30 Наурыз, 2012

Мал өсіру қиын ба, оңай ма?

801 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Мал өсіру қиын ба, оңай ма?

Жұма, 30 наурыз 2012 7:47

Мен аудандық мәслихаттың депутаты болып биыл ғана сайландым. Сайлау алдында сайлаушылармен кездесіп, тұрғын­дар­дың ұсы­ныс-пікірлерін тыңдап, өзіме болашақ депутат болсам да, болмасам да мынадай мәсе­ле­лер ойда жүру керек екен-ау деп түйдім. Себебі, кейде ділмарсып, осы жұрт болса да ауылда тұрады, неге мал бақ­пайды екен деп ойлайтынмын… Сөйтсем…

 

Жұма, 30 наурыз 2012 7:47

Мен аудандық мәслихаттың депутаты болып биыл ғана сайландым. Сайлау алдында сайлаушылармен кездесіп, тұрғын­дар­дың ұсы­ныс-пікірлерін тыңдап, өзіме болашақ депутат болсам да, болмасам да мынадай мәсе­ле­лер ойда жүру керек екен-ау деп түйдім. Себебі, кейде ділмарсып, осы жұрт болса да ауылда тұрады, неге мал бақ­пайды екен деп ойлайтынмын… Сөйтсем…

Біз мекендейтін жерде оңтүстіктегідей, Жетісудағыдай, Арқадағыдай көк майса атымен жоқ десе де болады. Бірақ табиғат ерекшелігіне байланысты ылғалды аз қажет ететін төзімді шөптердің түрлері өседі. Айта кетейік, Арал десе елге балық елестейді. Олай емес, аудандағы 75 мың халықтың 5-6 мыңы­ның ғана балық шаруа­шылығына қатысы бар да, қалғанының басым көпшілігі мал шаруа­шы­лығымен тікелей айналысады немесе оны қосымша тіршілік көзіне айналдырып отыр.

Сонымен төрт түлік мал өсірушілердің көп проблемаларының бір-екеуін айтқым келеді. Мал сатып ала алмай жүрген, алайын десе несие ала алмай сенделген, оған ыңғай­лы жер ала алмай, жер алса қора-қопсы сала алмай пұшайман болған, малдың өнімін қайда өт­кі­зерін білмей жүргендер туралы емес, осының бәрін жасап алып, шаруасын ұйым­дастыра алмағандар туралы айтқым келе­ді. Мысалы, ерте көктемнен қар түскенге дейін мал «аяғы» жетер жерге барып жайылатыны белгілі. Бірақ жыл санап Арал ау­да­ны­ның Жіңішкеқұм, Атан­ши, Қарақұм, Сазды, Шижаға, Ерімбет­жаға, Тоқабай, Қосаман, Ақеспе, Ақбасты елді мекендерінің жайы­лым­дық жерлері азып барады. Бұл өңірлерде су көздері жоқ. Ғылыми тұрғыдан жерді қалпына келтіру деген ешкім­нің ойына келмеген. Мұндай жағдай 40-50 үй­ден тұратын шағын елді мекендерден бастап, 300-400 үй тұратын ірі елді мекендерге өте қиын болып тұр. Менің ойымша: себеп біреу. Барлығы дерлік бір-екі ірі қара, түйе, жылқы, қой-ешкі ұстайды. Осы малдардың жиынтығы ауыл­дың айналасын оншақты шақырымға дейін жаздың бас кезінде-ақ шөбін жеп болып, ала жаздай шаң борап, ауылды сұрықсыз күйге енгізеді. Жайлауға неге шықпайды дейтін болсақ, әрқайсысының ауылдан сыртқа шық­пауына екі-үш себеп бар. Ешкім 2 сиыры мен 5-6 қой-ешкісін айдап айдалаға барғысы келмейді. Олай күнелту мүмкін емес, оның өзіндік қиындығы бар. Құдық жоқ. «Ағаш» үй немесе «киіз» үй дейміз, ол да жоқ. Баспанасыз адамның малдың жайылымы ыңғайы­мен көшіп жүретін заман емес. Бұл қиын­дықты бір деп қойыңыз.

Жекешелендіру кезінде азды-көпті ыңғай­лы­лау жерлерді іскер адамдар ертерек қи­мыл­дап, өзі аудан орталығында тұрса да, алып қойған. Қазір енді ешкім де өз жеріне бас­қа­ның малының жайылуына рұқсат етпей­ді. Бұл өз алдына жеке әңгіме. Ауылдағы ағайындар міне, осыдан қатты қиыншылық көріп отыр. Ендігі бір мәселе мал иелері бірлесіп алы­сы­рақ барып отырайын десе, ол жерде шах­та­лық құдықтың суы  көп малға жет­пейді, сон­дық­тан ешкім іріленгісі келмейді. Себебі бей­неті көп, жасаған еңбегің өтелмейді.

