13 Наурыз, 2010

ӘСКЕРИ ӘУЛЕТ

888 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Ұлы Же­ңіс­ке 65жыл толар ме­рей­той қарс­а­ңында Отан со­ғысының ар­дагері, құр­­метті ақсақал Бірімжан Жарболовқа осы жолдарды арнап жазуды өзімнің ардақты борышым деп есептедім. Кейіпкеріміздің жолы – бүгінгі жас ұрпақ үшін үлкен үлгі-өнеге. Қанқұйлы со­ғыста Отан үшін от кешкен, бейбіт күнде де әскери саланы таңдап, ел қорғау ісіне елеулі үлес қосқан Бірекең секілді ақсақал­дарымыз алдында бас иіп өтуге тиіспіз. Ар­дагерлердің өмірі мен еңбек жолы туралы жастарға үнемі айтып, құлақтарына құя берсек, па­триотизмге, отансүйгіштікке тәр­биелеуге жалаң сөз емес, нақты мысал, үлгі болып, ықпал етер еді. Соғысқа барар алдында Бі­рім­жан аға он сегіз жасқа жаңа ғана толған еді. Міне, осы кезең­нен бастап Жарболовтар үшін офи­цер­лер әулетінің даңқты жолы бас­тал­ды. Кейіпкеріміз 1923 жылы Қы­зылорда облысы, Арал ауданында туған. Бірақ, оның балалық және жастық шағы отбасы қоныс аударған Ақтөбе облысында өтті. Соғыстың алғашқы айларында Ақтөбе коммуналдық-құрылыс техникумының бір топ студент­те­рімен бірге Бірімжан аға майданға жіберу туралы әскери комис­са­риат­қа өтініш жазды. Бірақ жас­тардың өтініші бұл жолы қанағат­тандырылмады. Дегенмен, араға біраз уақыт салып шақыру қағазы да келді. Сөйтіп, 1942 жылы нау­рызда Ұлы Отан соғысының болашақ ардагері Ф.Дзержинский атындағы 266-полктің 93-атқыш­тар дивизиясы құрамында соғысқа аттанды. Орта буындағы коман­дирлерді даярлау курсынан кейін кіші лейтенант Жарболовқа взвод­қа басшылық жасау тапсырылды. Жас командир қасында жүрген жас­тардың бірінен соң бірін жалмаған өлім алдындағы қорқы­нышты жеңіп, Отан алдында және жауынгер жолдастарының алдында берген антқа адал бола отырып, өзіне сеніп тапсырылған бөлім­шені ұрысқа бастай білді. 1943 жылғы күзде Бірімжан аға Калинин және Степной майдан­дарындағы қантөгіс ұрыстарда ауыр жарақат алғаннан кейін елге оралды. Бірақ бейбіт өмірде де ол әскери өмірді таңдады. Ол Таш­кент­тегі офицерлерді қайта даяр­лау курсын аяқтаған соң, Қы­зылорда облысы, Қазалы аудандық әскери комиссариатына бөлім бастығы болып келді. Осы лауа­зымнан басталған Бірімжан ағамыздың Қарулы Күштердегі қызметі 31 жылға созылды. Жұ­мысты адал атқаратын, ұжым­ды басқара алатын кәсіби тәжіри­бесі мен қабілеттілігінің арқасында әр жылдары Бірімжан Жарболов Ақмола облысының Қорғалжын, Сандықтау және Макин аудандық әскери комиссариаттарын басқар­ды. Ұзақ жылдар бойы еліміздің қорғаныс қабілеттілігін нығайтуға елеулі үлес қосты. Бүгінгі күні отставкадағы полковник Бірімжан Жарболов өс­ке­лең ұрпақты әскери-патриоттық тәрбиелеуге белсене қатысып, өмірде әскери қызметті таңдаған жастар үшін Отанға деген адал­дық­тың үлгісі болып отыр. “Қызыл жұлдыз”, І дәрежелі Отан соғысы ордендерінің  иегері Бірімжан Жарболов сүйікті бала­ла­рының, немерелері мен шө­берелерінің арасында жүріп, Ұлы Жеңістің 65 жылдығын күтуде. Осыдан жыл бұрын Мемлекет бас­шы­сының қамқорлығы арқа­сында Бірімжан ата 35 қазақ­стан­дық­тың қатарында Мәскеудегі Же­ңістің 60 жылдығына арналған Қы­зыл алаңдағы әскери шеруге қа­тысты. Жауынгер жолдас­та­ры­мен кездесіп, сұрапыл соғыста қаза тапқан майдандастарын еске алды. Ұлы Жеңіске қосқан үлесі және Отан игілігіне арналған көп жыл­дық қызметімен қатар Бірім­жан Жарболовтың жетістігі деп оның балаларын айтар едім. Үрім апай екеуі екі ұл және екі қыз ба­ланы тәрбиеледі. Әліби мен Әли­хан әскери қызметті таңдап, әке­сінің жолын қуып офицер болды. Үлкен ұлы Әліби Жарболов В.И.Ленин атындағы Ташкент жоғары жалпы әскерлік коман­да­лық училищесінің түлегі, әр жылдары Қарағанды облысының Шет аудандық, Жезқазған облы­сы­ның Жезді аудандық әскери комиссариаттарын басқарды. Өкінішке орай, ғұмыры қысқа болып, 32 жа­­сында өмірден озды. Семей ядролық полигонындағы қызметі денсаулығына кері әсер еткен еді. Тағдыр солай жазған шығар, талантты офицер өмірінің жанып тұрған шағында қыршын кетті. Кіші ұлы Әлихан Жарболов – И.С.Конев атындағы Алматы жо­ғары жалпы әскерлік командалық училищені және Мәскеу қала­сындағы М.В.Фрунзе атындағы Әскери академияны үздік бітірді. Ол – еліміздің Қарулы Күштерін құру және қалыптастыру ісіне белсене қатысқан офицерлердің бірі. Әр жылдары мотоатқыштар және танк дивизияларына бас­шылық жасады, армия кор­пу­сы­ның командирі болды. 1996-1997 жылдары Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары-Бас штаб бастығы лауазымында қызмет атқарды. 2000-2002 жылдары “Оңтүстік” өңірлік қолбасшы­лықты басқарды. 2002 жылы өзінің оқыған жері – Құрлық әскер­ле­рінің Әскери институтына бастық болып тағайындалды. Дип­ло­ма­тиялық жұмыста да қызмет ат­қар­ды. Қатардағы жауынгерден гене­ралға дейін өскен Әлихан Жарболов қазір “Оңтүстік” өңірлік қолбасшылықтың қолбасшысы болып отыр. Жарболовтар әулетінің үшінші буын өкілдері өмірден өткен әкесінің орнын басты десек артық емес. Әлібидің қызы – Нұргүл Қорғаныс министрлігінде қызмет атқарып жүр. Капитан. Ұлы – майор Нұрхан Жарболов Қазақ­стан Республикасы Әскери ака­де­мия­­сының түлегі, бүгінгі күні респуб­ликалық Ұлан қатарында қызмет атқарып, батальон коман­дирінің орынбасары лауазымында әскери қызметшілердің жауын­герлік даярлығын жетілдіруге өзінің үлесін қосуда. Біз, бейбітшілік пен келісімде өмір сүріп жатқан ұрпақпыз. Сіз­дердің істеріңіз бізге үлгі, қым­батты ардагерлер! Абай ТАСБОЛАТОВ, генерал-лейтенант, республикалық Ұлан қолбасшысы. Астана.