10 Қаңтар, 2012

Мейірхан Мүбәракұлы ӘБДІЛДИН

651 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Мейірхан Мүбәракұлы ӘБДІЛДИН

Сейсенбі, 10 қаңтар 2012 7:37

2012 жылдың 9 қаңтар күні 74 жасқа қараған шағында ұзаққа созылған науқастан Қазақстанның көрнекті ғалым-фи­зиктерінің бірі, ҚР ҰҒА академигі, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, адал жар, абзал азамат Мейірхан Мүбәракұлы Әбділдин дүниеден озды.
Ол 1938 жылы 16 наурызда Алтай өлкесі, Троицк ауданы­н­да Зигаиново ауылында дүниеге келген. 1959 жылы С.М.Ки­ров атындағы Қазақ мемле­кет­тік, қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық универси­тетінің физика факультетін бітірген.

Сейсенбі, 10 қаңтар 2012 7:37

2012 жылдың 9 қаңтар күні 74 жасқа қараған шағында ұзаққа созылған науқастан Қазақстанның көрнекті ғалым-фи­зиктерінің бірі, ҚР ҰҒА академигі, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, адал жар, абзал азамат Мейірхан Мүбәракұлы Әбділдин дүниеден озды.
Ол 1938 жылы 16 наурызда Алтай өлкесі, Троицк ауданы­н­да Зигаиново ауылында дүниеге келген. 1959 жылы С.М.Ки­ров атындағы Қазақ мемле­кет­тік, қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық универси­тетінің физика факультетін бітірген.

Еңбек жолын инженер-лаборанттықтан бастап, бар ғұмы­рын Қазақстанның ғылымы мен білім саласына арнады. Ол ­әр жылдары А.А. Жданов атындағы Ленинград университетінің аспиранты (1961-1965 жж.), кіші ғылыми қызметкер (1966 ж.); Қазақ КСР ҒА Астрофизика институтының аға ғылыми қыз­­мет­кері (1967-1979 жж.) болды. 1966 жылы кандидаттық диссертация, 1985 жылы «Тео­рия­лық және мате­ма­тикалық физика» мамандығы бойынша докторлық диссертация қорғады.
Мейірхан Мүбәракұлы 1970 жылдан бастап Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық универ­ситетінде 40 жылдан астам табан аудармай қызмет істеді. 1970-1981 жылдары және 1986 жылдан өмірінің соңына дейін теориялық физика кафедрасының меңгерушісі болды. ҚазМУ-дың ректоры болып жұмыс істеген 1988-1991 жылдары білімнің қара ша­ңырағының беделі бұрынғыдан да артып, білім, ғылым саласында тың өзгерістер пайда болды. Ол осы қызметке оқытушы-профессорлардың қолдауымен және жабық дауыста сайлан­ған алғашқы ректор болатын.
Мейірхан Мүбәракұлы Эйнштейннің салыстырмалылық және грави­та­ция­лық теориясы бойынша бұрынғы ТМД елдері ішіндегі білікті де білгір, мық­ты мамандардың бірі еді. Қазақстан Республикасындағы іргелі зерт­теу­лердегі басым бағыт «Теориялық физиканың» негізгі ұйымдастырушысы, «Грави­та­ция­лық, электромагниттік, күшті және әлсіз өзара әрекеттестікті теориялық зерттеу» атты іргелі зерттеулер бағдарламасының жетекшісі. Оның ғылыми же­текшілігімен бірнеше кандидаттық және докторлық диссертациялар қорғалды. Оның 150-ден астам ғылыми мақаласы, 2 монографиясы жарық көрді.
Мейірхан Мүбәракұлынан тәлім-тәрбие алған мыңдаған шәкірттер бү­гінде тәуелсіз республикамыздың түкпір-түкпірінде болашақ ұрпақ үшін еңбек етуде.
Ол теориялық физика саласындағы Қазақстандағы алғашқы доктор және профессор. М.Әбділдин Ресей гравитациялық қоғамының, Халықаралық физикалық журнал редакциялық алқасының мүшесі болып табылады.
Мейірхан Мүбәракұлы «Қазақстан Республикасы ғылымының дамуына қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен, мерейтойлық медальдарымен, жараты­лыстану-техникалық ғылымдар саласындағы іргелі зерттеулері үшін «2001 жылғы үздік ғылыми-зерттеу жұмыстары үшін» дипломымен, ғылым мен мәдениеттің дамуына қосқан үлесі үшін Халықаралық шығар­машылық академиясының Құрмет белгісімен марапатталған.
2003 жылдың қазан айында ол Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі болып сайланды.
Әріптестерінің ықылас-ниетіне бөленген көрнекті ғалым, ұлағатты ұстаз, тәлімді әке Мейірхан Мүбәракұлы Әбділдиннің жарқын бейнесі оны біле­тін­дер мен ұстаз-ғалым­дар­дың, сондай-ақ, шәкірттерінің есінде әрдайым сақталады.
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі,
Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы,
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті.

