Түркілік мұраның түгендеушісі
Сәрсенбі, 4 сәуір 2012 7:46
Зайырлы қоғамда әлмисақтан бері ғалымның орны бөлек болған. Ғалым қоғам тынысын, онда орын алған әлеуметтік, саяси, мәдени, рухани, экономикалық, т.б. құбылыстарды көре отырып, бақылап, соларға баға беріп, қоғам дамуының болашағын бағамдайтын әулиелік қасиет танытқан. Сондықтан, ғалымның кітабы – тарихтың тәжірибесі, бүгіннің тынысы, болашақтың бағыты. Біз бүгін көне заманда жасаған тарихи тұлғаларымызды еске алғанымызда, ең алдымен, ғалымдарымызды атаймыз.
Сәрсенбі, 4 сәуір 2012 7:46
Зайырлы қоғамда әлмисақтан бері ғалымның орны бөлек болған. Ғалым қоғам тынысын, онда орын алған әлеуметтік, саяси, мәдени, рухани, экономикалық, т.б. құбылыстарды көре отырып, бақылап, соларға баға беріп, қоғам дамуының болашағын бағамдайтын әулиелік қасиет танытқан. Сондықтан, ғалымның кітабы – тарихтың тәжірибесі, бүгіннің тынысы, болашақтың бағыты. Біз бүгін көне заманда жасаған тарихи тұлғаларымызды еске алғанымызда, ең алдымен, ғалымдарымызды атаймыз. Өйткені, ғалымын ұлықтаған, оның сөзіне, жазғанына мән берген қоғамның болашағы баянды, ғұмыры ұзақ болған. Қазақ қоғамында ғалым адам деп кез келген оқыған, хат таныған кісіні атай бермеген. Ғалым деген құрметті есіммен жазғаны мен жасағаны ел игілігін арттырған, ашқан ғылыми жаңалығы қоғам қажеттілігін өтеген, ең бастысы, сөзі уәлі, өзі қадірлі, еңбегі бағалы зиялы кісіні атаған. «Болмасаң да, ұқсап бақ, бір ғалымды көрсеңіз» деген кемеңгер Абайдың дана сөзіндегі ғалымның мағынасы – кең ұғым. Мұндағы ғалым атауы – біздің бүгін айтып жүрген ғалым деген сөзіміздің мазмұнынан терең түсінік.
Немат Келімбетов – сондай сирек санатқа жататын нағыз мағынасындағы ғалым адам. Немат ағамыздың қазақ әдебиеттану ғылымының өркендеуіне қосқан үлесі зор. Ғалымның қазақ әдебиеті тарихының мезгілдік жағынан тереңдеуіне, кеңістік жағынан кеңеюіне, жаңа есімдермен, жаңа шығармалармен молаюына орасан еңбек сіңіргенін зиялы қауым жақсы біледі. Ол өзінің «Шәді ақын» (1974), «Қазақ әдебиетінің ежелгі дәуірі» (1986), «Түркі халықтары әдебиеті» (1986), «Шығыстың классикалық поэзиясы және қазақ әдебиеті» (1989), «Ежелгі дәуір әдебиеті» (1991), «Қазақ әдебиеті бастаулары» (1998), «Ежелгі түркі поэзиясы және қазақ әдебиетіндегі дәстүр жалғастығы» (1998), «Көркемдік дәстүр жалғастығы» (2000), «Ежелгі дәуір әдебиеті (Қазақ әдебиеті бастаулары)» (2005), «Ежелгі әдеби жәдігерліктер» (2005) кітаптарында қазақ әдебиеттану ғылымының аса күрделі, бірақ бағасы жоғары, бәсі биік саласы – сыры ашылмаған әдебиет тарихының құпияларын зерттеуге құлшыныс жасады. Иә, құлшыныс деп отырғанымыз – бұл теңіздей терең тақырыпты бір емес, тұтас бір халықтың мамандары сан уақыт зерттесе де, тауыса алмайды. Ал Немат ағамыздың осы саланы зерттеудегі тарихи орны – оның алғашқылардың бірі болып айтылмай жатқан, ғылыми айналымға енбеген, оқулықтарға кірмеген ежелгі төлтума рухани мұраларымызды біздің тарихымызбен сабақтастырып, оларды әдеби, мәдени жәдігерлеріміз деп дәлелдегендігі.
