бап талғайтын ағаш түрлері өсіріле бастайды. Тіпті мұнда жүзім өсіру ісі де қолға алынып, жақсы нәтиже берген.

Тақыр жерге дән шықпайды. Бастауын Жәңгір ханнан, сонау ХІХ ғасыр басынан алатын құмда орман өсіріп, оны қорғау ісі бүгінгі күні өзінің жал­­­ғасын қалай тауып келеді? Осындай өміршең сабақтастықты бүгінгі орда­­лық орманшылар нендей жетістік­­­тер­мен байытуда? Мұндай сауалдар бізді шалғайдағы Бөкей ордасы ауданына іссапарға шы­­ғуға итермелей берген-ді. Тағы да тарихи шегініс жасасақ, Нарында орман шаруашылығымен айналысатын құры­лым 1890 жылдың наурыз айында ашылғанына көз жеткі­­­земіз. Сол кез бен бүгінгі аралықты табаны күректей 122 жыл уақыт бөліп жатыр. Іссапар барысында біз бүгінгі Орда орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекеме­нің қызметімен жан-жақты танысып, бірінші кезекте оларды толғандырып отырған мәсе­ле­лерге назар аударуға тырыстық.

Әңгіме басында айтылғандай, жет­кілікті ылғал көзі жайқалтып тал-те­рек өсірудің басты кепілі. Сондықтан жер асты су көздерінің картасын жасап, геодезиялық барлау жұмыстарын жүр­­­гі­зетін кез келгенін іссапар кезінде ай­қын ұғынғандай болдық. Орда өңірінде бастауын Әймекен су көзінен алатын Орда топтық су құбырының мүмкіндігі мен пайдаланылу мерзімі 20 жылға есептелген екен. Енді 2-3 жыл ішінде осы уақыт та есік қақпақ. Бұл құбыр арқылы көршілес Жәнібек ауданының орталығы мен оның кейбір елді меке­н­дері де ауыз суды тұты­натын көрінеді.

Пайдаланылу мерзімі аяқталып келе жатқан су құбырын жаңғырту, оларды ауыстыру жұмыстары қолға алыныпты. Осындай жаңа гидроин­же­нер­лік құрылыстарға мұндағы жер асты су қоры сәйкес келе ала ма? Тұр­ғын­дар бірінші кезекте осы мәселеге алаң­дайтынын аңғардық.

Сонымен бірге орманға да ылғал керек. Су қорын зерттеу мен жаңа су көздерін іздестіру жұмыстарының қа­жет­тілігі де осында. Егемендіктің алғашқы жылдарында Нарын құ­мын­да жер асты су көздерінің мөлшерін анықтаумен айналысқан ресейлік гидролог ғалымдар мұндағы су қабаты 30-40 сантиметрге төмендеп кеткені жөнінде ұйғарым жасапты. Жергілікті мамандардың айтуынша, бұл зерттеулер тым үстірт жүргізілген. Небәрі 3-4 ұңғыма құдықтағы жер асты су көзінің деңгейін барлау жалпы ахуал жөнінде түйін жасауға аздық ететіні анық. Жаңа зерттеулердің қажеттілігі де осында дейді олар.

Орда орманына қатысты екінші проблема ағаш өсіруді ғылыми түрде жолға қою жұмыстарымен айналысатын Жәнібек ста­цио­­нарының бүгінгі мүшкіл жай-кү­йінен туындайды. Оны жергілікті ха­лық академиялық бақ деп атап кетіпті. Халық айтса қалт айтпайды ғой. Өйт­кені, мұнда кеңестік кезеңде қазақ­стандық және ресейлік ғалымдар шө­лейт жерде орман өсірудің түбегейлі мәселелерімен айналысқан. Басқа құр­л­ықтардан әкелінген ағаш түрлерін құмды алқапқа жерсіндіру жұмыстары жүргізілген. Бұл ғылыми зерттеулер мен ізденістер белгілі бір дәрежеде өз нәтижесін бергенін де айта кеткен жөн. Бейнелеп айтқанда, екі мың гектарға жуық бақ ағаш түрлерін өсіру жө­­нін­дегі сынақ алаңына айналды десе де бо­лады. Бұл іс өзге жерден жеткізілген көшеттерді питомниктерде өсіріп бай­қау арқылы ілгері жалғасып отырған.

