01 Тамыз, 2012

Қарыз бен қасірет

730 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Қарыз бен қасірет

Сәрсенбі, 1 тамыз 2012 7:17

Әлі есімде… Бала кезіміз болатын. Қыс­тың қақаған бір суығында үйде шай ішіп отыр едік, сырттан апам кірді. Ауылдың бас жағында бір үлкен кісі қайтыс болып, соның жаназасынан оралған беті еді. Кіре пальтосын қағып-қағып: «Мына күн қайтеді, өзі…» деп күбірлеп жүріп пештің ыстығына қолын біраз тосып тұрды да, шайға отырды. Қай­тыс болған кісіні ағайын-туғаны соңғы са­пар­ға қалай шығарып салғаны туралы сұрап жатырмыз. «Е, қайнағаның қазасы аяқ астынан болғаннан кейін қайбір дайындығы бар дейсің олардың… – деді апам шайды бір ұрт­тап қойып. – Осы алдыңғы күні ғана таңер­тең сиыр саууға үйден шығайын деп жатсам, сырттан біреу айқайлайды. Шықсам – осы қайнаға.

Сәрсенбі, 1 тамыз 2012 7:17

Әлі есімде… Бала кезіміз болатын. Қыс­тың қақаған бір суығында үйде шай ішіп отыр едік, сырттан апам кірді. Ауылдың бас жағында бір үлкен кісі қайтыс болып, соның жаназасынан оралған беті еді. Кіре пальтосын қағып-қағып: «Мына күн қайтеді, өзі…» деп күбірлеп жүріп пештің ыстығына қолын біраз тосып тұрды да, шайға отырды. Қай­тыс болған кісіні ағайын-туғаны соңғы са­пар­ға қалай шығарып салғаны туралы сұрап жатырмыз. «Е, қайнағаның қазасы аяқ астынан болғаннан кейін қайбір дайындығы бар дейсің олардың… – деді апам шайды бір ұрт­тап қойып. – Осы алдыңғы күні ғана таңер­тең сиыр саууға үйден шығайын деп жатсам, сырттан біреу айқайлайды. Шықсам – осы қайнаға. «Ойбай, келін, үш сом ақша қарыз бере тұр, ауданға кетіп барамын, «екі-үш күнде қайтарамын» деді… Бердім. Бірақ, ол кісіні соңғы мәрте көріп тұрғанымды қайдан білейін… Жаңа жаназа шығарарда, молда: «Мар­құмның кімде қарызы бар еді, айтың­дар, мына баласы өтеймін деп тұр», деген соң ортаға шығып, айттым… Үш сом қарыз алғанын… Ұят та болып қалды ма, бір жағы… Бәрі біртүрлі қарап қалды, бірақ, баласы ақшаны қайтарып берді».
Мына әңгімені тыңдап отырып үйге қыдырып келген екі әпкем шайларына шашалып қала жаздады. Шынын айту керек, апамның бұл тірлігіне мен де намыстанып кеттім. «Апа, соншама не болды, соншама жұрттың көзінше болмайтын үш сомды сұрап… Ойбай-ау, сұрасаңыз үш емес, он сом тас­тап кететін едік қой. Масқара-ай, масқа­ра…», деп үлкен әпкем шала бүлінді де қал­ды. «Мені сол үш соммен байып қалады дей­сің бе, қарыздың күнәсі қатты болады. Бұған дейін де ол кісі талай мәрте қарыз алған, бірақ жарықтық, уақытында қайтаратын. Енді бұл үш сомды өз қолымен қайтаруды қайнағаға Құдай жазбаған екен, енді баласы қайтарып, қайнаға о дүниеде тыныш жатсын да…» деп апам да қайтпады.
Ол кезде күнә, о дүние, жұмақ, тозақ дегенді жақсы түсінбейтін кезіміз. Сондық­тан апамның тірлігіне біразға дейін «ыстық­тап» жүрдік. Сөйтсек, қарыздың екі дүниеде де үлкен жауапкершілігі бар екенін көнекөз апамыз біледі екен ғой.
Жалпы, қарыз деген қызығатын нәрсе емес. Бүгінде кім қарыз сұрамайды, кім кім­ге қарыз емес десеңізші… Қазір қарыз­дың құрығы ұзын. Көшеге шығып қалсаң, жарқ-жұрқ еткен жарнама… «Ойбай, бізге кел, пәлен пайызбен қарызға ақша береміз, түген пайызбен қарызға зат береміз», деген. Қан­ша жерден қалтаң жұқа, жалақың жетімсіз болса да, қарызданып-қауғаланып жүріп, сол затты алғанша тыным таппайсың. Яғни, отбасы табысын шамалап, шамаңа қарай көсілмеген соң қазір қарыз сұрау мен қарыз берудің құны түсіп, қадірі қашып бара жат­қандай. Шариғат бойынша қарыз берушіге де, егер сол қарызды уақытында қайтарса, алу­шыға да жазылар сауап бар. Бірақ, біздің қоғамда қарыз бен қасірет қатар жүр. Осыдан төрт жыл бұрын Таразда оқыс оқиға орын алды. 500 мың теңге несие алып, қа­ры­зын қайтара алмаған бір азаматты банк сотқа беріп, сот залында қарыз алушы өзін-өзі шолақ мылтықпен атып тастады. Тағы ол банк өкілін де, соттайтын судьяны да ат­пақ­шы болып дайындалып келген екен, бірақ оның қара ниетін байқап қойған судья алыса кетіп, мылтық жазатайым атылып кетіпті.