Жоғарыда айтқандарымыздың бәрі жаз­ғы жайылымға байланысты болса, енді мы­наған қараңыз. Малдың қыстық азығын да­йындауда бұл өңірде қалыптасып отыр­ған жағдайға байланысты өзіндік қиындықтар бар. Жақын жерден шөп дайындау мүмкін болмағандықтан өздері тұратын жерден кем дегенде 70-80 шақырым немесе 100 шақы­рым­ға дейінгі жерлерден шөп тасымалдайды. Пайдаланатын техника негізі­нен «Беларусь» тракторы. Бұл тек қана дизель отынымен жүреді. Сонда шөп дайындап, барып алып келу үшін қаншама дизель отыны қажет, қаншама шығын. Себе­бі, 1-2 сүйретпе қораппен ешкім қыстан малын аман алып шыға алмайды.

Сөзіміздің басында елді мекендердің айналасында шөп қалмайды дедік. Шөп жоқ жерде құм көшкіні пайда болады. Бұл әлем­дік проблема, бұған мемлекеттік деңгейде назар аударуымыз қажет деп ойлаймын. Еш­қандай жасырын емес, елді мекендегі үйлер мен қора-қопсыларды құм басуда. Мысалға, Ақеспе, Қоса­ман, Сазды, Ерімбетжаға, Жі­ңіш­кеқұм ауылдарының жағдайы дәл осындай. Бірлі-жарым елді мекен болса ешнәрсе емес, жаппай осылай болатын болса болашақ өте қиын болады. Жер азды, жайылым жоқ­тың қасы, «әлеуметтік-экономикалық жағы­нан ахуалы төмен» деп, бәрін басқа жерге жұмысқа тартатын болсақ Арал ауданының қыр жағында мал шаруашылығын өркендету нашарлайды. Өз­дерін өздері жұмыспен қам­тып отырған қан­шама халықтың туған жерден басқа жерге баруы оңай шаруа емес.

Елбасы жыл сайын халықтың әлеумет­тік мәселелеріне ерекше назар аударып келеді. Биылғы Жолдауында да әлеуметтік мәселе­лермен қатар қазақтың тірлігінің бір көзі мал шаруашылығын дамытып, тұқы­мын асылдандырып, өнімін, оның ішінде етті экспортқа шығару бағытында жұмыс жасауды белгілеп берді. Олай болса жоға­ры­дағы мәселелерді оңтайлы шешу үшін мынадай ұсыныстар ескерілсе дейміз.

Бірінші кезекте қыстық мал азығын да­йындау үшін, астық жинау кезінде, көктем­гі егіске дайындық уақытында арзан баға­мен жанар-жағар май қалай беріліп жүрсе, мал шаруашылығымен айналысушыларға да осын­­дай жеңілдікпен жанар-жағар май берілу керек немесе субсидия белгілеу жолдары қарас­ты­рыл­са. Екінші кезекте жайылым­ның тарылу себе­бін судың тапшылығынан дедік. Сон­дық­тан осы кезге дейін Президент тапсырмасына сәйкес еліміз бойынша әрбір шах­талық құдық пен скважина есепке алынып, кезегі белгі­лен­ген болар. Арал ауданы көле­мін­де 244 скважина мен шахталық құдық бар екен. Бір таң­ға­лар­лығы бұлардың алды сонау 1960 жылы қа­зыл­са, соңы 1980 жылдың бас кезеңінде берілген екен. Көпшілігі біздің тілі­мізбен айтқанда то­зы­ғы жеткен, су ақпайды, ақса да көріп тұрған көзге ұнамсыз, қара бат­пақ, исі бар, қой­мал­жың ғана ағады.  Сква­жи­на­лардың қажеттісін жөн­деу үш кезеңге бөлі­ніпті. Осындай кесте жа­салған­нан бері де іс­тен шығып, су ақпай жат­қаны қан­ша­­ма. Бірақ содан бері нақты жөн­деу жүр­гі­зілген, ат­қарылған бірде-бір жұмыс жоқ. Бұл жұмыс биыл басталуы қажет деп есептейміз.

Үшінші кезекте жердің құнарлылығын арттыру, жайылымның сапасын жақсарту, құм көшкінін тоқтатуды кешенді түрде, ғылыми негізде жүзе­ге асыру респуб­ли­ка­лық дең­гей­де қолға алынуы керек.

Осындай қиындықтарды көре тұра қазаққа мал бақ, өнімін экспортқа шығар, өзіңді өзің жұмыспен қамты, елдің өсіп-өркендеуіне үле­сің­ді қос деудің өзі де қиын­дау ма деп ойлаймын. Әйтпесе мүмкіндік болып, орайы келіп тұр­ған шаруа болса, ауылдағы ағайынға мал бағу пәлендей қиын емес-ау.

Көлбай ДАНАБАЙ, Арал аудандық мәслихатының депутаты.

Қызылорда облысы.