13 Наурыз, 2010

ДӘТІ ҚАЛАЙ БАРДЫ ЕКЕН?

816 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Орал қаласының іргесіндегі “Речфлот” АҚ-тың кеме шаруашылығы аймағына таяу орман алқабында қорлап өлтіру белгілері бар белгісіз қыз баланың мәйіті табылды. Жалаңаш жатқан қыз денесінен оған жасалған қорлықты бірден аңғаруға болар еді. Сот-медициналық сараптама қо­рытындысы бойынша қыз бассүйегінің сынып, жаралануынан көз жұмған. Полиция қызметкерлері қыздың қала дәмханаларының бірінде болған отырыстан шығып, хабар-ошарсыз кеткен 1990 жылы туған Динара екенін анықтады. Іздестіру жұмыстарын жүргізген облыстық ішкі істер департаменті және Орал қалалық ІІБ криминалдық полициясы қызметкерлерінің екі апта бойғы еңбектерінің арқасында айуандықпен жасалған қылмыс ашылды. Оқиға болған түні араларындағы біреуінің туған күнін “Янтарь” дәмханасында тойлап, көрші үстелде отырған жігіттермен және дәмхана күзетшілерімен төбелесіп, сол жерден таңғы сағат 4-те мас күйлерінде жаңа “қызық” іздеп “Сабантой” дәмханасына аттанған Желаев және Зашаған ауылдарының бес тұрғыны ұсталды. Бестіктің “басшысы” – 20 жастағы жігіт Б.“Сабантой” дәмханасынан шығып келе жатқан Динараны көре сала, “бұл қыз – құрбан!” деген қатал шешімге келеді. Кейін Гагарин көшесіндегі “Октан” жанар-жағармай құю стансасының қасында кетіп бара жатқан қызды қуып жетіп, бойжеткенді өтіп бара жатқан таксистер мен олар­дың жолаушыларының көзінше соға бастайды. Қашып құтыл­ғысы келген еш қауқарсыз қыз сыртқы киімсіз қалады. Ақы­рында Динараны көлікке сүйреп мінгізіп алған мас жігіттер қала шетіндегі орман алқабына жол тартады. Жолда қыздан жыныстық қызмет етуін талап етіп, соққының астына алады. Бес жігіттің біреуі “Сабантой” дәмханасының қасында қалып қойып, тағы біреуі жолдастарының айуандық әре­кеттеріне, қызға көрсеткен қорлықтарына шыдай алмай, оқиға орнынан бой тасалайды. Қызды зорлағысы келген бұза­қылардың басшысы басқаларының көзін бақырайтып қойып, тас пен таяқты қару қылып, байғұс қызды өлтіріп тынады. Қыздың өлгеніне көзі жеткен қанішерлер ештеңе болмағандай үйлеріне оралып, жайбарақат өмір сүре берген. Алайда, батысқазақстандық полиция қызметкерлері тірнектеп жинаған айғақты дәлелдердің негізінде қылмысты ұйым­дас­тырып, адам өлтірген жігіт ұсталды. Қылмысқа бірге қатысқан оның 20 және 21 жастағы сыбайластары аса ауыр қылмысты бүркемелегені үшін жауапкершілікке тартылуда. Фатихолла МАШТАҚОВ, полиция полковнигі. Батыс Қазақстан облысы.