Аталған стационар Қазақстан мен Ресей шекарасының қақ ортасында ор­­­наласқан. Оның көрші мемлекетке тие­сілі бөлігінде сол елдің ғалымдары өз­­де­рінің ғылыми ізденістік бағыт­та­ғы жұ­мыстарын жалғастырып жатса, ака­демиялық бақтың қазақстандық бө­лігі бүгінде тым-тырыс күйде. Оның бола­шағы қандай болмақ? Бұл бақ қайт­кенде Орда орманын байытуға өзінің көмегі мен ықпалын тигізе алады? Бұл сауалға бірінші кезекте ғы­лыми ой-пікір тұрғысынан келу қажет деп тап­қандықтан, осы стационарда ұзақ жылдар бойы іргелі ғылыми жұ­мыстармен айналысып келген білікті ғалым, биология ғылымдарының докторы, Ресей ғылым академиясына қарас­ты Мәскеу ормантану институтының профессоры Мамай Сапановқа ха­бар­ласқан едік.

Менің ойымша, қазіргі жағдайда Жәнібектегі академиялық бақты жаң­ғыр­тудың жалғыз ғана жолы бар. Бұл өз дәстүрі мен тарихы қалыптасқан орынды оқу-тәрбие базасы ретінде қайта құру мүмкіндігі болып табылады. Стационарға бірінші кезекте ос­ын­дай мәртебе беру арқылы теңдессіз бақты қазіргі тірелген тұйығынан шы­ғарып алуға болады ғой деп ойлаймын. Батыс Қазақстан облыстық әкім­дігі бұл ұсыныс-пікірлерімізді аяқсыз қалдыра қоймас деп білеміз, деп тұжырымдады өз ойын телефон ар­қы­лы Мәскеуде тұратын қандасымыз.

Бүгінде Елбасы тапсырмасымен «Жасыл ел» бағдарламасына сәйкес елді мекендерді көгалдандыру мен оған тал-терек отырғызу жұмыстары айрықша мәнге ие. Бұл іс ең алдымен ағаш көшеттерін әзірлеуден бастау ал­мақ. Ал көшеттер арнайы питомниктерде қылтиып, бас көтеретіні тағы да айқын. Орда орман шаруашылығында да мұндай питомник бар екен. Алайда оның мүмкіндігі тым шектеулі. Небәрі бір гектар аумақтағы питомниктің аты бар да заты жоқ екені тағы да талассыз. Әлемдік тәжірибеге көз салсақ көшеттер өсіру аумағы 300-500 гектар аралығындағы алып питомниктерде су себетін қанаты 100 метрден асатын арнайы жаңбырлатқыш машиналардың көмегімен жүргізілетінін көреміз. Бұл үшін әрине, ашық су көздері – өзен-көлдер мен каналдар болуы қажет. Бір тамшы жер үсті суы жоқ Нарын құмы жағдайында мұндай мүмкіндіктің ауылы тым алыс. Мұндағы өскіндер тек бір ғана жер асты су көзіне тәуелді еке­­нін тағы да қайталап айтуға тура келеді.

Осындай ерекшеліктен туындайтын екінші бір проблема тағы бар. Бұл Орда орман және жануарлар дүниесін қор­ғау жөніндегі мемлекеттік меке­ме­нің ма­­­териалдық базасының тым тө­мен­дігі. Осыдан екі ғасырдан астам уақыт бұ­­­рын, сонау Жәңгір хан заманында қа­ра­ғайларды қолмен отыр­ғыз­ған. Ең бір әттеген-айы, бүгінгі заман­ғы техника­ның қарыштаған кезінде де қарағайлар сол баяғыша қолмен отыр­ғызылып жүр.

Жәңгір заманы кезінде Нарын құ­мындағы ылғал жер үстіне өте жақын болған екен. Сондықтан қарағай отыр­­ғызу қиындық келтірмеген. Бүгінде жер асты су көзі өңірде 70 сантиметр­ге дейін төмендеп кетсе, қарағайды қолдан отырғызу тіптен қиындай тү­седі. Бар гәп те, ағаш отырғызуға лай­ықталған арнайы техниканың қажет­ті­лігі де осында. Оның үстіне құмда ағаш отырғызудың өз ер­­ек­шелігі бар. Өйткені мұн­да жерді жыр­та ал­­­май­сың. Әйтпе­се, құм кө­те­ріліп кетеді. Орман бол­ған соң өрт қаупі болмай тұрмайды. Нарын құмы секілді шөлейт аймақта мұндай қауіптің болу мүмкіндігі жиі кездеседі. Осындайда өрт сөндіретін машинаның жоқтығы да қолымызды еріксіз байлайды, дейді аталған ме­кеменің директоры Талғат Саматов.