Қазақ топырағында ежелгі әдебиет тарихын зерттеушілер есімі көрсетілгенде, ең алдымен, ардақты ғалым Бейсенбай Кенжебаевтың аты аталады. Әдебиет тарихы бойынша зерттеу концепциясын қалыптастырып, Х.Сүйіншәлиев, З.Ахметов, М.Жолдасбеков, М.Мағауин, А.Қыраубаева, Р.Нұрғали, Қ.Өмірәлиев, А.Еспембетов сынды белгілі әдебиеттанушы ғалымдар шоғырын тәрбиелеген Б.Кенжебаевтың қазақ әдебиеттану ғылымының дамуына қосқан үлесін М.Әуезовтің қазақ әдебиетінің өркендеуіне қосқан салмағымен салыстыруға болады. М.Әуезов қазақ көркем прозасын қандай биікке көтеріп кетсе, Б.Кенжебаев қазақ әдебиетінің тарихын зерттеу саласын да сол деңгейге жеткізді. Бірі көркем, бірі ғылыми мектеп қалыптастырып, ұлттық деңгейде заңғар тұлғаларға айналды. Б.Кенжебаевтың жолын жалғаған, ісін дамытқан талантты шәкірттерінің бірі – Н.Келімбетов. Ұстазы жақсының ұстамы жақсы дегендей, Н.Келімбетов өз зерттеулерінде ұстазы Б.Кенжебаевтың көзқарастарына адалдығын танытып, оның әдебиет тарихын тану концепциясына берік болды.
Осы орайда тарихқа шегініс жасап, Б.Кенжебаевтың ғалымдық және азаматтық тұлғасын танытатын нақты мысал келтірсек. Кеңестер Одағы коммунистік партиясының әйгілі ХХ съезінен кейін жеке басқа табынушылық сыналып, тарихты тануға, ондағы оқиғаларға таптық қана емес, әділ баға беруге мүмкіндік туған өткен ғасырдың елуінші жылдарының соңында қазақ әдебиеттанушылары арасында пікірталастар орын алғаны белгілі. Ол дау-дамай, негізінен, қазақ әдебиеті тарихы қай заманнан басталады, әдеби мұраны қандай ұстаныммен бағалаймыз деген мәселелер төңірегінде болды. Әдебиеттің идеологиялық сипатына баса назар аударған Қ.Жұмалиев бастаған ғалымдар қазақ жазба әдебиетінің тарихын орыс халқымен әлеуметтік-экономикалық тығыз байланыс басталған ХVІІІ ғасырдан әрі тереңдетуге қарсы болды. Осы тұста Б.Кенжебаев батылдық танытып, жыраулар мұрасы, ортағасырлық түркі ескерткіштері, ежелгі түркілер заманындағы әдеби жәдігерліктер де қазақ жазба әдебиетінің тарихы болып есептеледі деген концепцияны дәлелдеуге бел байлады. Ақыры заман өзі ақиқатты айқындап, аяулы ғалым Б.Кенжебаевтың ұстанымы дұрыс болғандығын танытты.
Н.Келімбетов ұстазы аманат еткен күрделі тақырыпты терең зерттеп, таласы көп қиын сауалдардан қаймықпай, ашылған, дәлелденген рухани мұраларды алға тартып, қазақ әдебиетінің V ғасырдан ХV ғасырға дейінгі мың жылдық тарихын оқулыққа енгізіп, сол қымбат кітапты жоғары оқу орындарының студенттеріне ұсынды. 1986 жылы «Қазақ әдебиетінің ежелгі дәуірі» деген атпен алғаш баспа көрген бұл еңбек 1991 жылдан бастап «Ежелгі дәуір әдебиеті» деген оқулық болып, еліміздің филология мамандықтарында міндетті оқытылатын пәндердің біріне айналды. Осы жердің өзінде символдық мән жатқанын аңғаруға болады. Кітап оқырман қолына тиген 1986 жылы қазақ халқының рухани оянуын әйгілейтін Желтоқсан көтерілісі тарихта орын алса, еліміз 1991 жылы ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздігін жариялады. Н.Келімбетовтің өмірлік мұратын айқындайтын осы монографиясы мен оқулығы қазақ халқын ежелгі түркі бабаларының азат рухымен байланыстырып, одан сүйінші сұрағандай әсер етеді.
