13 Наурыз, 2010

ӨРКЕНИЕТ ӨРІНДЕГІ ӨРЕЛІ ҮНҚАТЫСУ

617 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Мемлекет басшысының барлық республи­калық телеарналардың тікелей эфирінен қазақстандықтармен байланысқа шығуы бұл жұрт асыға күтетін дәстүрге айналып отыр. Өзінің маңыздылығымен танылған тікелей эфирді Қазақстан халқы барынша зейін қойып тыңдап жүр. Сұхбат барысында 40 мыңнан астам сұрақ түскені белгілі. Тікелей эфирден солардың деніне жүйелі түрде нақты жауап берілді. Ал қалғандары да қараусыз қалған жоқ. Жақында қорытындысы жария етілді, “Егемен” үш бетін арнады. Осының өзі Мемлекет басшысының ізгі ниетін ақтап тұрған жоқ па. Аталған шара Қазақстан Республикасы Президентінің әлемдік деңгейдегі мемлекетшіл әрі сарабдал саясаткер екендігін көрсетеді. Интернет арқылы алыс және жақын шет елдердегі қандастарымыз, әріптестеріміз және саясаткерлер сұхбатқа куә болып, оған өз үлестерін қосуы үлкен жетістік дер едім. Мына көршілес Ресейден қаншама адам хабарласып, өз сұрақтарын қойып жатты. Сонымен қатар, сонау Англияда оқып жүрген жастарымыз да қарап қалмады. Қазақ елінің азаматы, ұлт өкілі ретінде шетелде жүргендер кәдімгідей рухтары көтеріліп, бір серпіліп қалғанына менің шүбәм жоқ. Өйткені, еліміз ішінде жүрген азаматтардың болашаққа деген сенімдері артып, көкейде жүрген сұрақтарына толымды жауаптарын алды. Елбасының тікелей эфир арқылы қойылған сұрақтарға нақты да жан-жақты жауап беруі сыртта жүрген азамат­тардың да мақтаныш сезімін тудырғаны аян. Мәселен, Мемлекет басшысы дағдарыс туралы айт­қанда оны талдап, негіздеп, әлемді дүрлік­тірген бұл құбылыс қайдан шыққанды­ғын ерек­ше жеткізді. Бұған дейін де Нұрсұлтан Әбішұ­лы өз мақалаларында дағдарыстың себеп-салдарын жан-жақты талдап жазды. Ресей және өзге де шетелдік бұқаралық ақпарат құралда­рын­да дағдарыстан шығудың жолы мен пайда болуы туралы көптеген мақалалары жарық көрді. Мен айтар едім, азаматтардың әлемдік қаржы дағдарысынан болған ауыртпалықты барынша сезінбеуі үшін жасалған “Жол картасы” бағдарламасы Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен жүзеге асты. Үкіметке арнайы міндеттер жүктеліп, дағдарыстан әрбір қазақстандық қиналмай өтсін деген нақты тапсырмалар берілді. Бесіктегі баладан еңкейген қарттарымызға дейін осы әлеуметтік көмекті алуы қажеттігі тұрғысында нақты айтып, соған сәйкес кейбір заңдарға өзгерістер енгізуді ұсынды. Парла­мент соған сәйкес бірқатар заңдық құжаттарға өзгерістер енгізді. Сондай игі бастаманың арқасында қаншама адам екі қолға бір жұмыс тапты. Естеріңізде болса, бұрнағы жылғы бюджетте 193 миллиард теңге осы мәселені шешуге бөлініп, 320 мың адам жұмысқа тұрды. Сондай-ақ 93 мың адам қайтадан мамандық алды. Осының барлығы Ел­басының тікелей эфир арқылы сөйлеген сө­зінде айтылды. Бұдан басқа, еліміздің әрбір елді мекенінде жол жөндеу жұмыстары кең етек алып, әлеуметтік нысандарға өң кіргені белгілі. Сол “Жол кар­­тасы” есе­бі­нен жасалып жат­қан жұ­мыс­тар­ға тікелей эфир барысында еліміздің әр өңі­рінен өз ал­ғы­сын білдірген­дер де жетерлік. Оған тікелей эфирде емес, күн­делікті өмір­де де өзіміз талай куә болып жүрміз. Олар­дың Елбасына деген алғыстары шексіз. Ма­мандарды қайта даярлау, білімі мен біліктілігін арттыру сияқты мәселелерге де ерекше назар аударылды. Біздің бағдар­лауымызша, алыс және жақын шет ел­дер­дің тәжірибесінде қаражат бөліп, оған ма­ман­дықтарды игеріп, олардың жұмыссыз қал­мауына жағдай жасау болған емес. Мұндай қол­дау Қазақстанда қолға алынуы бәріміздің көңі­лімізге сенім ұялатты. ТМД елдері ішінде біз халықты дағдарыстан қиналтпай алып шығу жолында, дағдарыспен күресуде алғашқылар­дың бірі болып осындай шараны жүзеге асыра білдік. Президенттің жауаптарының