20 Наурыз, 2012

Қашанда қатардамыз

426 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Қашанда қатардамыз

Сейсенбі, 20 наурыз 2012 7:50

1987 жылғы 21 наурызда, ха­лықтық Наурыз мерекесінің қарса­ңында Алматы қала­сындағы Абай атындағы академиялық опера және балет театрында алғашқы құрылтай конференциясы өтіп, онда респуб­ликалық ардагерлер ұйымы құрыл­ған болатын. Ұйым­ның негізгі мақ­саттары ардагерлердің құқын қорғау және оларды саяси-қоғамдық жұ­мыстарға кеңінен тарту болып белгі­ленді.

Сейсенбі, 20 наурыз 2012 7:50

1987 жылғы 21 наурызда, ха­лықтық Наурыз мерекесінің қарса­ңында Алматы қала­сындағы Абай атындағы академиялық опера және балет театрында алғашқы құрылтай конференциясы өтіп, онда респуб­ликалық ардагерлер ұйымы құрыл­ған болатын. Ұйым­ның негізгі мақ­саттары ардагерлердің құқын қорғау және оларды саяси-қоғамдық жұ­мыстарға кеңінен тарту болып белгі­ленді.

Өткізілген құрылтай конференциясы бұ­рын әрекет еткен быты­раңқы ардагерлер ұйым­дарын бі­рік­тіруге, көпшілік қарт адам­дар­дың бірлікке, өздерінің әлеуметтік-эко­номикалық мүдделерін бірлесіп қор­ғауға деген ұмтылыстарын қи­сынды тү­йіндеуге мүмкіндік берді. Төменнен жоғарыға дейін ұйымдық тұрғыдан жымдасып өрілген және бір орта­лықтан басқарылатын бір­тұтас ардагерлер ұйымын қалып­тастыру қа­жет­тігін өмірдің өзі талап етті.

Өткен кезеңнің оқиғаларын еске алғанда, біз ардагерлер қозғалы­сы­ның бастауында тұрған ағалары­мыз­ды құрметпен атауымыз керек. Рес­публикалық ардагерлер ұйымы­ның алғашқы төрағасы болып елге сыйлы, тәжірибелі басшы, Ұлы Отан соғысының ардагері, бірқатар уақыт республика Министрлер Ке­ңесі Төрағасы­ның орынбасары қыз­метін атқарған Шәң­герей Жәні­беков сайланды.

Қазақстанның ардагерлер ұйы­мы­ның қалыптасуына оның қыз­метін жандандырып, беделін көте­руге елеулі үлес қосқан келесі басшы Кеңес Одағының Батыры, Қа­зақстан Республикасының Халық Қа­һар­ма­ны, генерал Сағадат Нұр­ма­­ғанбетов болды.

Қазақстандағы ардагерлер қоз­ға­лысы­ның елеулі жетістіктері Ор­та­лық кеңесті он тоғыз жыл бас­қарған Мақтай Сағдиевтің есімімен байланысты. Ардагерлер қатары­ның ұйым­дастыру тұрғысынан бі­рігіп бе­куі, бірлестіктің жарғылық мін­деттер мен бағдарламалық мақ­сат­тарды ойдағыдай шеше алатын ық­палды саяси-қоғамдық күшке айналуы осы кезеңнің еншісіне тиесілі.

Қазіргі күні республикалық Ардагерлер ұйымы еліміздегі ең үлкен қоғамдық ұйым болып саналады. Құрамында 1 миллион 730 мың адам бар: 9 мыңнан астам Ұлы Отан соғысының қатысушылары, 225 мың тыл еңбеккерлері, 880 концлагерь тұтқындары, 320 Ленинград қоршауында болғандар, 1397 қаза тапқан жауынгерлердің жесірлері, сонымен қатар, 2 мыңдай Қазақ­стан Республикасына еңбегі сіңген зейнеткерлер. Ардагерлер арасында 5 Кеңес Одағының Батыры, 133 Со­циалистік Еңбек Ері, 4 Халық Қа­һар­маны, ондаған мың орден және медальдармен марапатталғандар бар. Бұл адам­дар біздің қоғамы­мыздың ары болып саналады. Олар өздерінің бақилық болып кеткен аға буын серіктерімен бірге фа­шизм­ді күйретуге, соғыстан кейінгі халық ша­руашылығын қалпына келтіруге, тың игеруге, ондаған қа­лалар, жүз­деген елді мекен, зауыттар мен фабрикалар салуға өлшеу­сіз үлестерін қосты.