Бар ғұмырын ғылымға арнаған
Маған бүгін суық хабар жетті. Сенер-сенбесімді де білмедім. Құйрықты жұлдыздай Қазақстан ғылымының көгінен тағы бір жарық жұлдызымыз ағып түсіпті. Кеше ғана арамызда аңқылдап жүрген, жаны жайсаң, жүрегі абзал нағыз ғалымымыздан айырылып қалыппыз. Сұм ажал кімді аяған. 74 жасқа қараған шағында физика-математика ғылымда­рының докторы, профессор, Ұлттық ғылым академиясының академигі, Қазақстан Респуб­ликасының еңбек сіңірген қайраткері, көрнекті ғалым-физиктерінің бірі, адал жар, абзал азамат, ғұлама ғалым Мейірхан Мүбәракұлы Әбділдин дүниеден озды.
Түркілердің тегі тараған Ресейдің Алтай өңірінде дүниеге келген Мейірхан Мүбәра­кұлы тегіне тартса керек, бірбеткей, қайсар, ғылымға адал жан болып өтті өмірден.
Елін, жерін сүйетін бір жан болса, ол осы – Мейірхан Мүбәракұлы. Ғұлама ғалым жан-жақты болатын. Тек жаратылыстану ғылымдарын ғана емес, барлық ғылымды да бір-бірі­мен ұштастыра алатын. Ол қазақ елінің ауыз әдебиетін жатқа білетін. Әл-Фараби философиясынан ой толғап, Асан қайғы, Бұқар жырау, Абай өлеңдерін түйдектей айтатын. Жаны лирикаға жақын болғандықтан да болар, ғалым ағамыз достыққа адал, ағалыққа берік болатын. Ол өзінен бұрынғы ұлылардан үлгі ала жүріп, кейінгі буынға өзіндік өнеге көрсете білді. Ол кісінің тіліп түсетін уытты да өткір тілі өзгелерге айбар болатын. Сондықтан да ол өз айналасына білім, ғылым саласына шын берілген, нағыз білімдар, адал жандарды топтастырды.
Тағдырдың барлық қиындықтарына төзе білген Мейірхан Мүбәракұлы отбасында да нағыз азамат ретінде ғұмыр кешті. Аяулы жар, мейірімді әке, әулеттің ақылгөй данасы болды. Өмірдің ағысына өзгелердей ілесіп емес, қарсы жүзіп, өнеге көрсетті.
Тәуелсіз республикамыздың іргесі бекіп, экономикалық нығаюына, оның ішінде білім, ғылым саласының әлемдік деңгейге көтерілуіне ол кісінің қосқан еңбегі ұшан-теңіз. Мейірхан Мүбәракұлынан тәлім-тәрбие алған мыңдаған шәкірттер бүгінде егемен еліміздің түкпір-түкпірінде еңбек етуде.
Оның аса мақтауды жаны сүймейтін. Ғылымның тазалығы үшін талай тартысқа түскен қайсар мінезді академик 150-ден астам ғылыми мақала, 2 монография жазса да оны өзіне көп санайтын, ғылымдағы саннан гөрі сапаға баса назар аударатын.
Ол көп жылдар еңбек еткен ұжымы ҚазҰУ-да әл-Фараби Алтын медалімен марапатталған алғашқылардың бірі.
Әріптестерінің шын ықылас-ниетіне бөленген көрнекті ғалым, ұлағатты ұстаз Мейірхан Мүбәракұлы Әбділдиннің жарқын бейнесі оны білетіндер мен ұстаз-ғалымдардың, сондай-ақ шәкірттерінің есінде мәңгі сақталады.
Бақытжан ЖҰМАҒҰЛОВ, Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі.