ішінде, әсіресе, балабақша мәселесінің көрініс табуы өте орынды. Өйткені, күйіп тұрған дүниелердің бірі осы мәселе екені баршамызға белгілі. Бір Астана қаласының өзінде мыңдаған ата-ана балаларын балабақшаға бере алмай, сарылып кезек күтуде. Олардың кезегі қашан келері де белгісіз күйінде қалып отыр. Сондықтан Елба­сы балабақшалар санын бизнеспен бірлесіп көбейту жағына, салынып жатқан ғимарат­тардың бірінші қабатындағы жерлерді немесе жақын маңдағы ғимараттарды пайдалану қажеттігіне назар аудартты. Ең бастысы – бұл мәселе биылғы Жолдауда да “Балапан” бағдарламасы арқылы жүзеге асырылуы тиістігі міндеттелді. Бұдан басқа, Мемлекет басшысының сө­зін­де отан­дық жоғары оқу орындарын халық­ара­лық дең­гейге жеткізуі жайы да сөз болды. Ха­лы­қаралық бі­лім кеңістігіндегі білім дәрежесін еліміздің болашағы деп жүрген өскелең ұрпақ бойына сіңіріп, мамандарымыз халықаралық еңбек рыногында өзінің лайықты орнын табуға жағдай жасалуын ерекше атап өтті. Менің пайымымша, сапалы білімді беру үшін оған жақсы материалдық база қажет. Сонымен қатар, шәкірттерді білім өріне шығара алатын білікті ұстаздар керек. Астанада жобаланып, ашылайын деп жатқан халықаралық университетте әлемдегі озық тәжірибесі бар “Кэмбридж”, “Гарвард” сияқты белді университеттердің филиалдарын ашып, телекоммуникация, биотехнология, нанотехнология сияқты мамандықтарды игеруді қолға алу уақыт талабы дер едім. Бұл еліміздегі барлық жоғары білім ордалары арасында бәсекелестік орта қалыптастырады. Осылайша, яғни бәсекелестік орта орнату арқылы біз білім сапасын көтеруге қол жеткізе аламыз. Әсіресе, қазіргі ғылымды дамытуға да Елбасы ерекше назар аударуда. Соның барлығы да Астана қаласында жүзеге асқалы тұр. Қарағандыдан бір оқушы “2020, 2030 жылдары Астана қандай болады деп ойлайсыз”, деген сұрақ қойды. Он жылдың ішінде Астана әлем мойындаған Қазақстанның тұғырына айнала білді. Бұл – Қазақстан жастарына, мыңжыл­дық­қа жасалған үлкен болашақ. Әріден қозғар болсақ, елордамыз – Елбасының стра­те­гиялық жоспары. Бұл үлкен көреген­діктің ны­шанына айналып отыр. Бүкіл қазақстан­дықтар үшін жасалған кемел болашақ. Бұл күнде Астана жастардың талпынатын арман қаласына айналды. Білім саласында жастарды еркін ойлауға тәрбиелеу, оған барлық мүм­кіндік бар екендігі, интернетті пайдалану және мұғалім­дердің білімін тереңдетуге бағыттау – уақыт талабы. Жастардың ортасы, қоғамының өзі ерекше ғой. Әрбір оқушы интернетте отырып, мұғалімнің айтатынынан да мол ақпарат жинап алуы мүмкін деп, Елбасының мысал келтіруінің өзі көп жәйтті аңғартты. Сондықтан да білім саласына әр кезде де ерекше мән беріледі дегім келеді. Өйткені, Елбасы білім мен ғылым ел болашағының кепілі екенін жастарға үнемі айтып келеді. Мұндай ойды ұстаздарға да, тіпті бүкіл қазақстандықтарға да үнемі қайталап отыруы Отанымыздың ертеңін ойлағандық деп білемін. Осы ретте бәсекеге қабілетті ұстаз үлкен тұлға, өз елінің патриоты, ең бастысы – өз саласының білгір маманы болғаны жөн дер едім. Әрбір ұстаз өз шәкірттеріне Отанын сүюге, елін құрметтеуге, мәртебесін көтеруге бағытталған тәрбие беруі керек. Сонымен қатар, Елбасының достарына деген көзқарасы үлкен адамгершілік пен тұлғалықтың жақсы бір үлгісін көрсетті ғой деймін. Бұл да жастарға ой салатын тәлімдік дүние болды. Осылайша Елбасы әрбір сөзін салмақтап, негіздеп, әрбір сұраққа толымды жауап берді. Былтыр тікелей эфир интернет жүйесін толық пайдалануға жағдай туғызды. Соның арқасында мыңдаған азамат Мемлекет басшысы Нұрсұл­тан Назарбаевтың тұщымды жауабын тыңдауға мүмкіндік алды. Мұның өзі демократияның бір көрінісі. Өркениетті даму жолымыздағы тағы бір қол жеткізген ерекше табысымыз деп ой түюге негіз бар. Қылышбай БИСЕНОВ, Мәжіліс депутаты.