Бүгінгі Орда орманының жалпы ау­ма­ғы 16 405 гектарды құрайды. Орда өңі­рінің бас орманшысының айтуына қа­рағанда, 1952 жылға дейін мұнда 104 мың гектар сыңсыған қарағайлы орман болған. Сол жылы Капустин-Яр сынақ полигонының ашылуына байланысты Орда орман шаруашылығына қарасты қарағайлы алқаптың 80 пайыздан астамы әскерилердің еншісіне берілген. Ха­лық ауыз әдебиетінде айтылғандай, етек­тейін еріннен, екі елісі қалыпты деген осы да.

Нақтырақ айтқанда, он алты мың гектар дегеніңіз ұзындығы – 60-70, ені 5-6 шақырымнан аспайтын, кей тұста­ры құмырсқаның беліндей үзіліп кете жаздайтын шектей созылған жіңішке жасыл алқап, оазис – шұрат қана. Бү­гін­де әскерилер жалға берілген сол қа­рағайлы орман алқабын тегістей пайдаланып отыр ма? Олай болмаған жағ­дай­да қарағайлы орманның белгілі бер бөлігін үкіметаралық келісімдер жасау жолымен қайтарып алуға болмас па екен? Тек сонда ғана Орда орманы жал­пайып, дөңгеленіп нағыз орман деген мәрте­бесіне сай болар еді ау деген ой келеді.

Бүгінде бұл аймақты табиғи мем­ле­кеттік қорыққа айналдыру жөнінде де көңілге қонымды ой-пікірлер айтылып қалып жүр. Мұны да негізсіз деуге болмайды. Мұндай жағдайда оның ара­лы­ғы облыстың оңтүстік өңіріндегі Бөкей ордасы, Жәнібек, Жаңақала және Қаз­та­лов аудандарының шекараларын қам­тыр еді. Әрине мұндай мә­селеге ке­шен­ді көзқарас тұрғысынан келген жөн. Өйткені бұл жерлер мүл­дем иесіз жат­қан жапан дала емес. Осы аумақтың біраз бөлігінде елді мекендер және мал өсірумен айналысатын шаруа қожалық­тарының иелері орналасқан. Алдағы күндердің енші­сін­дегі мұндай ішкі кө­ші-қонды реттеу мен үйлестіру шараларын былай қойғанда, табиғи қорыққа ыңғайлы бір ғана жол қалады. Ол адам аяғының іздері жоқ қызыл құмның ортасында, әскерилердің иелігіндегі қара­ғайлы ал­қаптар. Бұл мәселенің кілті жоға­ры­да айтылғандай, мемлекетара­лық келі­сім жолы арқылы шешілмек.

Орда өңірінде туып өскен қазақтың арқалы ақындарының бірі Тайыр Жа­роковтың «Жапанды орман жаңғырт­ты» деген поэмасы бар екені белгілі. Бұл поэма сонау 1949 жылы жазылыпты. Оған суреткер шеті мен шегі жоқ қазақ даласының елді мекендерін кө­гал­дандыру мен оған ағаш отырғызу мәсе­ле­лерін оның маңызы мен адам денсау­лы­ғына қолайлы әсерін көркем тілмен кестелеп, Сарман шал мен Майра қыз­­­дың аузымен әдемі образдар жасайды. Қу дала шөлдегі бұдан соң осы шөлдің орманға айналған кездегі кей­­іпкер­лер­дің көңіл-күйлерін автор ба­рын­ша нанымды суреттейді. Аталған поэма өз өміршеңдігін жо­ғалт­пақ түгілі жыл сайын өзінің про­блемалық мәнін көтеріп келе жатқаны сөзсіз. Республикада «Жа­сыл ел» бағдарламасына қ­а­тыс­ты атқарылып жатқан сан-салалы істер ақын көтер­ген проблеманың өмір­шең­дігін көрс­е­теді. Бүгінгі әңгімемізге өзек болған Орда орман шаруа­шы­лы­ғының кейбір толғағы жеткен проблемалары да осындай оймен өзектес деп білеміз.

 Темір ҚҰСАЙЫН.

Батыс Қазақстан облысы, Бөкей ордасы ауданы.