11 Ақпан, 2012

Азаматты талап жетелеп, арман өсіреді

726 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Азаматты талап жетелеп, арман өсіреді

Сенбі, 11 ақпан 2012 8:21

Жақсы адам көпке ортақ. Көрмесең сағынасың. Жайдары жанның жарығы күн секілді жан-жағына түгел түседі. Оның болмысы барша пендеге тән реніш, өкпе, налу секілді әдеттен ада. Тіршілікте талайсызға танытқан реніші – жай ғана кейіс, налуы наз боп сезіледі. Өйткені, адамға ат қойғанда Алланың аяны мен қойылған есімі егіз болмысты қоса біріктіріп, бітімі бөлек жан туады. Ардақты азамат Құсымжанов Мырзекен де аты мен заты, қазынасы мен салты тең жаралған көшелі кісі еді. Адамның арманы таусылған ба. Бірақ, амал қанша, өмірден өзі кетсе де көзі қалды, артында өнегелі ісі мен өшпес ізі қалды.

Сенбі, 11 ақпан 2012 8:21

Жақсы адам көпке ортақ. Көрмесең сағынасың. Жайдары жанның жарығы күн секілді жан-жағына түгел түседі. Оның болмысы барша пендеге тән реніш, өкпе, налу секілді әдеттен ада. Тіршілікте талайсызға танытқан реніші – жай ғана кейіс, налуы наз боп сезіледі. Өйткені, адамға ат қойғанда Алланың аяны мен қойылған есімі егіз болмысты қоса біріктіріп, бітімі бөлек жан туады. Ардақты азамат Құсымжанов Мырзекен де аты мен заты, қазынасы мен салты тең жаралған көшелі кісі еді. Адамның арманы таусылған ба. Бірақ, амал қанша, өмірден өзі кетсе де көзі қалды, артында өнегелі ісі мен өшпес ізі қалды.

