Пассионар
Сейсенбі, 9 қазан 2012 7:12
Еуразия идеясымен тарихи сананы қайта жаңғыртқан орыс ғалымы Л.Н.Гумилев туралы ойлар
Биыл аса көрнекті тарихшы, түркітанушы, географ, этнограф Л.Н.Гумилевтің туғанына 100 жыл толды. Бұл мерейтойға байланысты республикамызда, таяу шетелдерде түрлі шаралар басталып та кетті. Мысалы, 1-2 қазан күндері Санкт-Петербургтің әйгілі Таврия сарайында ТМД-ның Парламентаралық ассамблеясы мен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті бірлесіп ұйымдастырған ғалымның өмірі мен шығармашылығына байланысты ғылыми жиын өтті. 10-11 қазанда елордадағы ғалымның атын иеленген оқу орнында халықаралық Еуразия ғылыми форумы болады.
Сейсенбі, 9 қазан 2012 7:12
Еуразия идеясымен тарихи сананы қайта жаңғыртқан орыс ғалымы Л.Н.Гумилев туралы ойлар
Биыл аса көрнекті тарихшы, түркітанушы, географ, этнограф Л.Н.Гумилевтің туғанына 100 жыл толды. Бұл мерейтойға байланысты республикамызда, таяу шетелдерде түрлі шаралар басталып та кетті. Мысалы, 1-2 қазан күндері Санкт-Петербургтің әйгілі Таврия сарайында ТМД-ның Парламентаралық ассамблеясы мен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті бірлесіп ұйымдастырған ғалымның өмірі мен шығармашылығына байланысты ғылыми жиын өтті. 10-11 қазанда елордадағы ғалымның атын иеленген оқу орнында халықаралық Еуразия ғылыми форумы болады. Еуразия ұлттық университеті осы мерейтойға арнап «Лев Гумилев» энциклопедиясын (бас редакторы Е.Б.Сыдықов) және түркітанушының мұрасын әр тұрғыдан саралаған 12 кітап жариялады. Бұл күндері аталған оқу орнында «Л.Н.Гумилев онкүндігі» үлкен табыспен өтіп жатыр. Мұның бағдарламасында қарапайым эссе жазудан бастап, ғалым өмірі туралы спектакль қоюға дейінгі қызықты ізденістер бар.
Халқымыз: «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» деп бекер айтпағаны тағы да расталды. Студент күнімізде қолдан-қолға көшіп, тоз-тозы шыққан Лев Гумилевтің «Ежелгі түркілер» («Древние тюрки») атты кітабын құныға оқитынбыз. Кеңестік жылымықтан кейін 1967 жылы жарияланған осы еңбектің шекесінде «КСРО-да тұратын түркі бауырларыма арнаймын» деген автордың сөзі тұратын. Сондай-ақ кітаптың бір сілтемесінде «Лев Гумилев бұл еңбекті 24 жыл жазды» деген дерек те болатын.
Большевизмнің қанды шеңгеліне ілінген ақын Николай Гумилев пен нағашысы Алтын Орда жұрағатымен ұштасатын ақын Анна Ахматовадан туған Л.Н.Гумилевтің ауыр да азапты жолы бірыңғай ғылымға арналды. Ата-анасы мен өз көзқарасы үшін бірнеше мәрте қуғын-сүргінге ұшырау (біздегі Қарлагта отырғаны да бар), ресми ғылыми мекемелер тарапынан көзі тірісінде де (географиядан қорғаған докторлық диссертациясы бекітілмеген), өлгеннен соң да (РФ-да әлі күнге оған қырын қарайтындар жетіп артылады) мойындалмау, дана Абай айтқан «екі күймек бір жанға әділет пе» дегеннің кері болып шығады.
Лев Гумилев шын тарихқа ынталы әлем мен түркі жұрты үшін кім? Біріншіден, әрине, ол кеңестік идеологияландырылған «ғылым» үшін «ноқтаға басы сыймаған» ғалым. Оның ғылыми тәжірибе алаңы «одақтық шеңберден» асып кетті. Екіншіден, шартты атауға ие түркіге дейінгі, түркіден кейінгі тарих қатпарларын қай тұрғыдан зерттеуге болатынын айқындап, өзі сол бағыт-тақырыптарды батыл қаузаған зерттеуші. Үшіншіден, ол дерек-дәйек жетегіндегі көп ғалымның бірі болмай, «пассионарлық теория» (жеке тұлға мен ұлттың ішкі серпілісінен туындайтын сапалы өзгерістерге байланысты құбылыс) секілді адамзат дамуының тамыр бүлкілін әдіснамалық тұрғыдан сараптай алған ғұлама.
