Тіл тарихын зерттеген кемел ғалым
Сенбі, 18 ақпан 2012 7:46
Мархабат Томановтың “Қазақ тілі тарихи грамматикасының мәселелері” (1974), “Түбірлердің дамуы туралы мәселеге” (1974), “Үстеулердің тарихынан” (1975), “Тарихи грамматика мәселелері” (1975 ж. екінші авторы – Т. Қордабаев), “Көне түркі жазуының (Орхон-Енисей) ескерткіштері” (1963), “Махмуд Қашғари (ХІ ғ.)”, “Махмуд Қашғари түркі тілдерінің фонетикалық құрылымы туралы” (1971), “Тарихи морфологияны зерттеуде көне мұраларды пайдаланудың принциптері туралы” (1976), “Көне түркі жазба ескерткіштері – қазақ тілі морфологиясының тарихын зерттеудің көзі болып табылады” (1977) сияқты туындыларының әрқайсысы өз алдына бір күрделі мәселенің ауыр жүгін арқалап тұр.
Сенбі, 18 ақпан 2012 7:46
Мархабат Томановтың “Қазақ тілі тарихи грамматикасының мәселелері” (1974), “Түбірлердің дамуы туралы мәселеге” (1974), “Үстеулердің тарихынан” (1975), “Тарихи грамматика мәселелері” (1975 ж. екінші авторы – Т. Қордабаев), “Көне түркі жазуының (Орхон-Енисей) ескерткіштері” (1963), “Махмуд Қашғари (ХІ ғ.)”, “Махмуд Қашғари түркі тілдерінің фонетикалық құрылымы туралы” (1971), “Тарихи морфологияны зерттеуде көне мұраларды пайдаланудың принциптері туралы” (1976), “Көне түркі жазба ескерткіштері – қазақ тілі морфологиясының тарихын зерттеудің көзі болып табылады” (1977) сияқты туындыларының әрқайсысы өз алдына бір күрделі мәселенің ауыр жүгін арқалап тұр. “Қазақ лексикографиясының алғашқы нұсқасы” (1968) деп аталатын тарихи сөздіктануға арнап жазған мақаласынан бастап, М.Томанов орысша-қазақша сөздіктерді құрастыруға атсалысты. Олардың ішінде екі тілді құрылыс, архитектура, физика, астрология, заң, педагогика, психология салаларына арналған салалық терминдер сөздігі бар. Көптеген терминдік сөздіктерге алғысөздер жазып, басылып шығуына мұрындық болды.
Бүгінгі Қазақ сөзінің тарихи қалыптасып, мағыналық, тұлғалық және қызметтік тұрғыдан дамуы, ең алдымен тіл құрамындағы есім сөздер мен қимыл мәнді атаулардың жіктелуімен байланысты. Осы жіктелудің ең негізгі себебін анықтаған Мархабат ағамыз “фонетикалық ұқсас негіздердің тарихи дамуы барысында жасалған” деп бағамдайды. Сондықтан да бір-біріне ұқсас сөздер ежелгі заманда дербес, бір-бірінен бөлек сөздер болмаған, тек контекст құрамында ғана бір-бірінен ерекшеленген синтаксистік элементтер болған дейді. Ғалым есім түбірлердің табиғатын анықтап қана қоймай, олардың даму жүйесін, грамматикалық категорияларының қалыптасу жолдарын да түсіндіріп береді.
М.Томанов алтаистикада, түркі тілінде қалыптасқан ғылыми ойларға, тұжырымдарға сүйене отырып, бірінші рет қазақ тілінің тарихи грамматикасын жазды. Бұл күні бүгінге дейін бірегей еңбек әрі дара оқулық ретінде танылып отыр.
Мархабат Томанов сондай-ақ, түркі тілдерінің салыстырмалы грамматикасын жазып, түркітануға үлкен үлес қосты. Ежелгі деректерді кешенді, жан-жақты салыстыра зерттеу арқылы түркі тілдерінің фонетикалық және морфологиялық құрылысының басты ерекшеліктерін ашып көрсетті. Түркі тілдерінің негізгі жүйелілік ерекшеліктерін анықтап, оларға тән ортақ белгілерді көрсетіп берді. Әлеуметтік, экономикалық, тарихи ерекшеліктеріне сәйкес қазіргі түркі халықтарының тарихи этногенездік тұрғыдан әр диалектіде сөйлеген тайпалардан құралғанын ескере отырып, әдеби тілді қалыптастырған негізгі арнаны тауып, тілдегі басты заңдылықтарды анықтады. Соңғы мың жарым жыл бойында түркі халықтары басқа халықтармен жиі қарым-қатынасқа түсіп, өте кең көлемді мекенді жайлап, түркі тектес емес тайпалардың тілдерін ассимиляциялап, түркілік сипат бергенін дәлелдеді.