Дарынды хирург дәрігер, білікті бас­шы, асыл азамат – Мырзекен Құсым­жан­ұлы бүгінде көзі тірі болса 80 жасқа толар еді. Саналы ғұмырын, алған білімін туған елінің тұғырын биіктетуге, сәулелі болашақтың, кемелді келешектің көшін түзеуге арнап өтті. Сол үшін оны халқы шексіз жақсы көрді…
Дана халқымызда «жігітті талап жетелеп, арман өсіреді» деген сөз бар. Мыр­зе­кен Құсымжанұлы да болашағына бағ­да­рын бала күнінен дұрыс жасай білгендігін байқаймыз. Бұрынғы Семей облысы, Абы­ралы ауданына қарасты Қайнар ауы­лы­нан қанаттанып өскен ол арман қуып, Алматы қаласына келіп, медицина инс­ти­тутына оқуға түседі. Оның бақытына инс­титут қабырғасында Маккам Төленов, Әндижан Ізмұханов, Бенеш Жарбосынов сынды ұстаздар жолықты. Олар өз ма­мандығына құштар жас шәкіртті емдеу саласының бүге-шігесін, қыр-сырын жа­лықпай үйретіп, кәсіби білім алуына бар ықыластарын салып, жәрдемдесті. Өзі де осындай ардақты азаматтардың саясында жүріп, өмір мектебінің үлкен сындарынан өтті. Адамгершілік пен адалдықты, кішіпейілдік пен қарапайымдылықты құстың қос қанатындай тең ұстауды үйренді.
«Құнары жоқ қырқаға, көктеп өсіп гүл бітпес. Ер жігіттің тағдыры, туған елмен кіндіктес» дегендей, жақсы жер, жайлы қонысты аңсамайтын жас жоқ шығар. Бірақ, Мырзекен Құсымжанұлы оқуын бітіре сала кейбір замандастары секілді қалып қоймай, әсем қала Алматыны сана­лы түрде артқа тастап, туған жеріне асық­ты. Полигоннан зардап шеккен халқына қолұшын беруді өзінің азаматтық борышы деп ұғынды. Семей өңірінің сол кездегі тарихына үңіл­­сек, Мыр­зе­кен Құсым­жан­ұлы Абай елінен шыққан тұңғыш жоғары білім алған кәсіби дәрігер екендігіне көз жеткіземіз. Ол жан аяп қал­май, түн қа­тып, түс қа­шып жүріп барды баға­лап, жоқты та­буға тырыс­ты. Оны еңбек жолының бағаналы сатылары біртіндеп жоғарыға қарай жетелей берді. Бірақ ол мансап үшін бір сәт те қисық қадам жасаған жоқ. Егер майлы қызмет, жайлы тақ іздесе, министрдің өзі Атырау облы­сы­ның денсаулық сақтау бөліміне басшы­лық қызметті ұсынған кезде бас тартпас еді. Ол кісі үшін бір ғана міндет болды. Туған халқының дертін жазып, демін ұзарту. Азаматтық борышын өтеу.
Мырзекен Құсымжанұлының өмір жолына қысқаша шолу жасасақ, 1955-1961 жылдары ол Абай ауданының орта­лы­ғы Қарауыл ауылында аурухананың іргетасын қалап, бас дәрігер боп қызмет атқарған. 1961-1969 жылдары Аягөз ауда­ны­ның бас дәрігері болады. Өзінің ісіне шын берілгендігінің дәлелі сол, Мырзе­кен Құсымжанұлы 1972 жылы бұрыннан бері жинақталған білімі мен білігін уақыт оздырмай «Семей қаласы тұрғындарының демографиялық мағлұматы жөнінде» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғайды. 1970-1973 жылдары Семей қа­ла­сындағы облыстық жұқпалы аурулар диспансерінің бастығы, 1973-1983 жыл­да­ры Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамсыздандыру секторының мең­герушісі қызметтерін атқарады. «Қа­ра­пайымдылық – ұлылықтың белгісі» деген анықтама Мырзекен Құсымжанұлы секілді азаматқа қаратып айтылған болса керек. Ол сол жайдары мінезі, тиянақты іс­керлігі арқылы халқымыздың ардақты ұлы Д.Қонаевтың көзіне түсті. Қабыл­да­уын­да болды. Емен-жарқын ой бөлісті. Сырлы сұхбат, сындарлы пікірлерін тың­даған ел басшысы оны Қа­зақ ССР Әлеуметтік қам­сыздандыру министрі­нің орынбасары қызме­ті­не тағайындады. Ерен еңбек терең сенімге жетелейді екен. Оған Мыр­зе­кен Құсымжанұлының өмір өткелдері нақты дә­лел болады.
Қазақ елі тәуелсіздік алып, ары қарай дамитын жолдарын, бағдарларын ай­қындап жатқан тұста Мырзекен Құсымжанұлы мемлекеттің әлеуметтік қамсыздандыру саясатын құру ісіне тікелей атса­лыс­­ты. ҚР «Мүгедектердің әлеуметтік қорғалуы туралы» заңы, «Ұлы Отан со­ғысының қатысушылары мен мүгедек­те­ріне және соларға теңестірілген адам­дарға берілетін жеңілдіктер мен оларды әлеуметтік қорғау туралы» заң күші бар ҚР Президентінің Жарлығы жобаларын әзірледі. Еліміздің зейнетақы жүйесін реформалаудың бастапқы жылдарында өз ұсыныстары мен пікірлерін білдіріп, қалың әлеуметтің жағдайын жақсартудың жолдарын ойлады.
Халық құрметіне бөленген айтулы азамат 1996 жылы тәуелсіз еліміздің жа­ңа­дан сайланған екі палаталы Парламент Мәжілісінің аппаратында комитет­тердің жұмысын үйлестіру секторының бөлім меңгерушісі қызметін атқарды. Бұл салада да туған елінің болашағына қажетті ме­дицина, мәдениет, тіл және халыққа әлеу­меттік қызмет көрсету са­лалары бо­й­ын­ша заң жобаларын дайын­дау ісімен айналысты. Ел ордасы Астана қаласына ауы­суына байланысты 1998 жылдан ақ­тық демі біткенше дәрі-дәр­мек­тердің са­па­сын тексеру жөніндегі «Тексеру» фир­масының директоры қыз­метін атқарды.
Құсымжановтар әулетінің шамшыра­ғын­дай аяулы жары Шәмшия Нығмет­қы­зы екеуі ұялмайтын ұл өсіріп, қысыл­майтын қыз тәрбиелеген ардақты жандар. «Ұлың – ізің, қызың – көзің» болса, одан асқан бақыт бар ма! Ұяда көрген тәрбие ұшқанда балаларға қанат болады. Бұл отбасында әке жолын ар тұтқан, абы­ро­йын шалқытқан дәрігерлер династиясын жалғастырған әулет. Ұлы Құсымжанов Су­ният медицина ғылымдарының докто­ры, профессор. Б.Жарбосынов атындағы Урология ғылыми-зерттеу институтында бөлім жетекшісі болып қызмет етеді. Қызы Жанар Мырзекенқызы – медицина ғылымдарының кандидаты. Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасы­ның медицина орталығында кардиология бөлімінің меңгерушісі. Оларда өмірден өз орындарын тапқан жандар. Бір сөзбен айтқанда, ата-ананы арманға жеткізген үлгіге бай, ағайынға жай жандар. «Ағаш жапырағымен, адам ұрпағымен көрікті» дегендей, Шәмшия анамыз екеуі қасиетті шаңырақ, құтты ошақтарының нұрымен ұрпақ шуағына бөленді.
Мырзекен Құсымжанұлының өзгелер­ден ерекше тағы да бір қыры – маман­дығының аясында ғана қалып қоймай, өнер мен әдебиетті терең білуінде. Өзіне дейінгі қазақ әдебиетінің нақыл-өсиетке толы дидактикалық өлең, жырларын, Арқаның әншілік, ақындық мектептерінің репертуарларын жақсы меңгерген оның сұхбаттарында, әңгіме арасында кездесетін мысалдарында мағыналы бата тілек­тер­дің молынан ұшырасуы – бұл сөзіміздің бір айғағы. ХХ ғасыр басындағы Алаш қай­раткерлерінің бойында ұшырасатын мұн­дай көп қырлы қасиеттер Мырзекен Құ­сымжанұлының да бойынан ұшқын атуы заңды құбылыс. Оның танымайтын кісімен, білмейтін елмен етене араласып, шүйіркелесіп кетуінің астарында осы қасиеттері жатқаны сөзсіз.
Ағамыздың өмірден озғанына бүгінде 7 жылдың жүзі болыпты. Асау уақыт, зымыраған күндер өз қалыбынан танар емес. Бірақ ақын Төлеген Айбергенов: «Ақ жауындар тоздырған тауларға ұқсап, мен қаламын өзімнің биігімде», деп жырлағанындай, Мырзекен Құсымжан­ұлы да өз заманында екінің бірі ала алмас өз биігін бағындырған азамат.
Антқа адалдық – халыққа адалдық деген сөздің баламасы. Ғасырлар кө­шіп, заманалар ауысса да жақсының аты өл­мей­ді, ғалымның хаты өлмейді. Халық қам­қоры, ел ардағы атанған азамат Мырзекен Құсымжанұлы туралы сөз қозғап, әңгіме еткенде осындай жайлар ойға оралады.
Гүлшара ӘБДІҚАЛЫҚОВА, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі.