20 Наурыз, 2012

Ұлт мектебінің ұйытқысы болған

296 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Ұлт мектебінің ұйытқысы болған

Сейсенбі, 20 наурыз 2012 7:43

Тегі жақсының жүзінен нұр төгіліп тұрады. Кісілігі мен кішілігі тең жүреді. Өй-өлшемі, парасат-пайымы шалшықтай шағын емес, мұхиттай терең болады. Осы қадірлі қасиеттің бәрін бойына жиған бір асыл ағаға ілтипат білдіретін кез келгендей. Ол кереғарыс маңдайлы, көз шарасы кең, түр-тұлғасы бүтін – Нұрпейіс Қасымұлы ағамыз еді. Ол бүгінде арамызда жоқ. Бақилық.

 

Сейсенбі, 20 наурыз 2012 7:43

Тегі жақсының жүзінен нұр төгіліп тұрады. Кісілігі мен кішілігі тең жүреді. Өй-өлшемі, парасат-пайымы шалшықтай шағын емес, мұхиттай терең болады. Осы қадірлі қасиеттің бәрін бойына жиған бір асыл ағаға ілтипат білдіретін кез келгендей. Ол кереғарыс маңдайлы, көз шарасы кең, түр-тұлғасы бүтін – Нұрпейіс Қасымұлы ағамыз еді. Ол бүгінде арамызда жоқ. Бақилық.

Нұрағаң еске түскенде ұлы Ғабең – Ғабит Мүсі­ре­повтің «Кішілер қатарында үл­­­кен емес бір жан еді-ау!» деген сөзі тіл ұшы­­­­на орала бе­ретіні бар.

Өткен ға­сыр­дың 70-80- 90-жылдары кө­зі ашық, көңілі ояу қазақ жұр­тының бойында сұмдық сілкініс болғанын сол кездегі ел-жұрт жақсы біледі. Ол киер киім, ішер ас, жайлы өмір болғанмен, ұлттық са­наның құлдырауы, тілдің мү­кістенуі тамырланып, рухани құндылық­тарды өзге­лер­дің өзеуреген «үлгісі» жұ­тып бара жатқанда одан ұрпақты қорғап қалуға деген ұмтылыс еді. Оның алтын арқауында қазақ мектебін ашу жөніндегі керемет талпыныс жатты. Мұның көш­басында ұлт­шыл ақын, халықшыл азамат, алары кетсе де, ұрпақ үшін айтарын айтып, ұй­ытқы болудан бір сәт те табан тартпаған, қайта ширығып шамырқанған Шона Сма­хан­ұлы жүрді. Осы жерде ол кісінің өз аузынан естіген мына бір жайды айта кетсек дейміз. Желтоқсан көте­рілісінен кейінгі аласапыранда бәрімізге ақылшы болып, қалғып кетсек сергітіп жіберетін ақын ағамыз: «Мен сұрапыл соғыста да жасқанбаған адам едім. Енді қатты ойланып жүрмін. Алдағы тірлігіміз қалай болар екен? Бізге Димекең қол­ұш­ын созушы еді. Үш әріп соңымызға түс­кенде Асқар (Қонаев) бар, қарындастары бар, солар арқылы ағаға жеткізіп, жанымыз қалушы еді. Асыл ер шен тағып, шекпен кигендерге «не бүлдіріп жібереді дейсің, көптің ішіндегі бір азамат қой», деп оларға тоқтау айтады екен. Енді кім біледі, бір үмітім анау Нұрпейісте ғана қалып тұр», деп өзінің Қонаевтар туралы кітап жазғанын, сол арқылы алыптар әулетімен араласып, өзінен бұрын ұлты­на септігі тиіп жүргенін айтқаны бар еді.

Сол тұстағы зиялы қауымның сан са­ладағы осындай тірлігі тәуелсізді­гі­міздің алғашқы жылдарына іргетас болып қала­нып, септігін тигізді десек, қателесе қой­маспыз. Себебі, елдігімізді алған күннен бастап тұсалған тіліміздің тиегі ағытыл­ғанда, ұлттық дүниелеріміз құстай қана­тын қаққанда, бұрыннан басталған жақсы іс жалғасын тауып жүре берді. Оған дейін ұлтым, жұртым деген азаматтар саясатта халық пен үстем биліктің арасында екі оттың ортасында жүргендей күй кешсе, енді олар ұлт қызметіне бел шешіп кірісті. Солардың қатарында біз мақалаға арқау етіп отырған Нұр­пейіс Қасымұлы да бар еді. Ол Алматы қаласы­ның білім басқармасына үш рет ке­ліп, үш рет кетті. Келуі мен кетуінің артында сан­сыз сұрақ қалатын.

Нұрекең білім басқар­масына бастық болып отырғанда жаңа ғимарат­тар қазақ мектебі мен қа­зақ балабақшасына бе­рі­летін. Бұл қалай дегендерге қандастарының ЦК-дан бастап, біраз мекемені «бомбылаған» арыз-шағымын көрсетіп, құтылып кетіп отыратын. Мұндай ішкі есебі бар «ұлт­­шылдық» ол кезде жоғарыға ұнай қойсын ба? Есебін тауып, азаматты жылы орнынан жылжытып жібереді. Бірақ адам­­ды­ғы мен адалдығына, іскерлігіне, жұртпен тіл табысып кететін мені кем, алды кең кемелдігіне тәнті болған басшылар, қала­дағы дау-шарды тоқтату үшін Нұрекеңді орнына қайтадан әкелетін.

Нұрпейіс Қасымұлымен әңгіме-дүкен құрудың өзі бір ғанибет еді. Естігенін өмір бойы ұмытпайтын. Қалтасында телефон жазатын блокнот болмайтын. Та­ныс-білістің мекен-жайын, телефонын сұ­­­­расаң шарасы кең көзін аударып-төң­керіп тұрып сарт еткізетін, «Бәрі мида тұ­ру керек», дейтін. «Шарасы кең басыңыз­ға компьютер орнатып алғансыз ба?» десек, риясыз жымиып алып, «Компьютер да адам миының жемісі емес пе?!» деуші еді. Халық ауыз әдебиетінің небір үлгі­­лерін жатқа айтатын. Ауызекі әңгімеге шешен, шебер еді. Аяқ астынан сөз тауып, қысылтаяңнан жол салып шығып кететін. Ол кісінің аузынан шыққан небір халықтық әңгімелерді қазақтың Ахаңы – Ақселеу Сейдімбек жазып алып жүре­тінін білуші едік. Кейін «Қасымовтан қалған» өлең мен қара сөз деп кітап­­та­рына қо­сыпты. Соны оқып отыр­ғанда зер­делі жандардың зеректігіне тәнті бол­ған­дайсың.

Кеңес дәуірінде Алматыда қазақ мектебін ашу шаңды дауылдан кем болмайтын. Бір жылы қазіргі Мүсілім Базарбаев атындағы №138 мектепке қатысты тартыс туып, Шона Смаханұлы қаумалаған халықты ЦК-дағы мықтыларға бармаса, бұл арада шешіл­мей­ді деп қырандай шаңқ ете түскенде, талантты жа­зушы Жақсылық Тү­менбаев «Сендерде қан жоқ!» деп қалғанда Нұ­ра­ғаң жанары жарқ етіп, қатарластарынан жарты қадам алға озып: «Менде қан бар, менің тілім түзу. «Білімділіктің ең басты факторы туған тілде сөйлеу мен оны сыйлаудан басталады» деген ғой Гегель. Сол секілді қазақ тілін сыйлауға келгенде мен кем де, кенде де емеспін, бірақ биліктің бишігі сіздер баратын жақта», деді именбей. Сондағы ол кісінің баратын жер­ле­ріңіз деп тұрғаны ЦК-ны меңзегені еді.

Тәуелсіздіктің тұсында Нұрпейіс Қ­а­­сымұлы қайтадан білім басқармасына орал­ды. Ендігі жерде ол ұлт мектебіне деген қызметін ашық жүргізді. Бір жолы жаңа мектеп жайы жөнінде өтінішімізді айтып барғанда: «Енді ықтасынға жүгір­мейміз. Анық қадамға барамыз. Дәл бү­гінге дейін 25 қазақ мектебі жұмыс істеп жатыр. Бұл аз. Ең болмағанда 3-4 жыл­дың көлемінде 50-ге жеткізуіміз керек. Оның жоба-жоспары, міне!» деп қа­ланың қай тұсынан жаңа мектеп, ба­лабақша салынатынын, аралас білім ұяларын қазақ мектептеріне көшірудің жай-жапсарын алдымызға тартқан еді. Ол кезде бір білім ұясына арналған ғи­мараттың есігін екі жағынан шығарып, қазақ және орыс мектептерін ашу үрдісі кең қанат жайған еді. Ол өз жемісін берген. Сондай білім ұялары әлі жұмыс істеп жатыр. Ашылған мектепке ұлт зиялыларын, әсіресе, ақын-жазушыларды өзі бастап барып: «Сіз­дер­дің аттары­ңызды, шығармаларыңызды біліп қана қоймай, жылы жүздеріңізді де көрсін», дейтін. Жақсының осындай үлгісі тәу­елсіздіктің алғашқы жылдарында тіпті ерекше көрініс тауып еді.

Нұрпейіс Қасымұлы қарапайым ауыл мұғалімінен сол замандағы ЦК-ның лауазымды қызметіне, Білім және ғылым министрлігінің комитет төрағасына, қа­ла­лық, облыстық білім басқармаларының бастығы дәрежесіне жеткенін замандас­тары жақсы біледі. Өмір жолы сан тарау ғой. Бір кездері жұмыссыз да қалып қойғаны бар. Ел сыйлаған асыл азаматқа сол тұста Алматы облысын басқарған З.Нұрқаділов жасытпай жанына шақырып, облыстық білім басқармасына жетекші­лік жасағанынан хабардармыз.

«Абайдың алыптығы қылкөпірдің үстінде тұрғандығы, екі қолымен, екі өмірмен алысқандығы», деп ұлы Мағжан ақын айтқандай, кеңес дәуірінде, тәуел­сіздіктің алғашқы жылдарында ұлттың тілі – жұрттың болашағы деп түн ұйқы­сын төрт бөлген асыл азаматтарды анда-санда еске алып отырсақ, бұл кейінгіге үлгі болары сөзсіз. Себебі, өткенсіз бүгін болмайды. «Бұл қоғам – кешегі қоғам­ның баласы, ертеңгі қоғамның атасы» деп Ахмет Байтұрсынұлы бекер айтпаса керек. Ендеше, сол өткен кезеңнің асыл аза­маттарының қатарында қазақ біліміне, тіліне, рухани құндылықтарына ерекше сергектік танытқан Нұрпейіс Қасымұлы да болып еді. Ол кеңес дәуірінде қалалық білім беру ісін жетілдіруге күш салса, тәуелсіздік тұсында министр­лік­те­гі орта білім комитетіне бас­шы­лық жасап, бүкіл Отанымыз бойынша білім ұяларын егемен­дік талабына қарай қайта құру ісіне өзінің өлшеусіз үлесін қос­ты. Ендеше, осындай жаны жай­­­саң жанның еңбегін әркез есте жаңғыртып отырсақ, нұр үстіне нұр болар еді.

Сүлеймен МӘМЕТ.