Биікте – Көк тәңірі,
Төменде қара жер жаралғанда,
Екеуінің арасында адам баласы жаралған.
Адам баласы үстіне ата-тегім
Бумын қаған, Істемі қаған отырған.
Отырып, түркі халқының
Ел-жұртын қалыптастырған.
Төрт Бұрыштың бәрі дұшпан екен.
Сарбаздарымен аттанып,
Төрт бұрыштағы халықты
Көп алған, бәрін бейбіт еткен, иелік еткен.
Бастыны еңкейткен,
Тізеліні бүктірген.
Н.Келімбетовтің «Ежелгі дәуір әдебиеті» атты оқулығына енген осы отты жолдарды оқып бой түзеген тәуелсіз мемлекеттің жас ұрпағы сол тәуелсіздіктің бағасы мен қадірін де мүлде басқаша түсінді. Отаршылдық езгіде үш ғасыр бойы күн кешкен, мың өліп, мың тірілген қазақ халқының шөгіп қалған ұлттық рухын, патриоттық сана-сезімін, елдік, азаматтық намысын оятатын бірден-бір күш ата-баба өсиеті, отты поэзия тілімен жеткен аманаты екендігін кәміл түсінген Немат Келімбетов өз оқулығы арқылы жаңадан шаңырақ көтерген тәуелсіз Қазақ мемлекетінің жас буынын тәрбиелеп жатты. Оқулықтың ішіндегі алуан түрлі жаңа есімдер, мол деректер жастарға танымдық материал болатыны өз алдына, ең бастысы – оның жолдарынан азаттық рухы айқын аңғарылды. Сондықтан біз қазір кешегі өткен тәуелсіз жиырма жылдың ішінде Қазақстан Республикасының тәуелсіздігін нығайтуға Н.Келімбетовтің «Ежелгі дәуір әдебиеті» атты оқулығы да өз дәрежесінде үлкен үлесін қосты деп батыл айта аламыз.
Алмас қылыш қын түбінде жатпайды дейді қазақ. Әуелгі алған мамандығы экономист, кейін журналист болса да, Немат Келімбетов қазақ халқының түп негізі саналатын арғы заманда жасаған даңқты Көк Түріктерінің көркем дүниесіне, Орта ғасырдағы әдеби мұраға деген қызығушылығын, сол бағыттағы ізденісін еш тоқтатқан жоқ. Ол шетелдік және отандық түрколог ғалымдардың зерттеулеріне сүйеніп, оларға жаңаша талдау жасап, ежелгі әдебиет тарихын іштей дәуірлеп, сол рухани қазынаны, талай жылғы қажырлы жұмысты студент ұғымына лайықтап оқулыққа енгізді. Бұл – шын мәнінде рухани тарихымызда ерлік ретінде жоғары бағалануға тиіс. Н.Келімбетов мойнына артылған тарихи жүкті абыроймен көтере білді. Ол жүк – халықтың рухын оятқан, өзінің көркем мұра тарихына жаңаша қарауға жағдай туғызған, ата-баба мирасымен көркемдік дәстүр жалғастығын жасаған «Ежелгі дәуір әдебиеті» атты оқулық еді.
Тәуелсіздік қазақ халқына аңсаған дербес мемлекетін ғана берген жоқ. Ол, ең алдымен, санада бұққан азат ойды, азат рухты, еркіндікті ашық айтуға, анық жазуға, сол арқылы қай салада болсын жаңа ізденістер жасауға мүмкіндік берді. Тәуелсіздік, әсіресе, ой-пікірлері бұғауда болған, айтатын сөзін, жазатын кітабын бере алмай келген гуманитарлық саладағы ғалымдарға мол мүмкіндік әкелді.
