Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Қуаныш Сұлтановтың Словакия Сыртқы істер министрлігі саяси секциясының бас директоры Игорь Слободникпен кездесуінде Қазақстан мен Словакия қарым-қатынасын жандандыру, сондай-ақ парламентаралық деңгейдегі ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелері талқыланды.
Екіжақты қатынастарды одан әрі белсенділендірудің маңыздылығын атап өте келіп, Қ.Сұлтанов парламентаралық үнқатысуды одан әрі тереңдетуді жақтайтынын айтты.
Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету бағдарламасына қатысты сенатор оның Парламенттік Ассамблеясы 2010 жылы ЕҚЫҰ Саммитін өткізу жөніндегі еліміздің бастамаларын жүзеге асыруға күш салуы, ондағы негізгі тақырыптардың бірі Ауғанстандағы жағдай болуы тиіс екенін айтты. Қ.Сұлтанов сондай-ақ үстіміздегі жылғы мамыр айында Алматыда “ЕҚЫҰ-ның еуразиялық өлшемі” Трансазиялық парламентшілер жиыны өтетінін хабарлады.
И.Слободник Қазақстанның Орталық Азиядағы жетекші елдердің бірі ретіндегі жетістіктерін жоғары бағалай келіп, екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту жайында айтты. Дипломат сондай-ақ екіжақты қатынастарды нығайтудағы парламентаралық байланыстардың рөлін атап өтті, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының баспасөз қызметі.