16 Ақпан, 2012

Өткірдің жүзі

415 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Өткірдің жүзі

Бейсенбі, 16 ақпан 2012 8:11

Сейдәзім де пенде ғой. Ойға ойсырай мү­жіледі. Өмірге не үшін келгеніне кей-кейде өкініп те қалады… Алаштың арыстары қата­рын­­­да иықтаса ақыл қосып, келешек қамы үшін басын қандай қатерге тігіп жүрсе де, жоғары биліктегілердің: «Қиын учаскеге Қа­дырбаевты жіберу керек»,– деп қысылғанда өзіне сенім артып, қанша бағалағанымен-ақ, сол міндет­тер­дің үдесінен әрдайым шығып жүргенін іштей медет тұтқанымен де кейде көңіл кежегесі кері тартып, жан иірімі сан құбылып, берекесі қашады. Тосыннан түте­ле­ніп, түп-тамырымен тиянақталса да әсте түге­сілмейтін жұмыс. Ұлтының болашағы үшін де, осынша қам-қарекеті. Қанағаты да содан. Ал енді не жет­пейді? Қабырғасын қақырата қамықты­ра­тын өксігі бар… Өмірден тұлдыр өтіп барады. Тұ­қымсыз қалыпты… Соңынан ұрпақ ермеген.

Бейсенбі, 16 ақпан 2012 8:11

Сейдәзім де пенде ғой. Ойға ойсырай мү­жіледі. Өмірге не үшін келгеніне кей-кейде өкініп те қалады… Алаштың арыстары қата­рын­­­да иықтаса ақыл қосып, келешек қамы үшін басын қандай қатерге тігіп жүрсе де, жоғары биліктегілердің: «Қиын учаскеге Қа­дырбаевты жіберу керек»,– деп қысылғанда өзіне сенім артып, қанша бағалағанымен-ақ, сол міндет­тер­дің үдесінен әрдайым шығып жүргенін іштей медет тұтқанымен де кейде көңіл кежегесі кері тартып, жан иірімі сан құбылып, берекесі қашады. Тосыннан түте­ле­ніп, түп-тамырымен тиянақталса да әсте түге­сілмейтін жұмыс. Ұлтының болашағы үшін де, осынша қам-қарекеті. Қанағаты да содан. Ал енді не жет­пейді? Қабырғасын қақырата қамықты­ра­тын өксігі бар… Өмірден тұлдыр өтіп барады. Тұ­қымсыз қалыпты… Соңынан ұрпақ ермеген.

Бас шайқап, бармақ тістегенмен, қайтіп пе­шенеңе бақ дарыта аларсың. Түсінеді осыны Сейдәзім. Іштей тыншиды. Бәрібір көзге түс­кен сүйелдей боп аракідік күйіктен күйіп кете жаздайды. Бәрін сапаластыратын қынулы ең­бек екен. Елінің болашағы үшін, тәуелсіздік үшін күн-түн қатып жүргенде, ой-санасын сар­сылт­­­қан сусымалы өксіктен сәл арыл­ған­дай болады. Әйтеуір, білімі қалтарыста қал­дыр­май жүр. 1913-1918 жылдары Орынборда­ғы сот кең­селерінде түрлі жауапты қызмет ат­қарғаннан кейін, 1921-1929 жылдар аралы­ғын­да Қазақ АКСР Әділет халық комиссариатында заң шығару бөлімін басқарды. Мұндай өте күр­де­лі міндетті екінің біріне сеніп тапсыра бер­мей­тін еді. Таңдау өзіне түскенін жалаң мәр­те­бе көрмей, сапалы еңбекпен үмітті ақтапты.
Сейдәзім өзінен төрт жас кіші Сейдахметтен туған Бақытжан есімді немере інісін әманда ой-елегінен өткізіп, баласындай балап, оның келешегі туралы көп ойланып, тол­ға­на­тын еді. Зіңгіттей боп жақсы өсіп келе жатқа­ны­на қуана түсіп, оқытып, тәрбиелеп, адам қатарына қосуды арман ететін. Осындай ойы пісіп-жетілетін де күн туғанда, Сейдахмет ағасына хат жолдап, Бақытжанды Орынборға алдыртып, жасөспірімдер мектебіне түсірткен. Оқу орнын Бақытжан үш жыл ішінде, 1931 жылы, жиырма жасында ойдағыдай тәмамдап шықты. Алғашқы еңбек жолын ол Қарағанды қаласындағы көмір шахталарында тіркеуші болып бастап, нормалаушы, десятник, тау-кен шебері міндеттерін лайықты жалғастырды. Өкінішке қарай Бақытжан інісінің оқу бітір­генін Сейдәзім көре алмады. Саяси қуғын-сүргіннің құрбаны боп, атылып кетті.
Бақытжан баланың есінде Сейдәзім аға­сы­ның көп өсиеті жатталып қалды. Соның бәрі сайып келгенде, білімді азамат атанып, елге қалтқысыз еңбек етуге ынталандырыпты. Аға үмітін ақтапты. 1938 жылы ол Алматы қала­сындағы Заң мектебіне түсіп, оны 1940 жылы тәмамдаған соң, партия қатарына өтіп, Қара­ғанды облысының Октябрь ауданында халық судьясы болып қызметке орналасқан. Жас талап одан әрі үнемі өсу баспалдақтарымен өрлей берді. Бірақ оның екпінді, жаңашыл, турашыл жолы кенеттен үзіліп, 1943 жылы Жаңаарқадан Кеңес армиясы қатарына шақы­рылды. Одан әрі Орта Азия әскери округінде (Ош қаласы) саяси қызметкерлер даярлайтын мектепке курсант боп қабылданды. Сөйтіп, бейбіт елде Сейдәзім ағасындай заң саласы­ның білгірі боламын деп армандаған жастың талабы соғыс даласында қиылды.
Бірақ алапат майданда халқын жаудан қор­ғаудың азабын бастан өткерген Бақытжан Сейдахметов елінің ертеңі үшін жанын пида етуге даяр екенін ойлағанда, өзіндей жауын­гер­лерге көп нәрсе байланыстылығын жан-жүрегімен сезінді. Басын оққа байлап, жаумен ерлікпен шайқаса білді. Ол 1943-1945 жылдары екінші Украина майданында 227-атқыштар дивизиясы 779-атқыштар полкінің взвод ко­ман­дирі болып, Украина мен Румынияны, Чехословакияны фашистерден азат етуге қа­тысты. Ұлы Жеңісті 1945 жылы 9 мамырда неміс қаласы Лейпцигте қарсы алды. Омырауына бірнеше жауынгерлік медальдар тақты, түрлі марапаттауларға ие болды. 1945 жылдың шілдесінен қыркүйекке дейін Қиыр Шығыста жапондардың Квантун армиясын талқандауға қатысқан. 1946 жылдың тамызында Шығыс Сібір әскери округіндегі қызметінен босап елге оралған соң ол, бейбіт еңбекке бел шешіп араласып кеткен еді.
Соғыс адам санасын оқпен күлпарша етіп тастайды екен-ау. Миға бөтен ой кірікпейді: өмір мен ажал арпалысы! Елі үшін жан алып, жан берісіп, неден де қаймықпайтын шартпа-шұрт кезең. Сондай қияметтен өтіп келген Бақытжан енді-енді Сейдәзім ағасының: «Сен мен секілді заңгер болуың керек», – деген сонау бір кездегі өсиет сөзін есіне жиі алатын болған. Иә, сол аға жолына енді түсе бастаған­да ғой, соғыс өрті тұтанып кеткені… Бәрін басынан бастауға тура келіп тұрғаны.
Сөйтіп, Бақытжан бәрін қайта бастады. Ынтыға, зор екпінмен түйіле шүйлікті. Партия қайда жіберсе, сол жерден табылды. Қараған­ды облысының Октябрь, Жаңаарқа, Шет, Ұлы­тау, Жезді аудандарында халық судьясы қыз­мет­терін асқан жауапкершілікпен атқарды. Ол 1972 жылы Жезқазған аудандық халық судьясы лауазымында жүріп, өмірден озды. Ағасы Сейдәзімнің аманатына адал болды. Бүкіл саналы ғұмырын әділдіктің салтанат құруына арнады. Сейдәзім ағасы өткірдің жүзіндей туабітті шыншылдығымен, даулы істегі қара қылды қақ жаратын төрелігімен ел аузында қалса, сол кісіге Бақытжан да ұқсап баққан екен. Көзі жұмылғанша сондай мәртебелі ісіне мәз болып кетіпті.