Республикалық ардагерлер ұйы­мы 16 ай­мақтық, 240 қалалық және аудандық, 9,5 мың бастауыш ұйым­дардан тұрады, еліміз­дің бүкіл ау­мағын және еңбек ұжымда­рының көпшілігін қамтиды. Күнделікті өзі­­нің жұмысында Орталық кеңес салалы құрылымдарға сүйене отырып, ардагерлер­дің қалың қолын қоғамдық жұмысқа белсенді түрде қатысуға, мемлекеттік және қоғам­дық құрылымдарға кеңінен өкілдік етуге, аға буынның мүддесін қор­ғауға, жастарды әкелер мен ана­лардың ең үздік дәстүр үлгісінде тәрбиелеуге тартып отыр.

Қазақстандық ардагерлер ұйы­мы «Тә­уел­сіз мемлекеттер ардагер­лері (зейнет­керлері) қоғамдық ұй­ым­дары ынтымақтас­тығының» (Мәс­кеу) бел­сенді мүшесі болып табылады және барлық шекаралас елдердің бауырлас ардагерлер ке­ңес­терімен тығыз байланыс жасайды.

Еліміздегі ардагерлер ұйым­дары ел Пре­зидентінің саяси бағы­тын толығымен қол­дай­ды. Қазақ­стан халқына Жолдаудағы ай­шық­талған дамудың жаңа бағыттары ардагерлер арасында ыстық ықы­ласқа ие болды және оның орындалуына өз үлестерін қосу­ға әрқа­шанда дайын. Осының дәлелі ре­тінде арда­гер­лердің президенттік және парла­мент­тік сайлаулар кезінде өз төңі­регіне көп адамдар жинап, олардың күш-қуатын жасам­паз­дық еңбекке жұмылдыруға бағыт­таған бел­сенділігін айтуға болады.

Әр деңгейдегі ардагерлер кеңес­терін іскер де қайратты, лайықты адамдар басқарып келді және бас­қаруда. Олардың бай өмірлік тәжі­рибесі, қарттарға көмекке келуге қашан­да дайындығы – мыңдаған ардагерлер қозғалысының ерікті және риясыз белсен­ділерінің қымбат қоры. Олар өздерінің рухани жігер­лерімен, жоғары ұстамдылығымен, жеке бас үлгіле­рі­мен Қазақстанда ұлт­аралық келісім ахуалын қалып­тас­тырды және ол бү­гінгі күні біздің қоғамның ең мық­ты тірегі болып табылады.

Қазақстандық қо­­ғам, Ұлт көш­бас­шысы Н.Ә. Назарбаев ел тәуел­сіз­­д­і­гінің қалып­тасуы­на қосқан арда­­гер­лердің үлесін өте жоғары бағалайды. Мемлекет басшы­сының айтуы бойынша, аға буын қиын жылдары балалары мен неме­реле­рінің жарқын болашағы үшін реформа жүргізу ке­зінде өз жағдай­лары­ның тө­мендеуіне саналы түрде барды. Өткен ширек ғасыр аралығында бір жарым мың­нан астам ардагердің мемле­кеттік наградаларға ие бол­ғаны тегін емес. Ол Отан үшін атқа­рылған олардың еңбегінің лайықты бағасы. Еліміздің экономикалық әлеуеті жақсарған­нан кейін ардагер­лердің әлеуметтік жағ­дайын сапалы түрде көтеруге мүм­кіндік туды.

Тек қана соңғы он жыл ара­лығында орташа зейнетақы мөлшері 5 мыңнан 40 мыңға немесе 8 есеге өсті. Осы көрсеткіш бойынша біз басқа ТМД елдерінің бәрінің алдындамыз. Атап айтуым керек, бұл тек мемлекеттік төлем бойынша. Одан басқа бізде ардагерлерге берілер көптеген көмек түрлері мен жеңіл­діктер жергілікті билік органдары мен коммерциялық құрылымдар тарапынан да жасалады. Ұлы Отан соғысына қатысушылар бізде аса үлкен қамқорлыққа ие.

