16 Наурыз, 2010

СЕНІМ САЛМАҒЫН СЕЗІНЕМІЗ

735 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Мен студентпін. Енді бірнеше айдан соң қолыма Еуразия Ұлттық университетінің дипломын алып, елімізді өркендету жолындағы қызу еңбекке білек сыбана араласып, халқымыз артқан сенімнің үдесінен шығамын деген үмітім бар. Іргелі білім ордасында дәріс алумен бірге, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев­тың жыл сайынғы Қазақстан хал­қы­на жолдауларын тыңдап, зерде­леуге тырысамын. Тарихты былай қойғанда, тәуелсіздік туын тігіп, еңсемізді тіктеген аз ғана уақыттың ішінде аңызға бергісіз ерліктер жа­са­ған халқымыз өзгелерге елдіктің озық үлгісін көрсетіп келеді.Осы орайда ел Президентінің болашаққа бағдар беретін жыл сайынғы жол­дауы­ның орнын ерекше атап көр­сеткен жөн. Елбасы жол­дау­ларынан еліміз қол жеткізген же­­тістіктерге қанығамыз. Мақ­та­ну­ға, масаттануға лайық дүниелер, бір­ақ қол жеткенге мастану – тоқырауға әкелетінін ұмытпауымыз қажет. Бұл – әр жолдаудың логикалық ой желісі секілді, онда ел жұртшылығы асыға күтетін жақсылық хабарлар, ертеңгі күннің жұмыс жоспары жа­рия етіледі. Мемлекетіміздің әлем­дік қауымдастық алдындағы беде­лі­нің өсуін, болашағымыздың жар­қын болуын көздейтін тұтас бір ке­шенді шаралар көрсетіледі. Елбасы жүргізген сарабдал сая­сат­тың арқасында көптеген мем­лекеттер экономикасының іргесін шайқап өткен әлемдік қаржылық дағ­дарыстың салқынын сезінбей, толыққанды индустриялық дамуға аяқ баспақпыз. “Бизнестің 2020 жыл­ға дейінгі жол картасы” да – та­бысты іске асырылған “Жол кар­та­сы” бағдарламасының ұтымды жал­ғасы іспеттес боларына сеніміміз мол. Сонымен де бірге, Елбасы­мыз­дың жастарға артқан сенімінің сал­мағын сезіне отырып, мемлекеті­міз­дің мерейі үстем, мәртебесі биік болуы үшін  аянбай еңбек етеміз десем, елжанды жастардың сөзімді қуаттайтындығына сенемін. “Балам дейтін ел болмаса, елім дейтін ұл ту­мас”, – деген ғой. Ендеше, қа­зір­гі кезде жас мамандарды қолдау­ға байланысты ауқымды шаралар жүргізілсе, кешегі Жолдауда сәуір айынан бастап студенттік ақының 25 пайызға өсетіндігі айтылды. Жас буынға жасалған қолдау мен қам­қорлық үшін шексіз алғысымызды білдіріп, ел Президенті Нұрсұлтан Әбішұлына барша Қазақстан жастарының атынан мемлекетіміз жүргізіп отырған саясатты қолдай­тындығымызды жеткізгім келеді. Салтанат ҚУАНЫШБАЕВА, ЕҰУ студенті. Астана.