27 Қаңтар, 2012

Биік парасат иесі

473 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Биік парасат иесі

Жұма, 27 қаңтар 2012 7:25

Тәуелсіз Қазақстанның индус­триялық-ин­новациялық бағытта даму жолына негіз болған ғылыми ізденістерге толы ерен еңбегімен таныл­ған академик Әбдіғаппар Әшімұлы Әшімовтің ғылыми шы­ғармашылық өмірі бүгінгі ұрпаққа үлгі. Саналы ғұмырын ғылымның заманға лайық жаңа салаларын жолға қоюға арнаған, азаматтық өмірі өнегелі істерге толы Әбді­ғаппар Әшімұлы­ның сәби шағы соғыстың ауыр жылдарына тұспа-тұс келді. Әкесінен ерте айырылып, балалар үйінде тәрбиеленуге мәжбүр болды. Cоған қара­мастан Шу стансасының орта мектебін озат бітіріп,

Жұма, 27 қаңтар 2012 7:25

Тәуелсіз Қазақстанның индус­триялық-ин­новациялық бағытта даму жолына негіз болған ғылыми ізденістерге толы ерен еңбегімен таныл­ған академик Әбдіғаппар Әшімұлы Әшімовтің ғылыми шы­ғармашылық өмірі бүгінгі ұрпаққа үлгі. Саналы ғұмырын ғылымның заманға лайық жаңа салаларын жолға қоюға арнаған, азаматтық өмірі өнегелі істерге толы Әбді­ғаппар Әшімұлы­ның сәби шағы соғыстың ауыр жылдарына тұспа-тұс келді. Әкесінен ерте айырылып, балалар үйінде тәрбиеленуге мәжбүр болды. Cоған қара­мастан Шу стансасының орта мектебін озат бітіріп, 1954 жылы Ленин атындағы Қазақ поли­техникалық институ­тының автоматтандыру және металлургия факультетіне оқуға түсуі болашақта қызығы да, қиындығы да мол ғылымның жаңа саласына баруына жол ашқан. Шындығында, институтты 1960 жылы үздік тәмамдаған жас түлек ұстаздарының ұсынысы бойынша әйгілі ғалым Д.­И.Лисовский басқар­ған Мәскеудегі Болат және қорытпалар институтының «Түсті және сирек кездесетін металдарды автоматтандыру» кафедрасында аспи­ран­тураға қа­был­данды. Осы сала бойынша бұл ғы­лыми ортаның беделі Одаққа ғана емес әлемге белгілі болатын. Сонау Мәс­кеуге барып жоғары оқу орнынан кейінгі ғылым жолына қабылдануы қарапайым ауыл баласы – Әбдіғаппар Әшімұлы­ның ізденім­пазды­ғы­ның, алғырлығының, бі­лім­ге деген ұмтылысының және жаңа­лыққа деген құштарлығының дәлелі еді. Ғылымға біржола ден қойған Әбекеңнің ғалым ретінде қалыптасуына аттары әлемге белгілі академиктер С.­В.Емельянов, А.­А.Красовский, Г.­С.Пос­­­­­пе­лов, Я.­З.Цып­­­­­­кин секілді ғұлама ғалым­дардың үлкен ық­палы болды әрі осындай орасан ғылыми әлеуеттің әсерімен Қазақстанда әлі зерттелмеген тың тақырыптарды игеруге бел буды. Бойындағы дарындылық пен еңбекқорлық және табандылық­тың арқа­сында ол қышқылданған никель қаз­ба­ларын шахталық қорытуды математи­калық модель көмегімен зерттеу мәселе­лерін кандидаттық диссертациясы арқылы бірінші болып ғылыми ай­налымға қосты. Еліне оралған соң өзі оқыған поли­техникалық институтта металлургиялық үде­ріс­терді автоматтандыру кафедрасын және техни­калық кибернетика кафедрасын басқарды. Осы кафедралар жанында ғылымның бұл бағыттары бойынша елі­мізде жаңа мектептің іргетасы қалана бастады. Сонымен қатар өзі ашқан авто­маттанды­рылған басқару жүйесінің про­блемалық және салалық зертханасына ғылыми жетекшілік жасап, жаңашыл идеяларға бастамашы болды. 1972 жылы Мәскеу Болат және қорытпалар институтында докторлық диссертациясын түсті және қара металдарды өндіру саласын­дағы автоматтық басқару және реттеу мамандығы бойынша қорғаған Әбдіғаппар Әшімұлының есімі сол кезде-ақ Одақ көлеміне дүркірей танылған. Одан кейін интел­лек­туалдық тұғыры мықты жас ғалым Қазақ политехникалық институтына ректор болған жылдары жоғары оқу орынында білім беру саласына үлкен жаңалықтар әкелген еді. Әбекеңнің жетек­шілігімен әрі тікелей араласуымен жоғары білімді мамандарды даярлау сапасын кешенді басқару жүйесі және нормативті-әдістемелік база қолда­нысқа енгізілді. Бұл шын мәнінде жоғары оқу орнында маман