Мысалы, жыл сайынғы қазан айында өткізілетін қарттарға көмек ай­лығында 700 мыңдай адамға 1 миллиард теңгеден астам көлемде мате­риалдық көмек көрсетілді. Бір­қатар аймақтарда ардагерлер үшін қоғам­дық көлікте тегін жүру және ком­муналдық, дәрі­герлік қызметтерде жеңілдіктер қарас­тырылған.

Мұның бәрі қоғамда қарттарға деген мейірімділік жағдайларының қа­лыптасқанын дәлелдейді. Көпте­ген қалталы азаматтар үшін қайы­рым­дылық қасиеттер күнделікті ой мен істің көрсеткіші болып отыр.

Мүмкіндікті пайдаланып, газет арқылы ел Президентіне, жергілікті билік органдарына, көптеген бизнес құрылымдарына, аға буын өкілде­ріне көрсетілер баға жетпес көмек­тері үшін аса зор ризашылығымды, алғы­сымды білдіргім келеді. Өз кезе­гін­де, ардагерлеріміз болашаққа деген нық сеніммен Қазақстанда болып жатқан барлық жақсылыққа өз үлес­терін қосуға дайын.

Бүгінгі мерейтой өткенімізге ойлы көзбен қарап, еліміздің саяси және әлеуметтік-эконо­ми­калық жаң­ғыр­ту жағдайында өз істері­міздің келешек бағыттарын белгілеуге ынталандырады. Біз, ең алдымен, аға буын­­ның тұр­мыстық жағдайының жақ­саруына көп алаң­даймыз. Жа­һан­дық дағдарыс жағдайында мем­ле­кеттің мүмкіндігі шектеулі екенін жақ­сы түсініп, ардагерлер ұйымдары жер­гілікті мүмкіндіктерді мейлінше молынан пайдаланып, ең төменгі зей­нетақы алатындарға, әсі­ресе, жал­­­ғызбастылар мен қарияларға көмек беруге ұмтылады. Бұл тұр­ғыда мүм­кіндіктер аз емес. Ардагерлерге кө­мек беру бойынша кейбір аймақ­тарды алдыңғы қатарлылар дең­гейіне көтеріп, бұл жұмысқа ша­ғын және орта бизнес өкілдерін белсенді тарту керек.

Көптеген қарияларымыз дәрігер­лік қыз­мет көрсетудің кемшілік­теріне шағым­да­нады. Бүгіндері әр­бір емделушінің дәрігерді және емхананы таңдау еркі бар деп саналады. Бірақ, Денсаулық сақтау минис­трлігінің мәліметтері бойынша, осы мүмкіндікті тұрғындардың тек 4%-ы ғана пайдаланған, ал 70 жастан асқан қарияларды стационарда емдеуден тіпті қашады екен. Дәрі-дәрмек мәселесі де сол бұрынғыша тапшы күйінде. Көптеген қариялар тегін дәрігерлік көмек көлеміне кірмеген, рецептімен ұсынылатын қымбат дәрілерді сатып алатын мүмкін­дік­тері және жоқ. Қазіргі жаппай коммер­ция­ланған жағдайда ақ халатты адамдары­мызға қарт­тарға қа­тысты жа­на­шыр­лық пен кө­мек бе­рейін деген ықы­лас жетпей жатады.

Қоғамның кей­бір бөлігі аға буынды ұмыта баста­ға­ны құ­пия емес. Кей­­біреу­лерге қар­тай­ған ата-анасына қарайласу артық машақат сияқ­ты. Нарықтық қаты­настарға бүкіл болмысымен кіріп кеткен кейбір жастар жасы ұлғайған адамдарға көмек берудің маңызды­лығын се­зін­бейді. Мұндай қоғам­дық психология адам­гершілікке жатпайды және оның бо­лашағы жоқ. Өйт­кені, бүгінгі жас ертең шау тартпай ма екен?!

Осы тұрғыда кел­генде жастарды тәрбие­леудегі кем­шілікті көрмеуге бол­майды. Әс­кери-патриоттық тәр­биемен көбірек шұ­ғылданып, ол бойынша белгілі бір нәтиже­лерге жетіп, біз жастар бойына жалпы­адамдық құндылықтар: адамгер­шілік, адал­дық, еңбексүйгіштік жә­не заңды сыйлау­шылық, үлкенге құр­мет сияқты қасиеттерді сіңіру жағын назардан тыс қалдырдық.