Қазақ әдебиетінің тарихын зерттеу ісінде жаңа ашылған мүмкіндіктерді алғашқылардың бірі болып пайдаланып, әрі үлкен жауапкершілікті мойнына алып, тағы да маңызды шаруаны Немат Келімбетов қолға алды. Бір кезде дау туғызған, бүгінде әбден дәлелденген Орхон жазуларындағы әдеби мұра қазақ көркемсөзінің бастауы ретінде оқулықтарда оқытылып келді. Алайда, қазақпен тамырлас көрші өзбек, әзербайжан т.б. түркі халықтары өздерінің әдебиетін одан да терең дәуірлерден бастап, сол тұжырымдаманы оқу орындарында көпшілікке ұсынып жатыр. Оның үстіне, қазақ халқының тарихы дегенде оның құрамында болған рулар мен тайпалардың аттарын, өмір сүрген мекені мен мезгілін, аралас-құралас болған көршілерін, жасап қалдырған материалдық, рухани мұрасын шетелдің, өзіміздің әйгілі тарихшыларымыз зерттеп, көп сұрақтың басын ашып дәлелдеп жатыр. Ал қазақ әдебиеттану ғылымында көне дәуірдегі халықтардың, тайпалар мен рулардың әдеби, рухани мұрасы болды ма, жоқ па деген сұрақты қоюға, соны зерттеуге, зерттеу нәтижесін мектеп, жоғары оқу орнының оқулығына енгізуге талпыныс көп бола қоймады. Еңбектер жоқ емес, бар. Дегенмен, жүйелі зерттеу, жан-жақты тиянақты талдаулар жетпей жатты. Бұл орайда, профессор Немат Келімбетов өзінің «Қазақ әдебиеті бастаулары», «Ежелгі түркі поэзиясы және қазақ әдебиетіндегі дәстүр жалғастығы», «Көркемдік дәстүр жалғастығы», «Ежелгі дәуір әдебиеті (Қазақ әдебиеті бастаулары)» атты еңбектерімен зерттелмеген соны салаға түрен салып, үлкен істің бастаушысы болды. Осы кітаптардың нәтижесінде қазақ әдебиеті Ғұндар мен Сақтар дәуірлерінде өмірге келген рухани мұралармен молайып, оның тарихы мың жылға тереңдеді. Қазақ әдебиетінің бастаулары «Алып Ер Тоңға», «Шу батыр», «Еділ батыр», «Көк бөрі», «Ергенекон» дастандарында жатқандығын дәлелдеген Н.Келімбетов өз зерттеуі арқылы қазақ әдебиеттануына ғана емес, тұтас түркология ғылымына үлкен олжа салды, ең бастысы – қазақтың рухани, әдеби мұрасы жиырма жеті ғасырды құрайтынын айғақтайтын осы дерек арқылы қазақ халқы үлкен бай рухани қазынаның мұрагері болғандығын сезінді.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен ашылып, Астана қаласында жемісті жұмыс істеп жатқан Түркі академиясы түркі халықтарының өркениеті, олардың өткені мен бүгіні жайлы ғылыми зерттеулерге, халықаралық деңгейде үлкен ізденістерге үйлестіруші, басқарушы қызмет атқарып отыр. Біздің мақсатымыз – өзіміздің төл тарихымызға терең үңіліп, оны бүгінгі заманның, болашағымыздың мүддесі тұрғысынан әділ бағалау. Еуропацентризм үстемдік еткен түркология ғылымының тынысын кеңейтіп, жаңа бағытта, жаңа сипатта зерттеулер жүргізу. Арамызда жүрген, өмірден озған өзіміздің көрнекті түркітанушыларымыздың еңбектерін назарда ұстап, солардың зерттеу бағытындағы ұстанымдарын басшылыққа алу. Немат Келімбетов сынды түркілердің өз ішінен шыққан ғалымдардың түркология бағытындағы зерттеулерінің құндылығын жас ұрпаққа насихаттап, ол еңбектердің өз уақытында үлкен қызмет атқарғандығын, қазірде зәрулігін, болашақта өміршеңдігін көрсету – біздің асыл мұраттарымыздың бірі.
Қазақ халқы, оның Отаны – Қазақстан мемлекеті өмір сүргенде, халықтың бақытты, мемлекеттің баянды болуына зор еңбек еткен Немат Келімбетов сынды қадірлі ғалымның ардақты аты өшпейді, еңбектері мәңгі жасайды.
Шәкір ЫБЫРАЕВ, Түркі академиясының президенті, филология ғылымдарының докторы, профессор.