даярлау ісіне соны серпін әкелген үлкен жаңалық еді. Осы жаңалығы үшін 1985 жылы Мәскеуде БХШЖ (ВДНХ)-ның күміс медалін жеңіп алғандығын, ол басқарған жоғары оқу орнының қатарынан үш жыл бойы (1981, 1982, 1983) маман даярлау саласында ең жоғары жетіс­тіктері үшін КСРО Жоғары және орта білім ми­нис­­трлігінің ауыспалы Қызыл туы мен 1 дәрежелі дипломын иеленгендігін еске ала кеткен орынды. Ғылыми дарындылық, басқарушылық, ұйымдас­ты­­рушылық, іскерлік пен іл­кім­ділік секілді қабі­леттер мен қа­­­сиеттер бір бойында тоғысқан Әбді­ғаппар Әшімұлы 1989 – 1991 жылдары Ғылым академиясының математика және механика институты директо­рының орынбасары, 1991-1994 жылдары ҚР ҰҒА Информатика және басқару проблемалары институтының директоры қызметтерін атқарған жылдары да ғылым­ның жаңа көкжиек­теріне соны соқпақ салуға күш салды. Жоғары Аттестациялау комиссиясына төрағалық етті. Ғылы­ми жаңа­шылдық мүмкіндігі мен жоғары парасат-пайымы және басқару ісі мен ғылыми ұйым­дастыру жұмыстарындағы мол тәжі­рибесі кибернетика, автоматика, информатика, жүйелі басқару ғылымдары бойынша жаңа ізденістерді саралау, сараптау жұмысына зор көме­­гін тигізгені рас. Осы жылдары ғылымның бұл саласы бойынша жаңа зерттеулер мен тың еңбектер дүниеге келгені де, жаңа талпыныстарға жол ашыл­­ғаны да ақиқат еді. Әбдіғаппар Әшім­ұлы Әшімовтің есімін атағанда ең қиын және аса қажетті мамандықтарға қатысты «кибернетика», «автоматика», «информатика», «жүйелі басқару» атаулары мен ұғым-түсініктері қатар жүреді. Өйткені, ол – авто­­маттық басқару жүйесінің теориясы мен техникалық кибернетика теориясының жә­не жүйелерді модельдеу теория­сының отандық мектебінің негізін қалаушы; сонымен қатар, металлургиялық үдерістерді болжалдау және тиімдендіру түйіндерін мате­матикалық модельдеу әдістерін қолдана отырып шешуді Қазақстанда ғылыми жолға қойған алғашқы және бірегей маман. Қара және түсті металдарды өндіру саласында автоматтық басқару мен реттеуді қазақ­­стандық ғылымға енгізу жолындағы ұшан-теңіз еңбегі де ауыз толтырып айтарлық.
Ол – осы салалар бойынша мамандар даярлау ісін де жүйелі түрде жолға қоюды бастаған және ұйымдастырған, басшылық жасаған қайраткер. Сонымен қатар, ғылым өрісін одан әрі кеңейтер шәкірт тәрбиелеген ұлағатты ұстаз. Үлкен парасат иесі. Бүгінге дейін Ә.Ә.Әшімовтің жетекшілігімен 10 докторлық және 50 кандидаттық диссертация қорғалды. Жаңа заманға лайық ақпараттық технология дамыған уақытта ең бағалы да аса қажетті ғалым-мамандар дайындап шығарған тағылымы мол тәлімгер. Қ.Ш. Асаубаев, Б.А. Жаппаров, Г.З. Қа­зиев, Қ.С.Сағынғалиев, Д.Ж.Сыздықов, С.­П.Со­­­­­колова, Ғ.М. Тоқтабаев, Ө.А. Түкеев, Д.Н. Шукаев және басқа да шәкірттерімен бірге бір­дейлендірудің теориялық негіздерін және ұйым­дастыру жүйелері мен авто­мат­тық басқарудың қазіргі теориясын зерт­теуді жүзеге асырды. Оның одан кейінгі же­текшілігімен ав­то­маттық басқару тео­риясы бойынша жиі­лікті-үде­мелі жүйе­­лердің стохасти­халық теория­­сының негізі жасалды. Әсіресе, өзгермелі конфигурациясы бар жү­йелерді анализдеу мен синтездеу саласындағы ғы­лыми ізденістері де аса бағалы. Сонымен бірге деректерді өңдеу­дің мо­дульді жүйелерін саралау және сараптау әдіс­тері мен нұсқала­рын әзірлеуі де ғылыми құнды жұмыс. Осылайша Ә.Ә.Әшімовтің ті­ке­­лей көшбас­шылы­ғымен әр жылдарғы шәкірт­терінің ерен ең­бегінің нәтижесінде Қазақ­стан­да кибернетика, автоматика сала­ла­­рының ғылыми мектебі қа­лыптасты.
Әрине, ғылыми жұ­­мыстың құндылығы тео­риялық қорытын­дылардың өндірісте қолданылып, өз нәтижесін беруінде. Осы бағытта да Әбдіғаппар Әшімұлы қыруар іс тындырды. Мысалы, ол Шымкент қорғасын зауытында, Өскемен қорғасын-мырыш, Бал­қаш кен-металлургия, Жезқазған тау-металлургия комбинаттарында және «Ақтө­бе­рентген» бірлестігінде өндірісті, сондай-ақ тех­нологиялық үдерістерді басқарудың бірнеше автоматтанды­рылған жүйесін жасап қол­данысқа енгізді. Жезқазған мыс балқыту зауы­тындағы газ желісі мен шаңтұтқышта техноло­гиялық үде­рістерді басқарудың авто­маттан­ды­рылған жүйесін жасап, оны өндіріске енгізгені үшін Қаз ССР Министрлер Кеңесі сыйлығының лауреаты атағын иеленген болатын.
Теория мен практиканы ұтымды ұйым­дас­тырудың шебері атанған ғалым ғылыми ізде­ніс­терден туған ойларын, қорытын­дыларын, айқын­­дамалары мен анықта­маларын үнемі жүйе­леп, жариялап халық игілігіне ұсынып отырады. Оның 400-ге жуық ғылыми жұмысы бар. Солар­дың ішінде 12 монографиясы еселі еңбегінің ең жоға­ры көрсеткіші саналады. Ә.Ә.Әшімов ғылы­ми ізденістерінің нәтижелері сан рет халықаралық деңгейдегі ғылыми жиындарда әлем назарына ұсынылған. АҚШ, Болгария, Франция, Италия, Германия, Жапонияда әр жылдары өткен форумдар мен симпозиумдарда, конгрестер мен конференцияларда басқару және автоматтандыру саласы бойынша Қазақстан атынан озық ойларын ортаға салып, ел мәртебесін көтергеніне әлем ғалымдары талай мәрте куә болған. Менің де куә болған кезім бар. Ана жылдары Мәскеуде Әбекең аспирант болған, докторлық диссертация қорғаған кафедрада ғылыми-зерттеу мақсатындағы ізденістермен жүрдім. Сондағы кибернетика, информатика, автоматизация сала­сындағы аттары әлемге әйгілі ғалым­дардың Әбдіғаппар Әшімұлын аузынан тастамай, үнемі мойындап отыратындығы және осы саладағы ең озық ғалымдардың қатарында санай­тындығы мақтаныш сезі­мімді оятты және ол сезім әлі күнге менен арылған жоқ. Кейін 1993 жылы Мәскеудің белгілі ғалымдары – академиктер В.­А.Гор­­­­­батов, Е.Н.Юзвишин, В.­В.Редко­зубов, т.б. Халықаралық ақпараттандыру Академиясын Қа­зақ­станда кім басқарады дегенде олардың Әб­діғаппар Әшімұлы Әші­мовке тоқтағаны да қай­раткер ғалымның халықаралық салмағының жоғары екен­дігін дәлелдейді.
Әбекең шын мәніндегі жаһандық кеңіс­тікке шыққан ғалым екендігін әлі күнге ірі-ірі ізденіс­терімен дәлелдеп келеді. Қазірде математикалық модельдеу және жүйелі инжиниринг саласында ғылы­ми пікірлері ең жиі пайдаланылатын және тілге тиек етілетін, әлем ғалымдары ғылыми ойларына тірек ететін санаулы ғалымдар қатарында. Тек соңғы жеті-сегіз жыл ішінде Ә.­Ә.Әші­мовтің жетекшілігі­мен авторлар ұжымы жасаған 50-ден астам ғылыми нәти­же АҚШ, Канада, Ұлыбри­тания, ҚХР, Австрия, Ресей және басқа мемлекет­тердегі журналдар мен форумдарда жарияланды. Бүкіл­әлемдік жүйелер мен кибернетика ұйымы­ның ХV Халықаралық конгре­сінде Ә.­Ә.Әші­­­мовтің телавторлармен бірге жасаған ғылыми баяндамасы «Аса үздік мақала» деген жоғары марапатқа ие болды.
Жоғары кәсіби мамандарды даярлағаны және үздік ғылыми жетістіктері үшін «Еңбек Қызыл Ту», «Халықтар достығы», «Парасат» орденде­рімен наг­рад­талған, ерен еңбегінің нәтижесінде «Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген ғылым қайраткері» деген атаққа ие болған Ә.Ә.Әшімов 1997 жылдан Білім және ғы­лым министрлігі Информатика және басқару проблемалары институтында «Жүйелі анализ және басқару» зерт­ханасының меңгерушісі, Қ.И. Сәтбаев атын­дағы Қазақ ұлттық универ­ситетіндегі «Ақ­па­рат­тық технологиялар» кафедра­сы­ның профессоры қызме­тін атқа­рып келеді. 2003 жылдан ҚР ҰҒА академигі.
Бүгінге дейін тынымсыз еңбек етіп келе жатқан әлемдік ауқымдағы қайраткер ғалымның осыншама жетістіктерінің сыры, меніңше, оның арының тазалығы мен өз кәсібіне деген адал­дығында, еліне, жеріне деген перзенттік сүйіс­пенші­лігін­де. Осы қасиеттер бойына ерте дарыған Әбдіғаппар Әшімұлы Әшімов әлі талай асуларды бағындырары сөзсіз.
Ғалым МҰТАНОВ, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры, академик.