Бақытжан да ар безбеніндегі орындалмай қалған бір парызын бақиға алып кеткен күр­делі өмір иесі екен. Орынбордағы оқуын бітір­мей жатып, Сейдәзім Қадырбаев Воронежге жер аударылып, 1938 жылы сонда нақақтан атылды. Ол кезде Бақытжан небары 27 жаста екен. Қатты қайғырды. «Менің заңгер болға­ным­ды көре алмай кеттіңіз-ау!», – деп күңі­ре­не боздады. Оның үстіне Сейдәзімнің туған-туыстарына «халық жауының» ұрпағы деген кесапат тіркес қонжиды. Қара кір, лас даттау. Тұтас бір әулеттің абыройын төккен қатал бұйрық. Көніп жүрген бәріне. Бәрібір қуғын­дау толастамады. Сейдәзімнің Сейдахметтен кей­інгі інісі Асқарбек те жазықсыз ұсталып, КарЛАГ-та тұтқында отырды. Бұл зауал тоқ­таусыз жылжып, басқа да ұрпақтарына тұсау салғалы тұрғанын сезген Асқарбек ел ішіне хабар жіберіп: «Фамилияларыңды өзгертуге тырысып бағыңдар, сосын Қарағанды шах­­та­ларының біріне жұмысқа тұрып алыңдар»,– деп көрегендікпен ескертіпті. Бақытжанның әкесі Сейдахмет амалсыздан аға ақылымен немерелес ағайындарының атына көшіп, «Омаров» болып шыға келген екен. Омар деген кісі – Қазақстанның халық әртісі Әнуар Боран­баев­тың атасы болып келеді. Негізі С.Қадыр­баевтың тегі ерекше білімді, зиялылығымен айрықша сипатталады. Мысал үшін осы тектен тараған мемлекет және қоғам қайраткері Асқар Закаринді, Қорғаныс министрі болған Әлібек Қасымовты айтқанымыз жөн.
Белгілі заңгер Бақытжан Сейдахметов қай­тыс боларынан алты жыл бұрын өмір өксігінің сәл де болса сейілгенін сезіп, шаттық күйге ене бастағандай еді. Оның да мынадай себебі бар. 1966 жылғы 28 сәуірде С.Қадырбаевтың ісін қайта қараған Воронеж облыстық соты­ның төралқасы қылмыс құрамы болмауы се­беп­ті бұрынғы шығарылған үкімнің күшін жой­ып, істі тоқтату туралы қаулы қабылдады. Сөйтіп С.Қадырбаев заңды негізде толығымен ақталған еді. Оның туған-туыстары да сол кезден бастап ақиқаттың ақ туын жүректерінде желбіретіп, өмірге қайта туғандай, аса бір ің­кәрлікпен қарап, ләззаттанған. Сол тәтті ғұ­мыр, еркін де ерен үдеріс бүгінге шекті сәті­мен жалғасып келе жатыр. Әттең… иә, әттең…
Тіл ұшындағы сол «әттең» Бақытжанның да жанын жегідей жеген-тін. Көзі жұмыл­ған­ша, жанын күйдіргідей қарыған. Сейдәзім ағасының атылған жері Воронежге бара алмады. Басына белгі қойып, дұға оқытқысы келген еді. Құрсауланған қытымыр Одақ ондай иманды ойын жүзеге асыруға пұрсат бермеді. Шерменде жан соңғы демі таусыларда, ұрпақ­тарына: «Сейдәзім ағамыздың басына құлпы­тас орнатып, рухына тағзым етіңдерші»,– деп өсиет айтыпты.
Бұл өсиет 2010 жылы орындалған. Бақыт­жанның інісі Исаның ұл-қызы Жасұлан мен Гауһар Сейдахметовтер Воронежге барып, оның іргесіндегі Дубовкада орналасқан саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу мемо­ри­ал­дық кешені аллеясында аталары С.Қадыр­баевтың басына ескерткіш-құлпытас орнатып, дұға бағыштатып қайтты.
– Ағам Бақытжанның рухы разы болсын деп балаларымды ұзақ сапарға аттандырып едім, – деп еске алады сол имандылық парыз туралы Иса Сейдахметов. – Шүкір, екі ұл, үш қыз тәрбиелеп, өсірдім. Бәрі де еліне хал-қадерінше еңбек етіп жүр. Екі баламның ата­ларының өсиетіне адалдық танытып, мұндай өнеге көрсетуін бүгінгі жастардың қоғамдық өмірдегі өзіндік берік ұстанымы бар екендігін айғақтайтын жарқын көрініс деп бағалаймын.
Иса қарт мағыналы өмір сүріп жатқан адам. Мамандығы – заңгер. Қарағанды облы­сы­ның ішкі істер органдары саласында жеміс­ті еңбек етті. Бүкіл ғұмырында минералды тас­тардың коллекциясын жинап, қолындағы бай қорын мемлекет меншігіне тапсырған. Өзінің иелігінде де біраз тас жақұттары жинақталған. Қазір зейнет жасындағы Исекең осындай жәдігерлерін көрермендерге насихаттаумен бірге, өз ағаларының – Сейдәзім Қадырбаев, Әлмағамбет Қасымов сияқты Алаш арыс­та­ры­ның өмірінен әсерлі әңгімелер айтудан әсте жалықпайды.
Сейдәзім ағасы үміт еткен, баласына ба­ла­ған Бақытжан Сейдахметовтің де ұрпағы ата орнын оңалтып, ормандай боп өсіп, өркендеп келе жатқаны көңілге медет. Соңында, өмі­рі­нің жалғасындай болып 3 ұл, 4 қыз қалды. Тұңғышы Серік бастаған бұл әулеттің өр­кен­дері Тәуелсіз Қазақстанның кереге керген ба­қытты отбасыларын ұстап отыр. Алдындағы ата-баба өнегесі олардың әр қадамдарын ақыл­мен сараптауға кеңінен мүмкіндік бере­тіндей. Ешқайсысының да қателесуге, шалыс басуға құқы жоқ. Қазақ елінің мұратты азаматтары ретінде тәуелсіздікті баянды етуге зор үлес қосуда. Өнеге көзі – әріден, лайықты іс-қимыл – беріден екен-ау!
Тегіне тартып туған Бақытжанның өмір­де­гі ұстанымы қандай тағылымды әрі берік болса, бүгінгі ұрпағының ел қамын ойлап, бола­шақ қамын жеудегі қимыл-әрекеті сондай маз­мұнды да елгезек, сыпайы да сындарлы, са­ли­қалы қалпымен сырт көзді де қызықтырып, ынтықтыратыны бекер емес қой. Олардың осы абыройы үстемелене берсінші, лайым!
Қайсар ӘЛІМ