Экономикалық дағдарыс жағ­дайында жастарымыз өмірдің рухани жағын ұмытып кетіп жатқаны ақиқат. Мұндай ахуал діни радикализм мен сепаратизмге жол ашады. Сондықтан ардагерлер тұрғын­дар­дың жұ­мыс­пен қамтылуын, қол­жетімді тұрғын үй құрылысын, жастарға білім беруді ұйымдас­тырғанда мәселенің тәрбиелік жа­ғын кү­шейту жайын қарастырған Президент Жолдауына зор сенім артып отыр.

Біз, сонымен қатар, әлеуметтік салада мемлекеттік реттеудің кү­шейтілуін, әсіресе, қоғамдағы ардагерлер орнының, ең алдымен, заң­дылық тұрғысынан құқықтық бе­кітілуін қалаймыз. Осы тұста «Ардагерлер туралы» заң қабылдау жайлы ұсыныстың көкей­кестілігі айқын көрінеді.

Ардагерлер Президенттің зей­нет­­керлік жүйеге қатысты Үкіметке берген тапсырмасын зор ынтамен қарсы алды. Әңгіме, ең алдымен, зейнетақыны әділ есептеу жайлы болып отыр. Қазір ең төменгі мөл­шерлі зей­нет­ақы алатындар, негі­зінен, зейнетақысы өткен ғасырдың 90-шы жылдардағы еңбек­ақысы бойынша есептелгендер. Ол кезде еңбекақы төмен, өндірістер тоқтап, еңбек­керлердің көбі ақысыз дема­лысқа шыққан болатын.

Жинақтаушы зейнетақы қорла­рының да ашық және баршаға тү­сінікті болуы керек. Зейнетақы қор­лары мен әлеуметтік қамсыз­дандыру қорларының жұмысын қадаға­лайтын қамқоршылық кеңес­тер құрылып, оның құрамына ардагерлер өкілдері қатыс­қаны дұрыс болар еді.

Көптеген ардагерлер ұйымдары сұраған­дай, қажеттілігі пісіп-жетіл­ген мәселе «Сыбайлас жемқор­лықты жеңуге жұртшылық­тың қа­тысуы туралы» заңның қабыл­дануы. Ол мем­лекеттік аппараттың сыбайлас жем­қорлыққа қарсы заң­наманың қалай орындалуын қада­ғалауға қоғам­дық ұйымдардың құзыретін бекітер еді.

Ардагерлер мен мүгедектерге шефтік кө­мек беру үшін, әлеу­меттік маңызды жоба­ларға бизнес құры­лымдарын кеңінен тарту үшін олар­ға салықтық және бас­қадай жеңіл­діктер қаралса жөн болар еді. Біз ардагерлер мәселе­лерін кеңінен қам­титын орталық және аймақтық бұқаралық ақпарат құрал­дарында ақпараттық кеңіс­тіктің кеңеюіне мұқ­тажбыз. Басым бағытты бағ­дарламалар санатына кіретін, «Ардагер» ұлттық бағдар­ламасы енгі­зілсе нұр үстіне нұр. Оның басты міндеті, қарттардың лайықты өмі­рін қам­тамасыз етіп, оларды қоғамдық жұмыс­қа жұ­мылдыру болар еді.

Алдымызда атқарылар істер көп. Рес­пуб­ликалық ардагерлер ұйымы өзінің бар ұйымдас­тыру­шылық және интеллек­туал­дық ресурстарын пайдаланып және ұр­пақ­­тар жалғастығы мен бірлігіне сүйе­не отырып, еліміздің жаңа мақсаттарына жету жолын­дағы қозғалысына өз үлесін қоса бермек. Ардагерлер ұйымының 25 жыл­­дығы және Наурыз мейрамы қарса­ңында барша ардагерлер қауымына ыстық сә­лемімді және құттықтауымды жолдап, туған Қа­зақстаны­мыздың гүлденіп, өркен­дей беруін тілеймін.

Қайырбек СҮЛЕЙМЕНОВ,  Ардагерлер Орталық кеңесінің  төрағасы, генерал-полковник.