Өткелден Өтешов те өтті
Сейсенбі, 12 маусым 2012 7:03
Талдықорғанда ауыр атлетикадан ерлер және қыздар арасында Қазақстан чемпионаты аяқталды. Лондон Олимпиадасына еліміздің атынан байрақ көтеріп баратын таңдаулы сегізді анықтайтын сынға Спорт және дене тәрбиесі агенттігінің төрағасы Талғат Ермегияевтің өзі арнайы келді.
Олардың арасында Францияда өткен әлем чемпионатында үшінші рет алтын тәжді киіп тұрып: “Лондон Олимпиадасының алтыны менікі. Басқаларыңның иектерің қышымай-ақ қойсын”, деп жаһанға жар салып кеткен біздің жалы күдірейген арыстан Илья Ильин бар.
Сейсенбі, 12 маусым 2012 7:03
Талдықорғанда ауыр атлетикадан ерлер және қыздар арасында Қазақстан чемпионаты аяқталды. Лондон Олимпиадасына еліміздің атынан байрақ көтеріп баратын таңдаулы сегізді анықтайтын сынға Спорт және дене тәрбиесі агенттігінің төрағасы Талғат Ермегияевтің өзі арнайы келді.
Олардың арасында Францияда өткен әлем чемпионатында үшінші рет алтын тәжді киіп тұрып: “Лондон Олимпиадасының алтыны менікі. Басқаларыңның иектерің қышымай-ақ қойсын”, деп жаһанға жар салып кеткен біздің жалы күдірейген арыстан Илья Ильин бар.
Осы Ильин Бейжің Олимпиадасына барар тұста да “алтын менікі» деп қарсыластарының жүрегін алып қойған. Азия ойындарында да туы жығылып көрген емес. Оған көкөрім шағында-ақ әлем чемпионатының алтынын алған Зүлфия Чиншанлоны, әлем чемпионатының алтындарын қос-қостан алған Майя Манеза мен Светлана Подобедованы, қазақ құрамасының әзірге сырт көзден сақтап, жабулап отырған қос жұлдызы – оңтүстікқазақстандық Арли Чонтейді, ақтөбелік Фархад Харкиді қосыңыз. Сегіз жолдаманың екеуін есептемегенде, осы айдарлы алтаудың қай-қайсысы да алтын медаль үшін бәсекелесуге әбден лайық.
Солай болды да. Зүлфия Чиншанло жұлқи және серпе көтеруде алты кезегінде мүлт кеткен жоқ. Ол қоссайыс қорытындысы бойынша әлем рекордын жаңартуға әбден дайын, жүйкесі темірдей. Өте сабырлы.
Ал Майя Манеза сасқалақтап қалды. Оған Бейжің олимпиадасының күміс жүлдегері, спортқа еңбек сіңірген шебер Ирина Некрасова айтарлықтай қарсылық көрсетті. Майя жұлқи көтеруде 107 келіге тапсырыс бергенде, Ирина 112 келі сұрады. Майя 115 келімен тоқтады. Ирина 121 келі көтеріп кетті. Бақандай 6 келі артық. Манеза серпе көтеруде мықты дегеніңізбен, Ирина орташа салмақты алып жатса, құрама бапкерінің екіұдай күй кешетіндігі анық. Басынан аса секіруге Иринаның тәуекелі жетпеді. Серпе көтеруде ол 136 келі, Майя Манеза 140 келі сұрады. Әрі қарай белгілі, Майя 145 келі көтергенде Ирина 142 келіні екі кезегінде де көтере алмай, салы суға кетті. Қоссайыс қорытындысы бойынша Майя Манеза үздік шықты.
Светлана Подобедоваға да оңай болған жоқ. Жұлқи көтеруде 125 келі сұрап, кеудеге қондырар тұста тастап жіберді. Бұл психологиялық тұрғыдан өте қиын. Спортшының тауы шағылып қалады. Екінші кезегінде 125 келі көтергенімен, Света 130 келіні бағындыра алмады. Есесіне серпе көтеруде өзін судағы балықтай еркін сезінетін қызымыз 165 келі көтеріп, әлем рекордын жаңартты.
Қыздар арасындағы төртінші жолдама иесі 120 келі тартатын Мария Грабовецкая мен салмағы 72 келі Анна Нұрмахамедованың сайысында анықталды. Мария өзін көрсете алмады, әрі әлемдік рейтинг бойынша да Аннадан көш төмен. Енді Нұрмахамедоваға өзін өзі қамшылауға уақыт баршылық.
Ерлер арасында өзін еркін көрсеткен оңтүстікқазақстандық Арли Чонтей болды. Бойы аласа, бірақ, қорғасындай мығым Арли алты кезегінде мүлт кеткен жоқ. Ал Фархад Харкиге психологиялық жағынан әлі де көмек керек секілді. Күш бар, техника бар, сәл асығыңқырап кетеді екен. Әлем чемпионатының қола жүлдегері, шығысқазақстандық Владимир Кузнецов бабында емес.
96 келі салмақта қос жолдама сарапқа салынатындықтан, төрт жігіт ақырына дейін қаржысты. Илья 180 келі көтергенімен, 187 келіні бағындыра алмады. Үшінші кезегінде 188 келіні алғанымен, аяғынан нық тұра алмаған. Төрешілер есептеген жоқ.
Алмас Өтешов 180 келіні екі кезек ала алмай, үшіншісінде көтеріп кетті. Илья мен Алмастың қызылордалық жерлесі Александр Зайчиков 181 келімен тоқтады. Әлем чемпионы, Алматы облысының үкілі үміті Владимир Седов жұлқи көтеруде айды аспанға шығарды. 187 келі көтерді. Ильядан 7 келі артық. Бірақ, бұл жігітіңіз де жүйке жағынан мақтана алмайды екен. Спортшылардың тілімен айтқанда, “жанып кетті”. 217 келіге тапсырыс беріп, үш кезегінде де басы салбырап кеткен Седов Олимпиада жолдамасынан осылайша күдер үзді. Илья 225 келіден кейін 230 келіні еркін толғап, жолдаманы жан қалтасына басты.
Серпе көтеруде поляк Симон Колецкидің әлемдік рекорды 232 келі. Ильяның күші еркін жетіп тұрғанымен, артық тәуекелге бармады. Онысы да дұрыс-ау.
Енді соңғы жолдама Александр Зайчиков пен Алмас Өтешовтің арасында сарапқа түсті. Александр 220 келі көтергенде Алмастың қоржыны бос кеткен. Екінші кезегінде алды. Александр 224 келіні екі толғағанда ала алмай, болдырып тоқтағанда Алмас 225 келі көтеріп кетті. Біздің бұл бауырымызда күш дегеніңіз жетеді. Аз-кем жетпей жатқаны жанкешті жаттығу мен темірдей жүйке. Әйтпесе, 225 келіні еркін еңсерген бұла жігіттің алғашқы кезегінде 220 келіні көтере алмауын қалай түсіндіресің.
Сонымен, чемпионат аяқталды. Спорт және дене тәрбиесі агенттігінің төрағасы Талғат Ермегияевті әңгімеге тарттық. Талғат Амангелдіұлы Лондонда кемі үш алтын бастаған он үш медаль күтіп отырғандарын айтты. Ауыр атлеттердің бабында екендігіне көңілі тоғайған.
Бақтияр ТАЙЖАН,
“Егемен Қазақстан”.
ТАЛДЫҚОРҒАН.