Қос үміткер
Сейсенбі, 19 маусым 2012 7:41
Ерлі-зайыпты жеңіл атлетші Карповтар Олимпиадаға бірге барады
Төрт жылда бір айналып соғатын бұл дүбірлі доданың арғы-бергі тарихында бір шаңырақтың шамшырақтары қоян-қолтықтаса жарысқа қатысуы сирек оқиға болса, қазақ елі атынан осылайша сайысқа түсушілердің жұбы жарасқан екі саңлақты алғашқыларының бірі деуге болады. Спорт жанкүйерлері қауымына оларды артық таныстырып жатудың қажеттігі бола қоймас.
Сейсенбі, 19 маусым 2012 7:41
Ерлі-зайыпты жеңіл атлетші Карповтар Олимпиадаға бірге барады
Төрт жылда бір айналып соғатын бұл дүбірлі доданың арғы-бергі тарихында бір шаңырақтың шамшырақтары қоян-қолтықтаса жарысқа қатысуы сирек оқиға болса, қазақ елі атынан осылайша сайысқа түсушілердің жұбы жарасқан екі саңлақты алғашқыларының бірі деуге болады. Спорт жанкүйерлері қауымына оларды артық таныстырып жатудың қажеттігі бола қоймас.
Дмитрий және Ирина Карповтар есімдері көптен бері алысқа танымал, жеңіл атлетика бойынша Азия, Еуропа, әлем біріншіліктерінің бірнеше дүркін жүлдегерлері.
Алдымен Дмитрий Карпов жайлы айтқанда, онсайыс бойынша «В» тобында былтыр Чехияның Кладно қаласында өткен халықаралық жарыста Лондон Олимпиадасына баруға жол ашқан лицензияны жеңіп алған болатын. Қазақстан ұлттық құрама командасының белді бір мүшесі тұрғысында содан бері тынымсыз ұдайы дайындық үстінде. «Қазір нағыз спорттық бабымдамын. Ештеңеге алаңсызбын. Жан-жақты жаттығуға жағдай жасалды. Намыс туын жоғары ұстауға берікпін», дейді ол. Дауысында нық сенім, жүзінде жігер бар. Бапкерлері айтқандай, сол қуантады.
Мұның алдында Афина, Бейжің Олимпиадаларына қатысып, біріншісінде қола жүлдегер атанып, екіншісінде жолы болмай қалып, ендігі кезектегі үшінші айқаста ұзақ жылғы жинақтаған бар өнерін аянбай жұмсауға бекінген жігіттің өзі межелеген тұғырдан көрінуге күш салуға құлшынысы байқалады. Ал көзделген асу болса-болмасын биік. Есені ағылшын жері төрінде қайтару көптен көкейін тескен ой екенін, бұдан кейін мұндай мүмкіндік туар-тумастығын жасырмайды. Мұны жеңіл атлетикамен шұғылдануға бала кезінен баулыған әкесі Василий бір жағынан құлағына құйып бағуда көрінеді.
12 жасынан жеңіл атлетиканы серік етіп келе жатқан Ирина Карпованың да қосағы Дмитрий секілді жоғары деңгейдегі жарыстарда жеңістері жеткілікті. Осы көктемдегі ел чемпионатының «Б» тобында олимпиялық нормативті орындады. Бұл спорттың бессайыс және жетісайыс түрлері бойынша басқасын айтпағанның өзінде Париждегі, Хельсинкидегі, Осакадағы әлемдік біріншіліктер мен қатарынан үш Олимпиадаға қатысушы және одан олжасыз оралмаған саңлақ ретінде шеберлігі де, тәжірбиесі де шыңдалған. Сәтін салса, Лондонда Қазақстан туын жоғары желбіретуге үміттенеді. Жанында қолдаушысы әрі кеңесшісі сүйікті қосағы болуы қайратын қайрап, жігерін жанитындығына сенеді. Ирина да Дмитрий мақсатын алаулатып, қазақстандық жеңіл атлетиканың тарихында өшпес із тастауға құштар. Әке-шешелерінің чемпион атануын ата-әжесінің қолындағы қос бүлдіршіндері де күтуде.
Бірі Қарағандыда қанаттанып, бірі Өскеменнен өсіп, өздері оқыған жоғары оқу орындарының, орталарының мақтанышына айналып, өмірде де, спортта да тағдыр тоғыстырған ерлі-зайыпты жеңіл атлетшілерге барша қазақстандық жанкүйерлер зор сенім артады. Дмитрий мен Ирина Карповтардың бапкерлері шәкірттерінің дүбірлі додаға тыңғылықты дайындықпен келіп отырғандығын, қандай да жеңіске жетуге шеберліктері шыңдалып, тәжірибелері толысып, талпыныстары таудайлығын айтуда. Мыңдаған тілеуқорлар солай болуын қалайды. Бұған дейін айтарлықтай асуларды алған қос үміткер жаңа биіктерге жетуде әлемнің түкпір-түкпірінен келіп, күш сынасатын бәсекелестері осал еместігін біледі. Несі бар, Олимпиада дабылы соған шақырса, Карповтар сонда жарып шығуға дайын.
Айқын НЕСІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Қарағанды.