Көрнекті ғалым, ұлағатты ұстаз
Біздің аса құрметті де қымбатты Мей­ір­хан Мүбәракұлы дүниеден өтті. Бұған сену өте қиын, бірақ бұл ай­қын. Соңғы жылдары физика факуль­тетінің рухын көтерген адам­ның жүрек соғуы тоқтады.
Мейірхан Мүбәракұлының бойынан көптеген қасиеттер табылатын еді, физик әрі лирик, дана, ойшыл, кемеңгер осындай кез келген қиын-қыстау кезеңнен тура жол таба алатын адамның ақылы мен нұсқауына әр адам тәнті еді. Ойын тура және тік жеткізе білетін, орнымен әр адамды ширата және шыңдай білетін.
Ұлағатты ұстаз, зерттеуге деген құл­шы­­ны­сымен және де жастарға білім нә­рін сусындата білген Мейірхан Мү­бә­­ракұлы артына өшпес ғылым мұра­сын қалдыра біл­ді, гравитация мен са­лыс­тырмалылық тео­ри­я­сының қазақ­стан­дық мектебінің негізін қа­лаушы ұлы ғұлама ғалым өз ісін жалғас­ты­рушы көптеген шәкірттер дайындады.
Мейірхан Мүбәракұлы бойына қа­зақ интеллигенциясының ең озық дәс­түрле­рін жинаған, оған мақсатты­лық, еңбек­қорлық, ұшқырлық, қа­рым-қатынастағы жоғары мә­де­ниет­ті­лік пен қарапайым­дылық, таң­қа­лар­лықтай сыпайылық, соны­мен қатар әділеттілік және адамдарға деген қа­йы­рым­дылық пен көрегенділік және орнымен әзілдей білетін қасиеттер тән.
Мұндай адамның мезгілсіз дүние­ден өтуі еліміз үшін орны толмас қайғы. Мейірхан Мүбәракұлының бар өмірі ғылым мен адам­затқа қызмет етудің жар­қын белгісі болды.
Осы ауыр сәтте марқұмның туған-ту­ыс­тары және ағайын-жекжатының қай­­ғы­­сы­на ортақпыз. Ірі ғұлама ға­лым­ның жар­қын бейнесі жадымызда және жүре­гі­мізде біржола қалмақ!
Мұрат ЖҰРЫНОВ, Қазақстан Республикасы Ұлттық  Ғылым Академиясының президенті, академик.

Қош болыңыз, асыл ұстаз, ғұлама ғалым аға!
Қайран, Мейірхан аға! Асылдың сы­ны­ғы едің-ау! Көрнекті ғалым, ұлағатты ұстаз, абзал ағамыз өмірден озды деген суық хабарды естігенде, суық су бойымды қарып өткендей болды. Алып тұлға, ғұлама аға туралы өткен шақта айтудың өзі оңай емес. «Өлді деуге бола ма айтың­дар­шы, өлмей­тұ­ғын артында сөз қал­дырған» деп ұлы Абай айтқандай, академик Мейірхан Әбділдиннің ғы­лым­да ізі, артында өшпес мұрасы қалды. Ол қазақ топырағында бұрын-соңды бол­ма­ған физиканың жалпы салыстырмалы теориясы туралы ілімді бүкіл қазақ жұрт­шы­лығына таратып, аты мен заты әлемге жа­йылған ғылыми мектеп қалыптас­тырды. Мей­­ірхан Мүбәракұлы энцикло­педиялық білімді ғалым болатын. Өзінің сүйікті физикасын былай қойғанда, алыс-жақын шетел­дің тарихы мен мәде­ниетін тарқата айтып, тұжырым­да­рымен тыңдаушысын таңғалды­ратын. Батыс пен шығыстың әдебиетінен сөз сапырып, ақын-жыраулардың өлең­дерін жатқа соғатын. Табиғи опе­ра­лық дауысымен ән шырқағанда, қа­зақ­тың сары дала­сының сазы мен күйін көз алдыңа әкелетін-ді. Осындай сегіз қырлы, бір сырлы өзге­лер­ден оза туған біртуар қазақ ұлының өмірден өтуі өкінішті-ақ.
Біздің университет үшін, жалпы халқы­мыз үшін осындай ғажайып адам­нан айырылып қалуымыз орны толмас қайғы. Амал не, жазмыштан озмыш жоқ деген, бәріне көнуге тура ке­леді. Біз тек сол ғұлама адаммен қа­тар өмір сүріп, біздің арамызда бол­ғанын зор мақтаныш, мәртебе санаймыз.
Қош болыңыз, аяулы Аға. Сіздің жарқын бейнеңіз біздің жадымызда әрқашанда сақталады.
Ғалым МҰТАНОВ, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры, академик.