Бір туысқан әпкеміз өмір бойы сауда-саттықпен айналысты. Өткен ғасырдың со­ңын­дағы қиын-қыстау кезеңде әскери форма киіп жүрген күйеуі әпкемізді екі бала-шағасымен тастап, бай қатынның етегінен ұстап кетті. Әпкеміз байғұс базарда тұрған­да тамақ алып ішуге ақшасын қимай, азаннан кешке дейін екі бәліш пен бір-екі кесе шайды қанағат тұтатын. Сөйтіп, тамағынан жырып, дүниенің бар қызығынан бас тартып, ақша жинады. Екі баласын асырады. Бірақ, ол кісінің көрер азабы көп екен. «Банк­пен сөйлесіп, екі бөлмелі пәтер әперемін», деп бар жиған-терген ақшасын алдап-сулап алып кеткен жолдас қызы ақы­рында: «Алдымен ақша бергеніңді дәлелде, қане, қолхат бар ма, куә бар ма?» деп жалтарып шықты. Не куәсі, не бір жапырақ қағазы жоқ әпкеміз ешнәрсе істей алмады. Соттасып еді, адвокаты қызметіне мың долларын алып, ештеңе тындырмастан ол кетті. Содан базарды тастады да жеке меншік фирмаға жұмысқа тұрды. Бірақ, бұрын-соңды адамдармен тығыз араласып, үлкен ұжыммен жұмыс істеп көрмеген әпкеміз кеңседегі ақ көйлек киіп, галстук таққанның бәрін періште деп ойлап қалса керек. Кең­се­нің бір қызметкері мұның сеніміне кіріп, әпкеміздің атынан жарты миллион теңгеге несие алған. Оны да әпкеміз айтпас па еді, күн­дердің күнінде банктен «сіз бізге жарты миллионнан астам теңге қарызсыз» деген қағаз келмегенде… Сөйтсе, баяғы қарыз алушы несиенің төлемін бір мәрте төлепті де, жұмыс ауыстырып, қарасын батырыпты. Адамдарға аса сенгіш әпкеміз анасын бір, жеңгесін бір ертіп, қарыз алушы жігіттің ауылына барады. Аппақ сақалы бар әкесі мән-жайдың бәрін түсінгендей болып: «Айналайын, қызым баламмен сөйлесейін, ертең хабарлас», деген ғой. Ертеңіне хабарласса, сақа­лы сапсиған ақсақалымыз: «Сендер кеше мені қорқыттыңдар, сол үшін мен сен­дерді полицияға беремін, жасы келген шалды қорқытуға қандай «праволарың» бар? Енді мүлдем хабарласушы болмаңдар», деп аузына келгенін айтыпты.
Ал, Қарабұлақ ауылында өткен мына бір жағдай тіптен сұмдық… Жаңадан шаңырақ көтерген бір жігіттің әкесі мен анасы бір күнде қайтыс болыпты. «Өлім бардың малын шашады, жоқтың артын ашады», деген. Жас отбасыда қаншалықты қор болсын. Бір­ақ ағайындары: «Ел-жұрттан ұят болмасын, әке-шешеңді соңғы сапарға жөндеп шыға­рып сал, әйтпесе, бәрі күліп кетеді, шамаң кел­месе біз ақша берейік», деп бәрі қарызға қомақты ақша береді. Сонымен, марқұмдар­ды жер қойнына беретін күні, одан жеті­сін­де, қырық күндік, сосын жылдық асының әрқайсысында бір-бір жылқы сойылып, әр­бір шараны ұлан-асыр қылып өткізеді. Жыл өткен соң жігіттің ағайындары бірінен кейін бірі қарызын сұрап келіп, қолдағы бар малды сатып, жас отбасы бір күнде тақырланып шыға келеді. Не жұмыс жоқ, не табыс жоқ. Қарызды айқай-шумен зорға қайтарған соң ол үйге ағайындарының ешқайсысы бас сұқпайды. Содан жігіт өмірден баз кешіп, қапа болып жүргенде бұл отбасының есігін иегова куәгерлері қағыпты. Ар жағы түсінікті…
Статистикаға сөз берсек, осы жылдың 6 айында Оңтүстік Қазақстан облыстық қаржы полициясына 2973 арыз-шағым түсіпті. Сол арыздардың көбінде алаяқтық мәселесі айтылыпты. Яғни, бүгінде алданбаған адам аз. Қарыздың да қасиеті бар. Қарызданушы адам өзіне қарыз берген адамның алдында өзінен-өзі төмендеп, тіпті, оны құдай көре бастайды. Мейлінше, көзіне түспеуге тырысады, жазатайым кездесіп қалса, реті келсін-келмесін оны көпіртіп мақтайтын болады. Баяғыда біреу Қожанасырдан қарыз сұраса, бермепті. «Неге бермейсің?» деген ғой анау. Сонда Қожекең: «Қарыз берсем, көрген жерде сен менен қашып жүретін боласың, сенімен жасырынбақ ойнайтын шамам жоқ, айналайын», деген екен. Сол айтпақшы, құрметті оқырман, сіз біреуден қашып, жасырынбақ ойнап жүрген жоқсыз ба? Қазір қарыз емес адам кемде-кем. Бұл, бәлкім, қоғам қасіреті шығар. Сіз қалай ойлайсыз?

Оралхан ДӘУІТ,
«Егемен Қазақстан».
Оңтүстік Қазақстан облысы.