28 Наурыз, 2012

Күтпеген кездесу

415 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Күтпеген кездесу

Сәрсенбі, 28 наурыз 2012 7:15

Жазмыштан озмыш жоқ. Өзіне жұмақтай көрінетін баспанасы бір мезетте тасқынның құрбанына айналып, қабырғасы қаусап құлады. Жолдыханның жүрегі шаңырағы бүлінгенде қан жылады. Мұндайда көзден тамшы да тамбай қалады екен. Бұған қоса көше бойындағы күнкөрісін айырған шағын дүкенін де тасқын шайды. Түксіз, тып-типыл далада қалды.

 

Сәрсенбі, 28 наурыз 2012 7:15

Жазмыштан озмыш жоқ. Өзіне жұмақтай көрінетін баспанасы бір мезетте тасқынның құрбанына айналып, қабырғасы қаусап құлады. Жолдыханның жүрегі шаңырағы бүлінгенде қан жылады. Мұндайда көзден тамшы да тамбай қалады екен. Бұған қоса көше бойындағы күнкөрісін айырған шағын дүкенін де тасқын шайды. Түксіз, тып-типыл далада қалды.

Кеше ғана қалыпты өмірдегі Қы­зылағаш ауылы да астан-кес­тең. Табиғаттың бұл «ше­шіміне» не уәж айтарсың. Жолдасы Серік өмір­ден ерте өтіп, Берік пен Мерекені ел қатарына қалай қоссам деген кейуана арманы дәрменсіздікке тірелгенде қар­манатын да жері жоқ болатын.

Жолдыхан Тал­ды­қорғандағы жа­қындарының үйін уақытша па­на­лауға бел буды. Түйіншегі мен немересі Азатты көтеріп, жолға шықты. Әрі-бері ағылған автокөлік. Көпшілігі апаттан кейінгі құтқару жұмыстарымен айналысса, енді бірі өзі тәрізді туыстарына жетуге асық­қандар. Әйтеуір әуре-сарсаң, далбасалаған жұрт сеңдей соғылысады.

Наурыздың ызғары да өңменіңнен өтеді. Оған көңілдегі жайсыздық қосылып, ана көңілін одан әрі жүдетті. Япыр-ау, бас сауғалап жүргенде азын-аулақ тиын-тебеніне де ие болмапты. Талдықорғанға жетсем, бір ыңғайы болар деген үмітпен келе жатқан автокөлікке қол көтерді. Жылдамдығын азайтып, біраз жерге барып кілт тоқтаған көліктен түскен азамат қолындағы сәбиін алып, «отырыңыз» деп есікті ашты. Жолдыхан иманжүзді жолаушыға рахметін жаудырғысы келді. Бірақ, айта алмады. Азатын бауырына қысып, үстіндегі түнде иығына іле салған көнетоз үй киіміне көз салды. Бірден өзін жайсыз сезінді. Десе де санасы ауыр ойдан арылмады. Енді қайтсін, бір шаңырақтың тауқыметі екі иығын басып тұрса…

– Қайда барасыз?..

Қара торы жігіт ағасы алғашқы әңгімені осылай бастады.

– Несін айтасыз. Көрген боларсыз, түнде ауы­лымызды тасқын алып, бүгін міне, далада қалдық, – деген ана жылы сөз, болмашы қамқорлықты сезінгеннен көңілі босап, көз жасын төгіп жіберді.

– Мойымаңыз. Мына оқиға біздің де ба­сымызға жай түсірді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтан бастап, сіздерді қиындықтан қамықтырмай алып шығу үшін жұмылып жатырмыз. Сондықтан бәрі ұмыт болатын күн жақын. Жақсы үйге қоныстанасыздар, – деп басу айтқанда ол алғаш рет оның жүзіне сенімсіздікпен тіке, таңырқай қарады. Теледидардан көріп жүрген облыс әкімі Серік Үмбетов осы болар деген ой санасына сап ете түсті.

– Сіз кімсіз? Сірә, облыс әкімі боларсыз?

Одан әрі Жолдыханның отбасы, тасқын жайлы әңгіме жалғасты.

Машина терезесін дамылсыз ұрғылаған ақ жауын толастар емес. Бірақ, көлік ішіндегі жанашырлық ана көңілін сәл болса да орнықтырғандай. Оқиғаның ауыртпалығы сон­шалықты әңгіме ауаны үзіліп барып қайта жалғанады, қиюы келмейді.

Талдықорғанға да келді. Алғысын айтып, баласын көтеріп, машинадан түсуге ын­ғайланған Жолдыханды әкім қолтығынан демеп, заттарын көтерісті. Және спорт киімінің қалтасынан үш жастағы Азаматтың алақанына әлдебір затты ұстатты.

– Енді қандай мәселе болмасын, өзіме хабарласыңыз. Мойымаңыз, мына кішкентай үлкен азамат болсын, – деді қысқа ғана.

Дидарғайып дүниенің осы сәті ана үшін жақсылыққа жол ашқандай болды. Азаматтың алақанындағы алпыс мың теңге жаңа ғана жолына «соқыр» тиын таппаған Жолдыханға Тәңірдің көктен түсірген сыйындай көрінді. Бұл 2010 жылы 13 наурыз болатын.

…Біз іссапармен Қызылағаш ауылы, Жібек жолы көшесіндегі Жолдыхан Рысалдинованың отбасына аялдадық. Ол бәрімізді ескі танысындай жадырай қарсы алды. Сосын өзінің басынан өткен жоғарыдағы оқиғаны қаз-қалпында әдіптеп жеткізді.

– Міне, кәсіпкер Болат Назарбаевтың демеушілігімен салынған үй. Осының орнында 1955 жылғы ескі там бар еді. Жолдасым Серік екеуміз мал бағып, басқа да кәсіптерде бел шешпей жүріп тұрғызғанбыз. Әрине, онымен са­лыстырғанда мына үй хан сарайындай ғой. Аумағы 90 шаршы метр. 3 жатын бөлме, қонақ күтетін зал және ас үйі бар. Жиһаздарды да бірге берді. Қызыл кірпіштен салынған, – деген Жолдыхан қамқорлыққа алғыс айтудан жалық­пай осы ниетіне қайта-қайта орала берді.

Қазір ауыл тұрғындарының жұмыспен қамтылуы ерекше назарға алынған. Солардың қатарында Жолдыхан Рысалдинова «Жол картасы-2020» бағдарламасымен қомақты қаржы алып, дүкен ашуды жоспарлаған. Жер телімі бөлініп, құжаты рәсімделген. Енді жер дегдісе құрылысты бастауға тастүйін дайын.

Күмісжан БАЙЖАН.

Алматы облысы.