Тарих деген өте нәзік және шетін нәрсе ғой. Біреу үшін қуаныш болған оқиға – біреу үшін қайғы немесе керісінше. Әдетте, біз Ресей империясының түркі халықтарын отарлау үдерісі ХV ғасырдан басталғанын айтамыз. Солтүстік көршіміздің адуын реформатор патшасы І Петрге адамзат тарихы түрлі баға береді. Ресей Федерациясы Қазан қаласының мың жылдығын тойлайтын 2005 жылы қатты тығырыққа тірелді. Татар зиялылары тарихи қалада достық рәуіштегі Санкт-Петербург көшесі бойына орнатылуы жоспарланған І Петр ескерткішіне үзілді-кесілді қарсы шықты. Әрине, қазір ХVІІІ ғасыр емес, демократия заманы. Сондықтан билік халықпен есептесті. «Патша орнына кімнің ескерткіші тұрғызылды?» дейсіз ғой. Лев Гумилевтің! Орыс-татар қарым-қатынасының күрделі тұсына тарих осылай патшаны ғалымға жеңгізіп, нүкте қойғызды.
Л.Н.Гумилев қаламынан туған «Ежелгі түркілер», «Ежелгі Русь және Ұлы дала», «Қиял патшалығын іздеу», «Каспий айналасындағы мыңжылдық», «Ғұн халқының тарихы», «Ежелгі Тибет», «Хазарияны ашу», «Жердің этногенезі мен биосферасы», «Русьтен Ресейге дейін», «Қытайдағы ғұндар», т.б. зерттеулерден бастап «Қысқы ертегі», «Күзгі ертегі» көркем шығармаларына дейін жоқ іздеген ізгі ниетті білімдардың арманы, көңіл-күйі, парасаты, тұжырымы аңғарылады.
Солардың ішінде, әлбетте, бізге жақыны – ғұн, түркі, дала тарихы мен тағдырына қатысты жазғандары. Бұл ретте түркітанушы Еуразияның шексіз де шетсіз даласына басылған мөрдей із қалдырған көшпелі халықтардың адамзат тарихындағы орнына әділ баға беруге жұмылады.
Көшпелілер өркениеті – өзіндік қайталанбас ерекшелігі бар дербес әлем. Ол – шығыс өркениетіне де, еуропалық өркениетке де ұқсамайтын дара құбылыс. «Көшпелілік» тарихи құбылыс ретінде әлемдік тарихтан өзіндік орнын алғаны даусыз. Әдетте, бұл ұғым қазақ тарихының арғы бастауларымен астасып, әрі мақтаныш, әрі толғаныс сезімін тудыратыны белгілі.
Тарихи санада «Ұлы даланы» қайта жаңғыртқан санаулы ғалымдардың бірі – Лев Николаевич Гумилев деп айтуға толық негіз бар. Қайта жаңғыртты деуіміздің себебі, бұл тарихи құбылыс кеңестік дәуірдің идеологиялық талаптарына сәйкес зерттеу орбитасынан шығып қалуына байланысты соңғы кезеңдерге дейін өзінің объективті бағасын ала алмай келді. Зерттеу нысанына айналғанның өзінде көшпеліліктің әлемдік өркениеттегі орны мен рөлі біржақты түсіндірілгені белгілі. Кеңестік таптаурын кезеңдегі идеологиялық қысымға қарамастан Л.Н.Гумилев көшпелі халықтардың тарихы, мемлекеттілігі, этникалық тегі, мәдениеті туралы кешенді зерттеулерін ғылыми-мәдени қауымға ұсынды.
Рас, «Ұлы дала» термині – шартты ұғым. Алайда оны Лев Гумилев дәл уақытында, халық арғы тарихқа шөліркеген сәтте ғылыми айналымға қайта енгізді. Өйткені, тарихи көшпелілік пен «Ұлы дала» ұғымдары – бір бірін өзара толықтырып, сабақтасып тұратын егіз түсініктер болатын.
Ұлан-ғайыр аумақты алып жатқан далалық белдеудің ұлылығы неде еді? Далалық аймақты мекендеген көшпелі халықтар тарих пен өркениеттің көшінен қалып қойды деп есептеген еуроцентристік тұжырым үстем болып тұрғанда, байырғы ғұн, түркі ұрпағының өңір мен әлемдегі елеулі мәртебесін Лев Гумилев неден байқады?
Әйгілі ғалымның тұжырымы бойынша, кез келген халықтың тарихы оны қоршаған орта тарихымен бірлікте зерттелуі тиіс. Яғни, көшпелі халықтардың өзіндік ерекшелігі олардың өміріне негіз болған далалық ландшафт арқылы сақталып қалды. Адамдар даланың өсімдік және жануарлар әлемінің құрамдас бір бөлігі ретінде біте қайнасып кеткен. «Сондықтан да егіншілікпен айналысатын халықтардың өркениетіне қатысты зерттеулермен салыстырғанда, көшпелі халықтардың тарихын байыптау барысында Орталық Азияның табиғи жағдайына көбірек көңіл бөлуге тура келеді», деп ой түйіндейді.
Л.Н.Гумилев ұшы-қиыры жоқ, жазы ыстық, қысы суық қатаң континентальді климаттық ерекшелігі бар даланы жадағай һәм дәлелсіз «ұлы» демейді, керісінше, салыстырмалы түрде тұрмыс-тіршілік пен шаруашылыққа қолайсыздау табиғи ортамен үйлесімді өмір сүрген, сол даламен жарасқан, қайталанбас далалық өркениет пен мемлекеттілігін қалыптастырған көшпелі халықтардың елдік парасат-пайымын ғылыми жүйеде дәлелдей алды.
Түркітанушы-ғалым «Ұлы дала» құндылығын дәлелдеу үшін ең алдымен, «көшпелі халықтар өзіндік мәдениетін, мемлекеттілігі мен тарихын қалыптастыра алмады» деген еуроцентристік тұжырымға ашық қарсы шықты. Бұл ол кезде ашық күнде ойнаған найзағайдай құбылыс еді. Мәселен, Лев Гумилев «Қытайдағы ғұндар» («Хунну в Китае») атты еңбегінде: «XIX ғасыр бізге дамыған өркениетті тек отырықшы халықтар жасады, ал Орталық Азияны тоқырау немесе тағылық, жабайылық жайлап жатты», деген тұжырымды мұра етіп қалдырды. Бұл тұжырымның сорақылығы оның қате екендігінде ғана емес, оны сынауға да жарамайтын ғылыми жетістік ретінде ұсынылуында еді», деп жазады. Бұл пікірін сабақтай келе, ол төмендегідей ой түйіндейді: «Оларды ойлануға мәжбүр ету үшін күшті, дау тудырмайтын әрі көрнекті уәж керек еді. Ондай уәжге Алтай мен моңғол қорғандарынан табылған қолөнер бұйымдары ұсынылды. Ол бұйымдардан қытай, иран немесе эллиндік өнердің нұсқаларын іздеу ешбір нәтиже бермеді. Біздің заманымызға дейінгі I мыңжылдықтағы көшпенділер мәдениеті өзіндік ерекшеліктерге ие болды. Бұл мәдениет еуропалық, үнділік немесе қытайлық мәдениеттер секілді өрлеу мен құлдырауды басынан өткерді, яғни қайсыбір еуропалық ғалымдардың болжағанындай тоқырауда емес, даму үстінде болды».
Орталық Азия көшпелілері Қытай, Иран сияқты елдердің мәдениетіне мүлде ұқсамайтын, өзіндік мәдени құндылықтар қалыптастырғаны және ғұн, түрік, моңғол тайпаларының мал шаруашылығына негізделген тұрақты өмір салтын, техникасы мен рухани мұрасын, мемлекеттілігін қалыптастырғаны белгілі. Бірақ та үнемі қытай халқымен тығыз қарым-қатынаста болған көшпелілер олардың не жазуын, не әлеуметтік институттарын, не әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлерін қабылдамай, өзіндік ерекшеліктерін сақтап қалды. Л.Н.Гумилев көшпелілердің этнографиялық өзіндік ерекшеліктерінің сақталып қалуы, ең алдымен, олардың далалық ландшафтқа бейімделген шаруашылық жүргізу әдісіне байланысты болғанын атап көрсетеді. Мұны ол көшпелілер өркениетінің белгісі ретінде негіздеп айқындады.
Л.Н.Гумилев барлық дерлік ғылыми-танымдық еңбектерінде көшпелі халықтардың төлтума мәдениеті мен мемлекеттілігі болды деген тұжырымды дәлелдеп отырады. «Каспий айналасындағы мыңжылдық» («Тысячелетие вокруг Каспия») атты еңбегінде авторлық көзқарасын дәлелдей келе: «Еуразияның далалық халықтары – Русь пен Тұран рыцарлық Еуропадан, ойшыл Үндістаннан және білімді Қытайдан ешбір кем түспейтін өзіндік мәдениетке, ерлік пен сенімділік дәстүріне ие болған еді. Көшпелі түркілердің «тағылығы», шығыс славяндардың «артта қалғандығы» туралы әңгімелер крест жорығы дәуіріндегі дипломаттардың ойдан шығарған және ХХ ғасырға дейін жалғасып келген жалған жаласы», деп жазды.
Сонымен бірге, жаңашыл ғалым «Ежелгі түркілер» атты іргелі зерттеу еңбегінде: «Түркі халықтары өз мәдениетін Қытай, Иран, Византия және Үнді мәдениетіне қарсы қоя алды», деп ғылыми мәселені жаңа арнаға бұрды. Осы орайда ол: «Осынау ерекше дала мәдениетінің терең тамыры мен ежелгі дәстүрі бар, алайда отырықшы елдердің мәдениетіне қарағанда елеусіз, ескерусіз қалды», деп ресми тарихтың біржақтылығын түзетуді нұсқады.
Еуроцентристік теорияның негізсіздігін ғылыми тұрғыда дәлелдеген Лев Гумилев оған қарсы еуразиялық полицентризм тұжырымдамасын ұсынды.
Еуразиялық полицентризм әлем орталықтарының көп екендігін айқындайды. Еуропа – әлем орталығы, бірақ Палестина да – әлем орталығы. Иберия мен Қытай да сол сияқты орталықтар. Яғни, ондай орталықтар көптеп саналады. Ғалым өркениет дамуына адамзат тұтас қатысқанын жүйелі жеткізеді.
Сол Л.Н.Гумилев айтқан еуразиялық полицентризм тұжырымдамасына тереңірек зер салатын болсақ, Ұлы дала соның нақ ортасында тұрғанын айқын аңғарамыз.
Ғалым ғұн, түркі тұқымы табиғатпен үйлесімділікте мекендеген даланың тарихи мәртебесін дәлелдеу үшін көшпелі халықтар мемлекеттілігінің пайда болуы мен дамуына терең талдау жасады. Ол бұл ретте мемлекеттілік пен елдік туралы зерттеулерін кешенді түрде өркениеттік өлшемдер теориясы негізінде жүзеге асырды.
Археологиялық, жазба, тарихи-мәдени, этнологиялық және тарихи-географиялық деректерді жан-жақты талдау аясында Л.Н.Гумилев көшпелі халықтарда мемлекеттіліктің берік негізі болғандығын дәлелдеді. Түркітанушы мемлекеттіліктің қалыптасуы мен дамуы мәселелерін негізінен ғұндар мен түркілердің этносаяси тарихы тұрғысынан зерттеп-зерделеді .
«Ғұн халқының тарихы» («История народа хунну») атты еңбегінде ғалым: «Біз мына мәселенің мәнісін түсінгіміз келеді: қалайша саны аз көшпелі халық толық жеңіліп, жойылғанға дейін бірнеше ғасыр бойы өзіндік ерекшелігі мен тәуелсіздігін сақтап қалуға мүмкіндік берген елдік ұйысуы мен мәдениетін қалыптастырды? Бұл халықтың күші неде еді және неліктен ол сарқылды? Көршілері үшін ғұндар кім еді және олар ұрпақтарына не қалдырды? Біз бұл сұрақтардың жауабын таба отырып, адамзат тарихында ғұндардың алатын орнын дұрыс айқындай аламыз», деп арғы тарихымызды зерттеудің әдіснамасын байыптады.
Көшпелілер мемлекеттілігі – адамзат тарихындағы өзіндік ерекше даму үдерісіне негізделген құбылыс. Біздің заманымызға дейінгі III ғасырдан бастап біздің заманның XIV ғасырына дейінгі тарихи дәуірде Еуразияның далалық аймақтарында, Ұлы Қытай қорғанынан Каспий теңізіне дейін скиф-сақ, ғұн, моңғол сияқты көшпелі халықтар мен олардың үрім-бұтағы негізін салған жиырмадан астам мемлекеттік бірлестіктер өмір сүріпті. Бұл бірлестіктердің барлығы мемлекеттілікке тән атрибуттары бар саяси ұйым ретінде, белгіленген аумақтық шекарасымен, ерікті немесе тұрақты әскери күшімен, ордасы белгілі шаньюй, қаған немесе хан билік еткен айқын әскери әкімшілік бірлігімен, көршілес елдермен дипломатиялық байланыстары қалыптасқан елдік жүйе ретінде қалыптасып дамыды.
Еуразия кеңістігіндегі бұл көшпелі мемлекеттер әлемдік тарихи үдерістерге ықпал етіп, терең із қалдырғаны тарихи шындық. Мәселен, Сақ, Ғұн, Түркі қағанаттары мен ортағасырлық Қыпшақ, Шыңғысхан империясының әлемдік өркениет пен мемлекеттер тарихында алар орны ерекше.
Түркітанушы-ғалым, этнограф, географ Л.Н.Гумилевтің тарихшы есебіндегі үлкен ғылыми миссиясы осындай түркінің арғы-бергі дүниесіндегі мемлекеттік, елдік құрлымдары туралы тұжырымдамалы ой-пікірді жүйелеуінде, талдауында, қорытындылауында дер едік.
Сондай-ақ әрқашан ізденіс үстінде жүрген ғалым Оңтүстік Сібірде, Моңғолияда және Орта Азияда жүзеге асырылған археологиялық зерттеулер нәтижесі жақын уақытта ежелгі түркілердің өнері туралы мол дерек беретінін де болжап жазып кетті. Дегенмен, зерттеушіні Ұлы Дала тұрғындарының материалдық мәдениетіне қарағанда, қоғамдық болмысының күрделі формалары мен әлеуметтік институттары, атап айтқанда, аймақтық-басқару жүйесі, шендердің иерархиясы, әскери тәртібі, дипломатиясы, көрші елдердің идеологиялық жүйесіне қарсы қоя алатын айқын дүниетанымының болуы қайран қалдырғанын байқаймыз.
Л.Н.Гумилев көзі тірісінде байырғы Түркі қағанатының жалғасы ретінде Қазақ еліне, оның даңқты перзенттеріне аса жанашырлықпен қарағанын білеміз. Бұған пассионарлық тұрғыдан Кенесары хан туралы айтқан пайымы, Қазақстанның баянды болашағы жөнінде айқындаған болжауы дәлел бола алады. Сонымен бірге, республикамыздан арнайы барып, кездесіп тұрған Алан Медоев, Ақселеу Сейдімбек, Ғаділбек Шалахметов, т.б. тұлғаларға ақыл-кеңес бергені, 80-жылдары Алматыға арнайы келіп, жас ізденуші-зерттеушілердің алдында дәріс оқығаны – айта қаларлықтай факт.
Бәріңізге белгілі, елорда Ақмолаға көшер алдында болашақ Астананың ғылыми-мәдени әлеуетін қалыптастырып, дамыту үшін Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев осында бұрынғы педагогика институты мен құрылыс институты негізінде Еуразия университетін құру туралы арнайы Жарлық шығарған-ды. Сонда Ұлт көшбасшысы Арқа төсіндегі айрықша бағыттағы оқу орнына Л.Н.Гумилев атын ұсынды.
Уақыт бұл шешімнің салиқалы парасаттан туындағанын дәлелдеді. Қазір Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті әлемге танымал оқу орны болып қалыптасып, мұнда түркітанушы ғалымның мұражайындағы түпнұсқа жәдігерліктер Отанымыздың ғана емес, әлемнің рухани игілігіне айналды.
Сонымен: «Әрбір халықтың тарихы мен мәдениеті қайталанбас мәнге ие, сондықтан ұлттарды мәдениетті немесе мәдениетсіз, дамыған немесе артта қалған деп бөлудің ешбір негізі жоқ», деген Л.Н. Гумилевтің ғылыми тұжырымы, Кеңес өкіметі тұсында мойындалмаса да, тәуелсіздік таңы нұрын төккен шақта өміршеңдігін көрсетті. Тіпті осындай батыл пікірлер тәуелсіздік туралы тегеурінді ойлардың, тұғырлы істердің тәуекелшілдігін арттырды дей аламыз. Сол үшін де Л.Н.Гумилев тұлғасы уақыт өткен сайын биіктей түседі деп есептейміз.
Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ,
Нұрбек ШАЯХМЕТОВ,
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің
профессорлары.