Қазақ тілі – түркі тілдер тобындағы біршама жас тіл ретінде де таныла бастағаны белгілі. Оның дамудың күрделі процестерінен өткен өзіндік грамматикалық құрылымы, қалыптасу тарихы бар тіл екеніне қарамастан, Кеңес заманындағы түркітану ғылымының аса білімпазы саналған үлкен, беделді ғалым С.Малов қазақ тілін ең жас тілдердің қатарына жатқызады. Қай кезде де беделді ғалымдардың айтқан пікіріне қарсы дау айтып, жаңа көзқарас білдіру оңай болмаған ғой. Қазақ тілінің өзге түркі тілдерінің қай-қайсысымен салыстырғанда да, бастау бұлағы – ортақ, даму жолы – бір, сондықтан оның кейін шыққан жас тіл бола алмайтындығын терең ғылыми пайымдаулармен, тарихи деректермен дәлелдеген ғалым да М.Томанов еді. Тіліміздегі сөз басында қатаң дыбыстардың мол айтылатынын тілге тиек еткен ғалым, қатаң дыбыстардың тарихи көне процесс екенін алға ұстай отырып, қазақ тілі жас тіл деген ғылыми пікірге дау айтады. С.Маловтың пікіріне қосыла алмайтынын жасырмай, ойын былайша тұжырымдайды: “…қазақ тілінде ұяңдар мен қатаңдардың арақатынасы да шамалас, рт, лт, нт тәрізді көне дыбыс тіркестері де екі буынды сөздер құрамында сақталған. Бірақ бұл соңғы ерекшеліктер қазақ тілінің де пәлендей жаңа емес, оның қалыптаса бастауы да сол көне дәуірлерде болғандығының дәлелі бола алады”.
Профессор М.Томанов көне түркі ескерткіштерін тек лингвистикалық тұрғыдан ғана зерттеп қоймай, сонымен бірге әдеби де, тарихи да, археологиялық та мұра ретінде қарастыруды жақтайды. Қазіргі зерттеу жұмыстарында бұл мәселе осындай күрделі аспектіде жан-жақты әрі кешенді түрде қарастырылуда. Мәселен, Х-ХV ғасырларда жазылған зерттеулерді жүйелеу барысында ғалым мынадай пайымдаулар айтады: “Бұл заманда қазақтың бай ауыз әдебиеті туды, авторлық әдебиет – жазба әдебиет пайда бола бастады”. Яки, ғалым жазба әдебиет пен ауыз әдебиетін қатар қарастыра отырып, олардың орны мен өзіндік ерекшеліктерін үнемі айқындап отырады.
Мұндай ойлар кейінгі зерттеушілердің фольклорға қатысты өздерінің қатынасын қалыптастыруға итермелейді, жетелейді. Ауызекі тілде жасалған туындылар да тіл тарихын анықтауда өзіндік мәнге ие болады. Ғалымның тіл тарихына қатысты жазғандары білім көкжиегінің кеңдігін, арналы білігін танытады. Қазақ тіліндегі, көне не орта түрік тіліндегі сөздер мен сөзтұлғаларды ғана сөйлетіп қоймай, тілдік деректерді ареальдық бағытта, алтаистикалық деңгейде салыстыра, салғастыра зерттеді.
М.Томанов М.Қашқаридың “Дивани лұғат-ит түрк” атты еңбегін ауызекі сөйлеу тілінің жинағы ретінде көрсетеді. Біздің пайымдауымызша, бұл берілген дұрыс баға еді. Өйткені, Қашқари еңбегінде берілетін мысалдар ретінде алынатын мақалдар мен мәтелдер, аңыздар ауызекі сөйлеу тілінің бірліктері екені анық. Ғалым М.Қашқари еңбегін терең зерттеу арқылы мынадай тұжырым айтады: “Қашқари кітабында берілген қыпшақ материалдары бүгінгі қазақ тілінің алғашқы сипатын танытады”. Өз кезі үшін бұл өте батыл пікір болатын.
Филология ғылымдарының докторы, профессор, халықаралық түркология комитетінің мүшесі болған М.Томановтың ғылыми еңбектері сан-салалы, жан-жақты. Егер санамалап көрсетер болсақ, ол қалам тартпаған тіл білімінің саласы жоқтың қасы. Сірә, бұл ғалымның қарымдылығы, білімінің тереңдігі болса керек. Және бұл өз кезеңінде ғылымда туындап жатқан сан түрлі қажеттіліктердің үдесінен шығуды көздеген еңбекқорлық екені анық. Иә, бұл ғылымға деген, қазақ тіліне деген шексіз құрметтен туындаса керек. Ғалым артына қазіргі қазақ тілінің синтаксисі, стилистикасы, морфологиясы, қазақ әдеби тілі, диалектологиясы, қазақ тілінің тарихи грамматикасы, ежелгі жазба мұрағаттар тілі, тарихи фонетика, түркі тілдерінің салыстырмалы грамматикасы сияқты күрделі мәселелер жөнінде терең теориялық мәні бар үлкен-үлкен ғылыми еңбектер қалдырды. Құны атан түйеге бергісіз сүбелі ғылыми туындылар бүгінгі тәуелсіз Қазақ елінің мемлекеттік тілі саналатын қазақ тілінің болашақтағы ғылыми-теориялық тұрғыдан дамуына да талай уақыт қызмет ете берері даусыз.
Анар САЛҚЫНБАЙ, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы.