12 Наурыз, 2010

САЯСИ ЭЛИТА ҮЛКЕН ҮМІТ КҮТЕДІ

941 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Мемлекет басшысының Жар­лы­ғымен құрылған аталған комис­сия­ның алғашқы отырысы былтырғы 9 қыр­күйекте өткен болатын. Сол уа­қыт­тан бастап еліміздің төрағалыққа қатысты жауапты жұмыстары қар­қынды түрде жүзеге асырылып ке­ле­ді. “Елбасы атап өткендей, ЕҚЫҰ-ға төрағалық Қазақстан мем­лекеті үшін зор маңызға ие ұлт­тық стра­тегиялық жоба болып са­налады. Биылғы жылдың 14 қаң­тарында Венадағы Тұрақты кеңес оты­рысындағы өзінің бейнежол­дауын­да Қазақстан басшысы Нұр­сұлтан Назарбаев ЕҚЫҰ алдында тұрған негізгі қауіп-қатерлерді си­пат­тай келе, олардың алдын алу жол­дарын және Қазақстан төраға­лы­ғының маңызды басымдықтарын ай­қындап берді. Бұл Ұйым жауап­кершілігі кеңістігіндегі қауіп-қа­тер­лерге талдау жасауда, ең алдымен Ұйым ішіндегі “қатынастар эко­логиясын” қалпына келтіруде еліміздің көшбасшы екендігін дәлелдеді”, деді отырыста сөйлеген сөзінде Қ.Саудабаев. Сондай-ақ, Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі өз сө­зін­де бұл төрағалықтың мемлекетті­лі­гімізді нығайтуға қызмет ететіндігін атап көрсетті. Бұл ретте ЕҚЫҰ ал­дында тұрған мәселелер күрделі әрі ұзақ мерзімді сипатқа ие, сол себепті Ұйымның жаңаша түрленіп, өзгеше жандануы үшін Қазақстан тарапынан үлкен жұмыстар атқа­рылуы тиіс. Қазіргі таңда Астана осы үдерістің бастамасы ретінде атал­ған әмбебап институттың жа­қын болашақтағы эволюциялық дамуының негізін қалауда. “Бұл тұр­ғыда біздің серіктестеріміз Ұйымды бүгінгі күннің шындығына сәйкес бейімдейтін және қауіп-қатерлердің алдын алуға мүмкіндік беретін ЕҚЫҰ саммитін өткізу ту­ралы Елбасы бастамасын көкей­кес­ті әрі уақтылы қабылданған шешім ретіне бағалауда. Сол себепті атал­ған саммиттің өткізілуі Қазақстан­ның халықаралық сахнадағы беде­лін еселей түспек”, деді Қ.Сауда­баев. Мемлекеттік комиссия оты­рысы кезінде Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі аталған бас­таманың Ұйымға мүше елдер та­рапынан қолдауға ие болғандығын, қазіргі таңда бұл үдеріс нақты түрде жүзеге асырыла бастағандығын жеткізді. Бүгінде оны өткізу мерзімі жөнінде тиісті кеңестер жүруде. Мәселен, биылғы жылдың қаңтар айында “Үштік” форматында ЕҚЫҰ мен Еуропалық Кеңес ара­сын­дағы консультациялардың бірінші кезеңі жүзеге асырылып, Еуропалық Кеңес президенті Х. ван Ромпемен, Еуропалық Комиссия төрағасы Жозе Мануэль Бар­розу­мен, Еуроодақтың Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жо­ғарғы өкілі К.Эштонмен және Еуропалық Парламент төрағасы Е.Бузекпен арнайы кездесулер өткізілген. Бұл ретте айрықша атап өтерлігі – ол Қазақстанның төрағалығы кезінде Ауғанстандағы күрделі мә­се­лелердің күн тәртібіне енгізіл­ген­дігі. Мәселен, биылғы жылдың қаң­тар айының соңында Лондонда ұйымдастырылған халықаралық конференцияға да Ауғанстан мә­селесі өзек болғанын айтқан жөн. ЕҚЫҰ Саммитінің күн тәртібіне де Ауғанстан мәселесінің қойылуы үлкен қолдау табуда. Осыған орай, Саммитке дейінгі дайындық мә­се­лелеріне Ресей, Испания, Франция, Италия, Түркия сынды мемлекет­тер атсалысып, биылғы жылдың маусым айында нақты ұсыныстар мен бастамалар белгіленетін бас­тап­қы баяндаманы әзірлеу төңі­ре­гінде елшілер деңгейінде кездесу­лер ұйымдастырыла бастаған. “Осы жылдың жаз айында Алматыда өте­тін Сыртқы істер министрлерінің бейресми кездесуінде саммиттің күн тәртібі мен өткізілу мерзімін бекіту көзделіп отыр”, деді Мем­лекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі. Осылай дей келе, Қанат Саудабаев Елбасы мен еліміздің ұйымға төрағалығынан ЕҚЫҰ-ға мүше елдердің саяси элитасы мен сарапшылар тобы үлкен үміт күтіп отырғанына тоқталды. “Бұл бізге айрықша жауапкершілік, ал мемлекеттік құрылымдарға жүйелі және үйлесімді әрекет етуді жүктейді”, деді Қ.Саудабаев сөзін қорытындылай келе. Бұдан кейін жұмыс тобы жетекшілерінің есептері тыңдалды. Отырыс соңында комиссияның жұмысы қорытындыланып, арнайы хаттама қабылданды. Онда тиісті мемлекеттік органдарға жүктелген нақты міндеттер айқындалған.